9.11.2023, 11:30
Оқылды: 0

Тасқалада жаңа әкім тағайындалды

Қарашаның бесі күні Тасқала ауданы әкімінің сайлауы өтіп, халық таңдауын жасады. Саяси науқанда үш кандидат өзінің бағын сынады.

актив (2)

Сайлау қорытындысында Тасқала аудандық аумақтық сайлау комиссиясының шешіміне сәйкес Тасқала ауданының әкімі болып Талғат Асқарұлы Шакиров сайланды. Осы орайда аудан әкімдігінде актив отырысы өтті.

Жиынға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Нұрмақов, округ әкімдері мен мекеме басшылары қатысты.

актив (1)

Алдымен Асқар Нұрмақов жаңадан сайланған әкімге куәлік табыстады. Одан әрі сөз алған Нариман Төреғалиұлы жаңадан сайланған әкімді құттықтап, қызметіне табыс тіледі.

 Айтып өтсек, Талғат Асқарұлы 1973 жылдың 26 тамызы күні II Шежін ауылында дүниеге келген. 1980-1990 жылдары Шежін орта мектебінде білім алып, 1998 жылы Алматы қаласындағы Қазақ дене тәрбиелеу мәдениеті институтының «Дене шынықтыру» факультетін дене тәрбиелеу мәдениетінің оқытушысы, спорт жаттықтырушысы мамандығы бойынша бітірген.

Алғашқы еңбек жолын 1997 жылдың тамыз айында Шежін орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастаған.

2006 жылдың қараша айында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде футбол жаттықтырушы болып еңбек жолын жалғастырған.

2007 жылдың желтоқсанынан бастап Амангелді ауылындағы Амангелді орта мектеп-бөбекжай балалабақшасының директоры, 2012 жылдың қарашасынан бастап Ы. Алтынсарин атындағы мектептің директоры болып қызмет етті.

2013 жылдың тамызында туған жері II Шежінге ауыл әкімі болып тағайындалады.

2019 жылдың ақпанынан бастап Тасқала аудандық білім бөлімінің басшысы, 2019 жылдың қазан айынан 2020 жылдың қазаны аралығында Тасқала ауданы әкімі аппаратының басшысы лауазымын атқарды.

2020 жылдың 15 қазанынан бері Тасқала ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болды.

Болат Бек,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале