5.05.2021, 16:41
Оқылды: 77

Тасқаладағы Ақбұлақ бөгетіне балық шабақтары жіберілді

Жуырда Тасқала ауданына қарасты Ақтау ауылдық округіндегі Ақбұлақ бөгетіне 2500 балық шабағы жіберілді. Игілікті іс «Жұмалы» шаруа қожалығының төрағасы Михаил Марченконың демеушілігімен жүзеге асты.

7B69D77E-C09F-4E69-A332-98A42D4395ED

– Аудан көлемінде мал шаруашылығын кең ауқымда дамыту жоспары бар. Былтыр су тапшылығын көрдік. Сол мақсатпен аудан көлемінде 7 бөгет жөнделді. Ауыл тұрғындары үшін су ұстайтын бөгеттер өте маңызды. Қазір бөгеттердің бәрі суға толды. Жақында Мерей ауылының үш бөгетіне 16 мың балық шабақтары жіберілді. Бүгін бұл іс Ақтауда жалғасын тауып отыр. Бұл бөгеттің қайта қалпына келтіру жұмыстары жергілікті тұрғындардың сұрауы бойынша, тікелей облыс әкімі Ғали Есқалиевтің қолдауымен жүзеге асты. Биыл осы бөгет арқылы ауылға техникалық су тарта бастаймыз. Бұл әр аулада бау-бақша отырғызуға жол ашады. Сонымен бірге бөгет басы ауыл тұрғындары үшін демалыс орнына айналса екен дейміз. Су болған соң, басына түрлі ағаш отырғызып, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Осы айтылған жұмыстар барлық елді мекендерде де жалғасын табады, – дейді аудан әкімі Алдияр Халелов.

501A6B03-5D35-42DB-8635-9C880D08965E

Балық жіберу сәтін тамашалаған ақтаулықтардың көкейлеріне қуаныш ұялады. Алдағы уақытта бөгеттің балығынан дәм тататын да осы ауылдың тұрғындары.

– Бүгін қуанышты күн. Бірнеше жылдар бойы жөндеу көрмеген бөгетіміз қайтадан суға толды. Су бар жерде өмір бар. Ең бастысы, малымызға жақсы болды. Осындай ауқымды іске атсалысқан барша азаматтарға алғыс айтып, рақметімізді жаудырамыз. Қазіргі таңда суға балық әкеліп, қуантып жатқан жағдайы бар. Балықтар көбейіп, ауылдың игілігіне жараса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді ауыл тұрғыны, зейнеткер Өмірзақ Сұлтанғалиев.

Ендеше, бірер жылдан кейін Ақтау бөгеті Қазтуған жырау айтқандай, «Балығы тайдай тулаған, басқасы қойдай шулаған» шұрайлы мекенге айналады деп сенеміз.

Болатбек Сапарғалиев,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале