4.06.2021, 14:36
Оқылды: 107

Тасқалалық ардагер 70 жасқа толды

«Қарты бар ел – қазыналы ел» деген сөз бекер айтылмаса керек. Тасқала аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балыков 70 жасқа толды. Осыған орай аудан әкімдігінің ғимаратында кездесу өтті.

 Ж (4)

Жәрдемғали Әбілғалиұлы 1951 жылдың 31 мамырында бұрынғы Орал облысы Камен ауданының Қайрат ауылында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолы 1976 жылы Камен ауданында бастады.

Ауданда алғашқылардың бірі болып бұқаралық спортты дамытуға бағытталған үлкен іс-шараларды ұйымдастырды. Сол жылдары облыс бойынша аудандар арасында бірінші рет Денсаулық күні өткізілді. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде ауданда бұқаралық спортпен шұғылданатындар саны артты.

Ж (3)

Аталмыш шараға аудан әкімі Алдияр Халелов, Батыс Қазақстан ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген, «Мемлекеттік, банк қызметкерлері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасы Серік Сүлейменов, ауыл әкімдері, мекеме, бөлім басшылары қатысты.

Кездесуде алғаш боп құттықтау сөз алған аудан басшысы Алдияр Сансызбайұлы мерейтой иесін құттықтады.

Ж (2)

– Құрметті тасқалалықтар, бүгін ерекше кездесу. Бүгінгі кездесу Жәрдемғали Әбілғалиұлының 70 жасқа толуына орай ұйымдастырылып отыр. Бұл азаматты бәріңіз де білесіздер. Осы ауданға еңбек сіңірген, осы елдің сыйлы азаматы екені бәрімізге мәлім. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, әрдайым ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға араласып жүреді. Өзінің ақылы, тәжірибесімен бөліседі. Жәрдемғали Әбілғалиұлы, сізді 70 жасқа толған мерейлі тойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. Көптеген жылдар бойы ауданда әр түрлі салада жұмыс атқардыңыз. Сізге зор денсаулық, қажымас қайрат тілеймін, - деді ол өз сөзінде.

Аудан басшысы алғысхат беріп, тасқалалықтар атынан шапан жауып, бағалы сыйлық табыстады.

Кейін сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген өз тілегін жеткізді. Ол шара барысында мерейтой иесіне ардагерлер қозғалысына белсенді қатысқаны үшін республикалық ардагерлер ұйымы төрағасы Б.Ізмағанбетовтің атынан «Құрмет» төсбелгісі мен алғыс хат табыстады. Өз атынан шапан жауып, 70 жасқа толу мерейтойымен құттықтай отырып, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, баянды бақыт, отбасына амандық, еңбегіне сәттілік тілейтінін айтты.

Ж (1)

Одан кейін «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының төрағасы Серік Сүлейменов құттықтап, кәсіподақ қозғалысына белсенді үлес қосқаны үшін «Кәсіподақ қайраткері» төсбелгісімен марапаттады. Айта кетейік, бұл – аудандағы екінші төсбелгі. Мұндай төсбелгі аудан әкімі А.Халелов те бар. Сонымен қатар «Ақжайық» шипажайына жолдама ұсынылды.

Өз кезегінде Жәрдемғали Әбілғалиұлы барша құттықтаушыларға алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

 

Болатбек Сапарғалиев,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале