4.06.2021, 11:39
Оқылды: 93

Тасқалалық жас ақын бас жүлдеге ие болды

Жуырда Алматы қаласындағы «ТілеуҚабақ» әлеуметтік бастамалар және қолдау» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен ақын, қоғам жанашыры Сансызбай Құттықбайұлының шығармашылығын насихаттау мақсатында республикалық «Шабыт өрені» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті.

 Ақбота (1)

Осынау мүшәйраға жас ақын Меңдібек Нұрболатұлы жетекшілік ететін ауданның мектептен тыс жұмыс орталығының «Жас әдебиетші» үйірмесінің мүшесі Ақбота Орынбай қатысып, бас жүлдеге ие болды. Республиканың әр қиырынан 400-ден аса жас ақындар қатысқан додада жерлесіміз жеңіс тұғырынан көрінді. Мүшәйраның алғашқы бөлімінде ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыса, соңғы бөлімде Ақботаның «Туған жер» тақырыбындағы өлеңі жоғары бағаға ие болды. Осынау өлең-жырға ынтық шәкірттер іріктелген жыр додасына Ғалым Жайлыбай, Алмат Исаділ, Бейбіт Сарыбай сынды танымал ақындар қазылық жасап, жерлесіміздің өнеріне оң бағасын берді. Бұл Ақботаның алғашқы жеңісі емес, бұған дейін де бірнеше мәрте әдеби бағытта өткен байқаулардың жеңімпазы болған еді. Мүшәйра ережесіне сәйкес Ақботаға 200 000 теңге қаржылай сыйлық пен ақынның отбасы атынан ұялы телефон табыс етілді.

Қ.Сәтбаев атындағы мектептің 10-сынып оқушысы, жас ақынның жеңісіне қуана отырып, келешекте де талай белесті бағындырарына сенім мол.

 

«Екпін»,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале