4.02.2020, 22:00
Оқылды: 32

Тасқалалықтар облыс әкіміне мәселелерін жеткізді

Тасқала ауданының әкімі Алдияр Халеловтың халық алдындағы есептік жиынында жарыссөзге қатысқан Шежін ауылының тұрғыны Азиза Ибагелдина орта мектептің жанынан интернат ашу жөнінде мәселе көтерсе, ақтаулық еңбек ардагері Нұр Киматов мал басының азайып кеткенін тілге тиек ете келіп, бос жерлерді қайтару және суды сақтап қалу үшін ауыл орталығындағы бөгетке жөндеу жұмыстарының керек екенін атап өтті.

taskala (21)

Сондай-ақ балалардың алаңсыз білім алуы үшін мектепке күрделі жөндеу қажет деді. Ал Қазақстан ауылдық округі тұрғындарының атынан сөз алған зейнеткер Мәншүк Бисенғалиева ауданда жаңа жобалардың қолға алынып, оның көркейіп келе жатқаны қуантатынын жеткізді. Бірақ атамекендіктер үшін көптен бері күрмеуі шешілмеген жол мәселесін облыс әкіміне жеткізді.

taskala (11)
Жиында жарыссөзге қатысқандар аудан әкімінің жыл бойы атқарған есебіне оң бағасын берді. Одан әрі сөз алған облыс әкімі Ғали Есқалиев жоғарыда көтерілген ұсыныс-пікірлер мен қойылған сауалдарға жауап берді.
- Құрметті, тасқалалықтар. Өздеріңізбен биыл бірінші рет ресми түрде кездесіп тұрмын. Жаңа жыл құтты әрі берекелі жыл болсын. Тасқала ауданы өңіріміз бойынша ірі аудандардың қатарында. Өңіріміздің тірегі десек те болады. Былтырдан бері бұл ауданда көптеген игі шаралар атқарылып, жұмыстар жасалып келеді. Ол туралы аудан басшысы жаңа өзінің баяндамасында айтты. Жалпы қандай жақсылықтар болып жатқанын айту керек, оны халық білу керек. Аудандарды аралап келе жатып, біраз шаруаларға біздің де көзіміз жетті. Сіздің ауданда мықты деген кәсіпкерлер баршылық. Олар елге қолдан келер көмектерін аямасы анық. Өзге аудандардағыдай Тасқалада да айтарлықтай мәселелер бар. Ол жаңа өзіңіз айтып өткендей, кадр мәселесі. Бұл жұмыспен аудан әкімдігі айналысу қажет. Жұмыссыз жүрген жастар қала мен ауыл-аймақта баршылық. Сондықтан оларға мүмкіндігінше жағдай жасап, жұмыс орындарын ұсыну керек. Сондай-ақ бос жатқан жерлер мен бөгетті жөндеу мәселесін көтеріп отырсыздар. Дұрыс айтасыздар, суды сақтау, бос жатқан жерлерді пайдалану маңызды. Әсіресе, жұмыс жасаймын деген азаматтарға бос жерлерді беріп, оларды жұмысқа тарту қажет. Осыған дейін де басқа аудандармен өзара келіскен болатынбыз. Сіз қазір бөгеттерді жөндеуге қаржылай көмек көрсетуді сұрап отырсыз. Егер облыс тарапынан техника мен қаржы бөлінсін десеңіз, сіздің тараптан бізге атқарылатын жұмыстың нақты жоспары мен жобасы керек болады. Мектеп, жол, аурухана секілді нысандарға жөндеу жұмыстары қажет екендігін айтып өттіңіздер. Алайда мемлекеттің көмегін көріп жатырмыз. Ол үшін ауданның салығы көбеюі қажет. Өткен жылы аудан салығы шағын бизнестен 52 млн. теңге құраған екен. Биыл ол көрсеткіш ұлғайса халық үшін жақсы болар еді. Ақтау мектебінің жөндеу жұмысына Алдияр Сансызбайұлының айтуынша 200 млн. теңге көлемінде қаржы қажет екен. Бұл жұмысты жақын арада шешіле қояды деп уәде бермеймін. Бірақ алдағы уақытта осы салаға жауапты орынбасарым мен сала мамандарын жіберейін, барып мән-жәймен таныссын,-деп сөзін түйіндеген облыс әкімі Ғали Есқалиев аудан әкімінің есептік кездесуіне келген жұртшылыққа алғысын білдірді.
Аталмыш жиыннан кейін облыс әкімі Ғали Есқалиев тұрғындарды жеке қабылдады.

Тасқала ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале