16.04.2026, 16:15
Оқылды: 11

Тасқұдық ауылындағы жас маман

PHOTO-2026-04-16-11-05-44Дипломмен

Бүгінде елімізде ауылдарды сақтап қалу мақсатында «Дипломмен – ауылға», «Қаладан – ауылға» секілді түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар жас мамандарға ауылдық жерлерде еңбек етуге мүмкіндік беріп, жұмыспен қамтуға жол ашуда. Дегенмен, диплом алған жастардың бәрі бірдей ауылға баруға асыға қоймайтыны да жасырын емес. Көптеген жас отбасылар қала тіршілігін таңдайды. “Жайлылық зонасынан” ешкімнің шыққысы жоқ. 

Осындай кезеңде туған ауылына немесе шалғай елді мекенге барып, қызмет етуді таңдаған жастарды көргенде еріксіз қуанасың. Ал мүлде бейтаныс ауылға барып, еңбек жолын бастаған мамандарды нағыз ерлік иесі деуге болады.

Солардың бірі – Елтай ауылдық округіне қарасты Тасқұдық мектеп-балабақша кешенінің бастауыш сынып мұғалімі Диана Сатанова.

Диана Сансызбайқызы 2020 жылы Ж. Досмұхамедова атындағы жалпы білім беретін орта мектепті тәмамдап, 2020–2023 жылдары Орал қаласындағы Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінде бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша білім алды. Кейін 2023–2025 жылдары Батыс Қазақстан инновациялық технологиялық университетінде оқуын жалғастырып, кәсіби біліктілігін арттырды.

Жас маманның айтуынша, ол Тасқұдық ауылында бұрын соңды болып көрмеген, тіпті таныс-туғаны  да жоқ екен. Тәуекел ғана серігі. Еңбек жолын бастағанда оның қолында тек дипломы мен мамандығына деген адалдығы ғана болды.

Мұғалім болуға деген арманның жолы оны Тасқұдыққа әкелді, Диана ол үшін қуанышты. 

Алайда аз уақыт ішінде Диана өзін білікті ұстаз ретінде дәлелдеп үлгерді. Ол түрлі кәсіби байқауларда жүлделі орындарға ие болып, директордың ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары лауазымын да атқарған кездері бар. 

Мектепішілік «Сабақтастық шеңбері» апталығында тәжірибесімен бөлісіп, жас педагогтерге арналған «Жаңа дәуірдің жастары» хакатонына қатысып, аудандық семинар-практикумдарда өз іс-тәжірибесін танытты. Сонымен қатар, республикалық «Алтын тұғыр» математикалық олимпиадасының аудандық кезеңдерінде ІІ және ІІІ орындарды иеленіп, «Зерделі ұстаз» облыстық олимпиадасында І орын жеңіп алды. Білім беру саласына қосқан үлесі үшін «Бастауыш білім беру шебері» атағына ие болып, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясындағы аудандық QUIZ-семинарында да І орыннан көрінді.

Ауыл мектебі - білім саласының “ыстық пеші”. Диана да “осы пештен” пісіп, жетіліп шығары сөзсіз. 

Қ. Жеңісұлы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале