4.12.2023, 14:30
Оқылды: 13

«Тасмола сақасы – 2023» ашық турнирі өтті

Шыңғырлау ауданында асық атудан «Тасмола сақасы – 2023» ашық турнир өтті.

TDIF1126

Жекелей сында өткізілген жарысқа ауыл, аудандар мен көршілес облыстардан 50-ден астам қатысушы келіп бақ сынады. Құрылған киіз үй, ойыншылар мен қонақтарға арналып дайындалған ұлттық тағамдар, жүлделі орындарға тігілген ақшалай, бағалы сыйлықтар, барлығы турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көрсетеді. Ақбұлақ ауылдық округінің спорт әдіскері Мейірман Мендалиев ұйымдастырған турнирге Тасмола ауылының азаматтары Бекболат Есенов, Амангелді Аймурзиев, Қанат Менжанов, Серіккали Байбулатов демеушілік еткен.

UZVZ9663

Жарыстың ашылу салтанатында Шыңғырлау спорт клубы директорының орынбасары А.Айталиев, БҚО асық ату спортының аға жаттықтырушысы Е.Утегалиев құттықтау сөз сөйледі.

Тыл және еңбек ардагері Мұханбетнағым Баймағамбетов ақсақал ақ батасын беріп, спортшыларға сәттілік тіледі. Турнирде бақ сынаушылардың реттік нөмірлері жеребе тарту арқылы анықталды.

EFFC0010

Тартысты доданың нәтижесінде 18-39 жас аралығындағы қатысушылар арасынан үздік деп танылған Ақтөбе қаласының спортшысы Аян Амантаев I, жерлесіміз Нұрлан Бижанов ІІ, Атырау қаласы Қызылқоға ауданының намысын қорғаған Парасат Еменов жүлделі ІІІ орынды иеленді.

40 жастан асқан спортшылар арасынан суырылып шыққан Бөрлі ауданынан келген Ержан Өтеғалиев І, Атырау қаласы Қызылқоға ауданының тумасы Жарасхан Ізімқұлов ІІ, Теректі ауданы атынан сынға түскен Мейрамбек Сарсалиев ІІІ орынға ие болды. «Сұрмерген» номинациясын Ақтөбе қаласының спортшысы Саят Бақытжанұлы және Ақжайықтан келген Қуаныш Телағысов алды.

GNWU1859

Жеңіс тұғырынан көрінге ойыншыларға диплом, медаль, кубок және қатар ақшалай сыйлықтар табысталды.

 

Гүлжазира Асу,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале