20.12.2020, 10:20
Оқылды: 641

Тәуелсіздік – тәңірден келген тәтті сый

Тәуелсіздік – ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы аңсаған арманы, ұрпақтың қолы жеткен ең басты құндылығы.  Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі табаны күректей 29  жыл толып отыр. Иә, тарих үшін өте аз уақыт саналғанымен, біздер үшін үлкен жетістік. Осы жылдар аралығында шекарамызды бекітіп, елтаңбамыз бен туымызды, бойымызға рух сыйлайтын әнұранымызды да айқындап алдық. Өз алдымызға дербес мемлекетпіз. Бабаларымыздың бастарын бәйгеге тігіп, аналарымыздың жанарына жас алдырып, еңбектеген сәбиден еңкейген қарияға дейін тілеген тәуелсіздіктің қадірін біліп, астарына үңіле білуіміз керек. Тәуелсіздіктің арқасында бағындырған белестеріміз баршылық, алар асуларымыз әлі алда. Мәртебелі мейрамда ауданымызда әр салада қызмет етіп жүрген, өзіндік көзқарасы бар жандардың ойларын білген едік. Тәуелсіздік туралы айтқандарын қалың оқырманға ұсынуды жөн көрдік.

 ттт

Дилназ ДИДАРҚЫЗЫ,

газеттің штаттан тыс тілшісі:

  - Еліміз азаттығына ие болып, жаңа заманға қадам басқанда дүниенің бір бұрышында қазақ деген халықтың барын әлем таныды. Бейбіт заманның бізге оңай жетпегеніне тарих – куә, жылдар – дәлел. «Тәуелсіздік»  деген сөздің де түп-тамырына терең үнілер болсақ, ол – кешегі тар заманның тауқыметі, ақ жаулықты ананың көз жасы, бесіктегі бейкүнә сәбидің тілегі еді. Егер де біз зұлмат жылдарға сол заманның көзімен қарайтын болсақ, түлкі бұлаң тарих жазбаған ерлікті талай кездестірер едік. «Тар қолтықтан оқ тисе, тартып алар қарындас»  деген жолдардың өзінен қазақ топырағы жаужүрек ерлерге ғана емес, батыр қыздарға да бай болғанын байқаймыз. Ханның басы қанжығада қалып, қапыда кеткен батырларымыз  азаттық үшін ұрыс салды, ұрпағы үшін жанын берді. «Тәуелсіздік!» деген ақжолтай хабарды алғаш естіген де, жанарда ойнамаған жас, жүректе ерімеген мұз қалмады. Ал, біз жарқын күндердің куәгерлеріміз! Тәуелсіздігіміз – кешегі ғасырдың ұлы аманаты. Аманатқа адал болайық дегім келеді...

Аманжол НҰРБОЛАТҰЛЫ,

Тәуелсіздік құрдасы:

- Күнтізбемізде қызыл түспен боялып, әр жылы тойланар айтулы мерекеміздің бірі – тәуелсіздік. Сонау сұрапыл жылдардан сый боп жеткен бейбітшіліктің  біз үшін құны қымбат, мәртебесі жоғары. 1991 жылы еліміз етек жеңін жиып, тәуелсіздік жас сәбидей тәй-тәй басқан жылдары біз де қатарласа дүниеге келдік. Мен тәуелсіздіктің бірден-бір құрдасы ретінде мойнымда биік мәртебе мен ауыр жүктің барын сезінемін. Желтоқсанда жалт еткен жастарымыз, өрімдей өмірлерін қиып, тәуелсіздік жолында құрбан болғанда олардың жүректерінде елге деген махаббат жалындап тұрған еді. Біз де сол отты, сол жалынды өшірмеуге тиістіміз. Еліміз тарихта атын мәңгі қалдырып, тәуелсіздік туы жығылмас үшін қашан да жанымызды құрбан етуге әзірміз!

Қазағым, көндің талай азапқа да,

Ғазалың айналып ед мазаққа да.

Мәңгілік жасайтұғын еш нәрсе жоқ,

Мәңгілік жасайтұғын қазақ ғана!

Жанна ҚАЙСАРҚЫЗЫ,

аудандық тарихи-өлкетану музей экскурсоводы:

- Міне, биыл қазақ елі тәңірі берген Тәуелсіздігінің, арайлы азаттығының жиырма тоғызыншы жылына қадам басып отыр.Өткенімізге көз салсақ, сүрлеуі мол соқпақтармен, ой-шұңқыры, қауіп-қатері көп көпірлерден де өтіппіз. Еңбектеген баладан еңкейген қарияларға дейін ел еңсесін көтерген бұл күн баршамызға бағалы, мән-мазмұны терең мейрам. Тереземіз теңесті, көк туымыз көкте желбіреді. Шаңырағымызды шаттық биледі. Бұл күн – бізгетөгілген тер, қайрат пен күш-жігердің арқасында келді. Елбасымыз сонау 1991 жылдың 16 желтоқсанын «Тәуелсіздік күні» деп жариялағанда алып дала төсін сағыныш араласқан қуаныш һәм шаттық кернеген еді.

Осындай қан мен тердің, ерік пен жігердің арқасында жеткен тәуелсіздігімізді сіз бенен біз көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Иә, бабалардың аңсаған арманы да осы – ел егемендігі, ұрпақ келешегі.

Түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бастау алатын «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы бағзы заманнан бері қаншама өзінің іргелі ел, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны – еркіндік сүйгіштік жігерінің, асқақ рухының арқасы. Тәуелсіздік үшін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін қорғаған бабалар рухынан қуат алған ызғарлы Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының қасіреті де, қасиеті де жетерлік тарихына айналды. Иә, Желтоқсан оқиғасы қаншама ызғарлы естілсе де, жанымызға нұр септі. Желтоқсан жаңғырығы бізге Тәуелсіздіктің таңын әкелді.

Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет атанған Қазақстан қаншама қиындықтарға жолықса да тастай берік төзімділіктің арқасында, жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген үмітін мойындатты… Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ұлан-ғайыр атамекен жеріміз, отарлық жоя алмаған тіліміз, мәдениетіміз тек қана қазақтың рухының күштілігімен сақталды.

Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік. Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік мұраттарға қол жеткізді.Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Біз бүгінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы.

Жомарт ЛҰҚПАНОВ,

аудандық мешіттің бас имамы:

- Тәуелсіздік еліміздегі ең басты мейрамдардың бірі. Бұл мейрамның мәні – үлкен, маңызы – зор. Тәуелсіздіктің ең үлкен артықшылығы – еліміздің еңсесін тіктеуі, дініміздің өркендеуі дер едім. Осы тәуелсіздігіміздің арқасында еліміздің барлық аймағында жаңадан мешіттер ашылып, медреселер өз жұмысын жасауда. Дін ислам өркен жайып, 5 мезгіл намаздың азандары еліміздің түкпір-түкпірінде шақырылып жатыр. Бұл да болса Алла тағаланың бізге берген нығметі. Тәуелсіздігіміз баянды болсын! Еліміздің болашағы жарқын болғай!

 

Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале