14.12.2021, 15:16
Оқылды: 168

Тәуелсіздікке арналған мүшәйра

Жуырда Жаңақала мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері Салтанат Жанғалиқызы мен Жанна Аманғалиқызының ұйымдастыруымен Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – теңдесі жоқ байлығым» атты 5-10 сынып оқушылары арасында жас ақындар мүшәйрасы өтті.

Тәуселсіздікке арналған мүшәйра

Жыр сайысының мақсаты – жан-жақты, шығармашылық, ақындық қабілеті жоғары, іскер, өздік ойлау жүйесі дамыған, талантты жанды қалыптастыр және ақындыққа бейім балалармен жүйелі жұмыс ұйымдастыру. Шара жерлес жас ақынымыз, республикалық «Ақжелкен» балалар және жасөспірімдер журналының жауапты хатшысы Аслан Тілегеннің «Тәуелсіздіктің 30 белесі» атты тәрбие сағатына арналған жылнамасымен басталды. Жыр бәйгесіне әр сыныптан 16 оқушы қатысты. Оқушылар мүшәйра ережесіне сай екі кезең бойынша бақ сынады. Бірінші кезеңде Тәуелсіздікке арналған өз өлеңдерін оқыса, екінші кезеңде берілген ұйқасқа өлең құрады.

Өлең өлкесіне алғаш қанат қағып, өз шығармасын ортаға салған оқушыларды аудандық «Жаңарған өңір» қоғамдық-саяси газетінің директор-редакторы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Жанайдар Болатбекұлы, Жаңақала мектеп-гимназиясының түлегі, Д.Нұрпейісова атындағы ЖОББМ қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, ақын Азамат Бақиев, Жаңақала ЖОББМ қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, жазба әрі айтыскер ақын Данияр Нысанғалиев бағалады.

Шара барысында оқушылар қазылар алқасындағы ақын ағаларына сұрақ қойып, өлеңдерін де тыңдады.

Жыр бәйгесінің қорытындысында бас жүлдені 10-сынып оқушысы Меруерт Өмірғалиева жеңіп алды. Пән мұғалімі әрі жетекшісі Еркежан Қаратаева.

Қалған барлық қатысушылар белсене қатысқаны үшін алғысхатпен және сыйлықтармен марапатталды.

Шара соңы Қуандық Рақымның «Мен қазақпын» өлеңімен тәмамдалды.

 Жарас Садық,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале