27.10.2021, 12:00
Оқылды: 104

Тәуелсіздіктің төл құрдасы атанған мектеп

Ақсай қаласының №4 жалпы орта білім беретін мектебі 1991 жылы  желтоқсан айында ашылды. Тәуелсіздіктің төл құрдасы атанған мектебімізге биыл 30 жыл. Алғашқы мектеп директоры - Джумагулов Марат Рамазанович, СССР  Ағарту ісінің үздігі.

5

Қазіргі уақытта жас та болса терең танымымен, тынымсыз тірлігімен тың серпіліс танытып үлгерген Кенжегарин Ерболат Мержанович мектеп директоры  қызметін атқарып келеді.

2020-2021 оқу жылында мектептің материалдық базасы нығайтылып,    күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы саны 53 оқу кабинеті, акт залы, 2 «Өзін-өзі тану» кабинеті, 1 шеберхана, 2 информатика кабинеті, 1 IT кабинет, 2 биология, 2 химия, 2 физика кабинеттері, 2 спортзал, хореография залы, тир, 1 Алғашқы әскери дайындық, 1 мектеп мұражайы, 150 орындық асхана жұмыс жасайды. Мектептегі оқушылардың рухани дүниесін байытуға ұйытқы болып отырған кітапхана жұмысы да жақсы жолған қойылған. Онда 56 820 дана оқулық, әдістемелік әдебиеттер, көркем әдебиеттер және ғылыми-көпшілік танымдық әдебиеттер қоры бар.

Қазыналы білім ордасына айналған мектептің әрбір шәкірті білім көкжиегіне сеніммен ұмтылып, мектеп мақтанышына айналуды мақсат етеді, инемен құдық қазғандай білім тұңғиығының нәрін алған «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлері бұл күнде республикамыздың барлық аймағында еліміздің дамуына өздерінің үлестерін қосуда.

Мектептің жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі шығармашылық жұмысы жыл сайын өз нәтижесін беріп келеді. Оған мектеп түлектерінің мемлекеттік грант жеңіп алып, жоғары оқу орындарына түсуі дәлел.

2020-2021 оқу жылындағы түлектер саны – 85, оның 31-і мемлекеттік грант иегері атанды. «Алтын белгі» аттестатының иегері – 4. «Үздік аттестат»  иегерлері – 4.

Мектеп ұжымы қазіргі таңда оқытудың жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерін пайдалану арқылы дарынды оқушыларды дер кезінде анықтап, шәкірттерді шығармашылыққа баулуды парыз деп санайды. Осы мақсаттағы басты міндет – білім беру бағдарламасын жүзеге асыру, оқушыларға үш тілді меңгерту.

Жыл сайын мектеп оқушылары облыстық, республикалық олимпиадалардың жүлдегері атануда. 2020-2021 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер олимпиадасының республикалық кезеңінде «Алтын белгі» иегері Сарамбетова Лия қазақ сыныптарындағы орыс тілі мен әдебиет пәні бойынша жүлделі үшінші орынды иеленді. Пән мұғалімі Габдуллина Злика Есенжоловна.

Міне, «Оқу мен тәрбие егіз» ұғымын өз ісінде жүзеге асырып келе жатқан мектеп ұжымының еңбегі өзгелерге үлгі боларлық. Қазіргі уақытта 125 педагог жас ұрпаққа қызмет етіп келеді. ҚР БжҒ министрлігінің «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс хатына» ие болған педагогтар саны – 15; Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Құрмет грамотасымен» марапатталған педагог саны – 10.

 Педагогтеріміз тоқсан сайын озық іс-тәжірибе жұмыстарын жандандырып келеді. 2017 жылы мектеп облыстық «Үздік білім беру ұйымы» байқауында Гран-при иегері атанып, 19 567 миллион қаржы көлеміндегі грантқа ие болып, мектептің материалдық-техникалық  базасы нығайтылды.

«Ұстаздан шәкірт озар» демекші, ұядан ұшырған оқушыларымыз тек биіктерден көрініп, қуантып жүре берсін. Біздің жемісіміз ол – біздің оқушыларымыз. Сондықтан, шәкірттеріміз өссе біз екі есе өсеміз. Осындай үлкен жетістікті арқалап келе жатқан мектептің, білімді де білікті басшысы Ерболат Мержанұлының әлі де жетер жетістігі, алар асуы, бағындырар белесі әлі алда.

Гүлім Сисенова, 

Ақсай қаласының №4  ЖОББМ-нің

тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

                                                       

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале