21.09.2021, 9:32
Оқылды: 108

Тәулігіне 5000 литр сүт өңдейтін цех салмақпын

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі Жолдауын жариялайды дегенде, өзім ауыл шаруашылығы саласында қызмет  істегесін  Жолдаудан осы салаға  қатысты жаңалықтар күттім.

WhatsApp Image 2021-09-21 at 09.31.25

Президенттің Жолдауында айтылған: «Қазақстанның аграрлық әлеуеті туралы көп айтылады. Дегенмен ауыл шаруашылығы  өндірістік кооперативі саласында мәселе аз емес. Алдымен ол бағаның жөнсіз өсуі мен тауар өнеркәсібі жұмысын дұрыс үйлестіру. Мен бұған дейін елімізде көтерме үйлестіру желісін құрудың маңыздылығы туралы айтқан болатынмын. Бұл міндет жүзеге асу деңгейінде тұр. Ұсақ ауыл шаруашылығы тауар өндіруді сол желімен қамтамасыз ету керек. Сол арқылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің өз шаруашылығы болады. Бұл салада монополияға  жол  жоқ» деген сөздері көңілге қонымды.

Менің  Теректі ауданына қарасты Подстепный ауылдық округі аумағында шаруашылық ұстағаныма жеті жылдың жүзі болып қалды. Әуелкіде  2-3 қарамен бастаған ісім оңға басты. Қазір сүт өндірумен айналысамыз. Малға жем-шөпті өзіміз дайындаймыз. Иелігімде  150  ірі қара бар. Оның 100-і асыл тұқымды. Сиыр сауамыз. Әрқайсысынан күніне 10-15 литр сүт аламыз. Облыс орталығы жақын ғой, сол жердегі сауда орындарына сүт, май, ірімшік, қаймақ өткіземіз. Жағдайым жақсы. Дегенмен осы деңгейде тұра беруге болмайды. Даму, ілгерілеу керек. Сондықтан өндірістік кооперативке біріккен дұрыс деп ойлаймын. Қазір менің шаруашылығым негізінде «Адал» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құруды қолға алды. Тәулігіне  5000 литр сүт өңдейтін цех салуды жоспарлап отырмын. Тапсырылған сүтті әрі қарай өңдеп, дайын өнімді аудан, облыс аумағындағы үлкен сауда жүйелері арқылы халыққа ұсынатын боламыз. Бұл істің тиімді боларына көзім жетіп тұр. Ауыл шаруашылығымен айналысатын  теректіліктермен кездескен кезде осы жоспарымды айтып жүрмін. Президент Жолдауында айтылған көтерме үйлестіру желісі біздің ісімізге қарқын берері анық.

Қанат Дакишев,

«Төлеңгіт»  қожалығының  басшысы,

Теректі  ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале