5.10.2021, 12:12
Оқылды: 96

Тауық бағып, табыс тапқан

Ауылда «жұмыс жоқ» деп екі қолға бір күрек таба алмай, кәмелет жасынан әлдеқашан асса да, қарт ата-анасының зейнетақысына ортақтасып, мойындарында отырғаны рас. Қалаға асып кеткендер де, пәтер сағалап, таңмен тапқандарын кешке азық етіп отырғандары бар. Осы тұрғыда ханордалық Әлібек Хайыров сияқты тиыннан теңге құрап, өз кәсібін қолға алған талапты жастар көпке үлгі.

35A7E8CE-F26D-4F2F-A20A-BBC80450A564

−Бисендік Айтқазы Хамидоллиннің тауық өсіргенін көріп жүрдім. «Пайдалы кәсіп қой. Ниетің болса, қолға ал, өкінбейсің» деген соң «Бизнес Бастау» курсын оқуға бел будым. 2020 жылы «Атамекен» Ұлттық кəсіпкерлер палатасының 21 күндік онлайн курсын оқып, қолға алған жобамды қорғап, 555 600 теңге көлеміндегі кəсіпкерлік мақсатта берілетін қайтарымсыз грантты ұтып, кəсібімді бастап кеттім, - дейді Әлібек.

Сол қаржыға 110 тауық, инкубатор мен  тоңазытқыш, тор сатып алдым. Ақсай елді мекеніндегі үйімізден тауықтарыма орын сайлап, кәсібімді бастадым. Инкубатордан 19 күнде балапан шықты. Ең бастысы, инкубаторға сапалы жұмыртқа салуың керек, бір тұрып қалған жұмыртқаны салсаң, бәрі де бітті дей бер, бір жұмыртқаң инкубатордағы барлық жұмыртқаны жарамсыз қылады. Жетпіс бес жұмыртқа салып, алпыс балапан алдым. Жоқ дегенде бір тәулікте 30 жұмыртқа аламын, орташа есеппен күніне 50-55 жұмыртқа жинап аламын. Үй жұмыртқасына сұраныс көп. Бисендегі ағайыннан тапсырыс толастамайды. Өзім жеткізіп беремін. Жұмыртқаның бір данасын 55 теңгеден сатамын, - дейді жас кәсіпкеріміз.

Нені кәсіп қылсаң, соған қатыстының бәрі саған қызықты, сен үшін маңызды боп тұрады екен. Осы күнде ғаламторды ақтарсам, осы құс шаруашылығына қатысты ақпараттарды, бейнежазбаларды қарайтын болыппын. «Қалай етсем, кәсібімді кеңейтемін, тауықтарға қолайлы  жағдай жасап, қалай өнімділікті арттыруға болады?» деген тақырыптар бойынша ізденемін. Талап қылған адамға бір емес, бірнеше есік қатар ашылады екен. бастысы, ерінбеуің керек.

Қазір құс шаруашылығына ниет қойғандар үшін бройлер мен бөдене қызық тақырып шығар. Екеуі де үлкен табыс көзі. Бройлер негізінен етті тауық. Атауының өзі қуыруға арналған деген мағына береді екен. Жас тауықтың еті тез пісетінддіктен бройлердің зейнет жасына жететіні жоқ, қартайып үлгермейді екен. Тез қоң жинайды, өсімтал. 2-2,5 ай жарымнан асырмайды, одан асса, етінің сапасы кетіп қалады дейді. Бройлерді сойып, етін жеу мақсат емес, басқа  тауықтармен бірге өсіп жатыр. Жұмыртқа туу қабілеті де басқалардан кем емес. Бір бройлер бір жылда шамамен 100-120 жұмыртқа туады екен. Сосын байқағаным, бройлер бауырмал тауық, адамға үйірсек. Ас-суына да талғампаз емес. Дала тауықтары сияқты. Жайылып, тапқанын талғажу қып келеді.

Табыс тапқың келе ме, сол табыстың көзі боп отырған тауықтың бабын тауып, тілін ұғу керек екен. 1 м2-де шамамен 18 балапанды ұстауға болады. Еденіне таймайтын клеёнка не ағаш үгіндісін төсеу керек екен. Инкубатордан шыққан жас балапандар үшін ауа температурасы +30 С-тан төмен болмауы қажет. Температура түсіп кетсе, бройлердің ауру-сырқауы көбейеді, тіпті өліп кетуі мүмкін. Тауықтар тұратын қора-жай әктаспен әктеліп, жарық тәулік бойы қосулы тұруы тиіс. Он шақты күннен кейін температураны біртіндеп төмендете бересің. Жарықты да солай. Осылайша балапандардың иммунитетін қалыптастырамыз. Сосын тауық тұратын жерді әлсін-әлсін тазартып, желдетіп тұруымыз керек. Әйтпесе, тауық нәжісінен шығатын аммиак иісі жас балапандарды тұншықтырып өлтіреді. Тауық қорада міндетті түрде су тұруы керек. Youtube желісінен қарап, қолдан инкубатор жасап көрдім. Ғаламтордың кереметтігі сол, іздегеніңді табасың. Тауықтарды тамақтандырудың түрлі тәсілдерін, әр түрлі құралдарын таба аласың. Оларды қолдан да жасауға болады. Тағы бір маңызды нәрсе, тауықтың тамақтану мөлшерін сақтау керек. Бір тауық бір күнде 120-130 гр жем жеу керек. Әйтпесе, тауық семіріп кетіп, жұмыртқа бермей қалуы мүмкін,- деген Әлібектің сөзіне қарап, оның өз ісіне шындап кіріскенін аңғару қиын емес.

− Алдағы уақытта қора-жайды кеңейтіп, клиенттерімнің саны арттырғым келеді, - деген Әлібектің діттегеніне жетері сөзсіз. Өйткені, ол жұмыртқадан тауық, тауықтан табыс табуға болатынын жақсы біледі.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Бройлер өсірудің мөлшерлі шығындары:

Бір балапан шамамен алғанда 300 теңге тұрады. Егер сіз 30 балапан сатып алатын болсаңыз, оған 9 мың теңге жұмсайсыз.

Бройлер тауығына қажетті 1 кило азықтың бағасы 67 теңге. Оларды 2 ай азықтандыру үшін сізге кемінде 80 килодай жем қажет болады. Сонда сіздің оған жұмсайтын шығыныңыз шамамен алғанда 5500 теңгені құрайды. Сөйтіп, сіз 30 балапанды сатып алып, оларды азықтандырып өсіріп жеткізу үшін барлығы 15 мың теңге көлемінде шығын шегесіз.

Бройлер өсіруден түсетін мөлшерлі кірістер:

Бір бройлер тауығын сатқанда одан кем дегенде 1200 теңге пайда табуға болады. Сонда сіз 30 тауықтан 36 мың теңге пайда көре аласыз.

 ***

Бір инкубатор сатып алу үшін бар-жоғы 40 мың теңге қажет. Ал бір инкубаторға 104 жұмыртқаға дейін сыяды. Құрылғы 21 күн жұмыртқаны шайқағаннан кейін кемі 90 балапан өніп шығады.

Бір тауық екі күнде бір жұмыртқа туады. Ал 100  тауық, он күнде  500   жұмыртқа шығарады.1 айда 1500 жұмыртқа болады.  Енді осы жұмыртқаның бір түйірін  30 теңгеден сататын болсаңыз, 45 000 теңге олжа табасыз. Сонда сіз бір инкубаторға кеткен шығынды  бір айда 3 есе қылып ақтай аласыз.

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале