5.05.2021, 16:47
Оқылды: 354

Тазалықты өзіңнен баста

Тасқалалықтар үшін тазалық мәселесі тың тақырып емес. Ауылдың ажарын ашатын іс-шаралар атқарылып келеді. Дегенмен де ауылдың кейбір көшелерінде қоқыс пен үйінділерден көз ашпайтынымыз рас. Атам қазақ әу бастан «Ауылына қарап, азаматын таны!» деген емес пе? Бірақ тазалықты біреу үшін жасамаймыз! Сайып келгенде, ауылдың тазалығы – денсаулықтың кепілі.

CB9B1160-B9F0-40E2-B0D6-EE41C4CDF086

Әрине, қазіргі таңда карантиндік режімге байланысты көптеген шаралар шектелді. Жаппай сенбіліктер де көптен өткізілген жоқ. Соған қарамастан, көктем шыға үйінің төңірегін тазалайтын тұрғындар биыл да сол дәстүрін жалғастыруда. Дегенмен әлі де кемшін тұстарымыз бар. Әсіресе үйлеріміздің сыртын әктеп, төңірегіміздің тазалығын күнделікті қадағалау тұрақты жүргізілмей жатқаны мәлім. Сонымен қатар қысқы мал азығының қалдықтары мен тезек-қилардың тиісті орындарға әлі күнге шығарылмауы тазалық талаптарынан тыс күн ысыған кезде қауіп төңдіретінін де ұмытпауымыз керек. Рас, карантиндік шектеулер бар. Алайда аурудың сейілмей тұрғаны да тазалық, санитарлық талаптардың сақталмауынан екенін түсіндіріп жатудың өзі артық. Сондықтан айналаның тазалығы бәрімізге ортақ. Бүгінде ауылдың тазалық мәселесіне атсалысып, жәрдем беріп жүрген «Нұр» жеке кәсіпкерлігі өз жұмысын жүргізуде. Ол негізінен 2018 жылдан бастап қызметін бастады. «Нұр» жеке кәсіпкерлігі 2019 жылдан бастап ауыл ішін қоқыстан тазалау мақсатында жаңа істі де қолға алуда. Кәсіпкерлік иесі Нұр Ғаббасовтың сөзіне сүйенсек, тазалық мәселесін бір жүйеге түсіру әлі де айтарлықтай уақыт пен қажыр-қайратты талап етуде.

– Санитарлық тазалық шарасы жыл бойы үздіксіз жүруі тиіс. Жергілікті полиция қызметі, атқарушы органдар, мемлекеттік мекемелер, аудан тұрғындары, барлығы да шарадан тыс қалмай, керісінше атсалысуы керек. Тазалық әркімнің өз ауласынан, табалдырығынан басталады. Сондықтан әрбір тұрғын өз ауылын таза ұстауға, көркейтуге үлес қосқаны абзал. Осыған дейін тазалық мәселесінің қайтақайта айтылғанын естіп, өзім де үлесімді қоссам деген ой келді. Содан халықпен келісімшартқа отыруды жөн көрдік. Бүгінде Тасқала округінің 60 пайызға жуығы келісімшартқа отырды. Келісімге келген тұрғындарға талап бірдей. Адам басына шаққанда айына 100 теңгеден төлеу керек болады. Қазіргі таңда ауданды бес учаскеге бөлдік. Осы бөлімшелер бойынша аптасына екі рет қоқыс жиналады. Келісімшартқа отырған ауыл тұрғындары қоқысты қай уақытта шығару қажеттілігін жақсы біледі. Әр учаскенің өзінің уақыты бар. Сол бойынша ауыл тұрғындары қоқысты тиянақтап қапшыққа немесе пакетке салып жолдың жиегіне шығарып қояды. Алдағы уақытта тасқалалықтардың түгелге жуығы келісімшартқа отырып, бірге тазалықты сақтайды деген ойдамыз. Жалпы тұрғындардың бізге деген көзқарастары жаман емес. Арасында жылы сөз естіп, алғысын алып жатамыз. Оның өзі адамға күш береді екен. Қазіргі таңда контейнерлер көп қабатты үйлердің қасында тұр. Тазалық мәселесі көшелердің таза болуына әрі ауданның мәдениетін қалыптастыруға тиімді жолы деп есептеймін. Деркөл өзенінің жағалауында жыл сайын сенбіліктер жүргізіледі. Біздің де техникалар барып көмектесіп, қоқыстарды шығарады. Деркөлдің жағалауы қара барақ пен арамшөпке толы. Өзеннің сәнін бұзуда. Алдағы уақытта аталмыш өзеннің жағалауы мықтап тазартылса, өзіміз үшін жақсы болар еді. Ауылға әдемі әр беретін өзеннің бүгінгі сорлы күйі еріксіз қабаққа кірбің ұялатуда.

Айта кетейік, «Нұр» жеке кәсіпкерлігі көшелерден жинап шыққан қоқысты ауыл сыртындағы көң-қоқыс орнына жөнелтеді. Өткен жылдың қараша айынан бастап қоқыс полигогинын көму жұмыстарын бастап, желтоқсан айына дейін көміп тастадық. Ағымдағы жылы тендер ойнайды. Бұйырса, осы жылы да көму жұмыстары жалғасын табатын болады. Тазалық мәселесі жергілікті полиция қызметкерлерінің де назарында. Олардың берген мәліметіне сүйенер болсақ, сәуірдің басынан бастап тұрғындармен тазалық жөнінде бірнеше түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мамыр айының 5-іне дейін уақыт берілген. Егер ескермесе, ҚРӘК 505-бабы бойынша хаттама толтырылады. Екінші рет ескертуге құлақ аспаған жеке тұлғаларға 20 АЕК, шағын бизнес иелеріне 30 АЕК, орта бизнес иелеріне 40 АЕК, үлкен бизнес иелеріне 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін болады. Ауыл тазалығы баршаға ортақ. Сондықтан әр тұрғын өздерінің қаперіне алып, айналасын таза ұстағаны жөн. Ауыл ажарына көрік қосылып, жайнай түсетіні анық.

Сондықтан барша тұрғындарды тазалық айлығына атсалысуға шақырамыз. Сонымен, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» дегендей, ендігі жерде ауыл тұрғындары ниет қойып, күн тәртібінде тұрған тазалық мәселесіне бір сәт көңіл бөлсе деген ұсынысымыз бар. Таза әрі әдемі үйлерге қарап бой түзесе деген ниеттен басқа ештеңе жоқ. Өз ауламызды таза ұстай отырып, балаларымыз да бізге қарап өсетінін ұмытпайық. Ата-бабамыз «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын» деп бекер айтпаса керек. Жалпы аудан әкімі Алдияр Халеловтың тапсырмасына сәйкес ауданда ауыл-аймақты абаттандыру, көркейту жұмыстары кең етек алып келеді. Бүгінгі егілген тал, шыбықтар ертеңгі күні ауданымыздың келбетіне сән беріп тұратын саялы ағашқа айналып кетуі ғажап емес. Ел болып жасаған жұмысымыздың жемісі болмақ. Себебі еккен тал – келешек ұрпаққа қалатын мұра. Осы орайда сейсенбі күні барлық мекеме басшылары мен қызметкерлері жаппай тал егуге атсалысты. Бес жүзге жуық адамды қамтыған сенбілікте ауыл көшелерінің сәні кіріп қалды. Жалпы алғанда, 3 мыңға жуық түп қарағаш, 5500 түп жиде, 500 түп клен, он шақты шырша отырғызылып, толықтай суарылды. Атап отырған ағаш түптері Жақсығұлов және Сәулет шағын аудандары, сонымен қатар Абай, Жәнібек хан мен Жеңіс көшелеріне егілді. Жалпы аудан аумағындағы елді мекендерде санитарлық тазалық және абаттандырудың айлығы өтіп жатқанын хабардар етеміз. Ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, оған барлық мекеме қызметкерлері мен ауыл тұрғындары белсенділік танытуда. Жиырма техника жұмылдырылып, көң-қоқыстар ауыл сыртына шығарылды. Сенбілік барысында қоқыстарды техникаларға тиеу кезінде ауыл халқы атсалысты. Көктем шыға қыстай қардың астында жатқан қоқыстарды жинастырғаннан кейін ауылдың сәні кіріп қалғандығы белгілі. Әр адам сенбілікке шығып, аз да болса да үлесін қосса, тазалыққа деген жауапкершілігі арта түсер еді. Ауданымыздағы тазалыққа бағытталған бұл науқандық жұмысқа ұйымшылдықпен жұмыла атсалысу – әрбір тасқалалықтың міндеті. Сенбілікті ұйымдастыру әр апта сайын жалғасын табатын болады.

Болатбек Сапарғалиев,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале