1.04.2021, 10:30
Оқылды: 127

Тектіден тараған тарпаң еді...

Елсіз жерге ел қондырып, дала төсін малға толтырып, қу түлкідей айлалы патшалық Ресейдің саясатына бағына отырып, Бөкей ел шекарасының бекуіне иесі мұсылманның ата дінін сақтап, өсіп-өрбуіне жағдай жасады. Қарамағындағы халқы «шекер шайнап, бал іштік» десті. Биыл сол Бөкей хандығының құрылғанына 220 жыл толады.

 84C801E7-31C5-4167-9D1C-BABF728415BE

Бөкей – әйгілі Әбілқайыр ханның Нұралы атты ұлынан туған. Бөкейдің анасы да төре тұқымынан. Ол жөнінде Бөкей 1806 жылы 22 ақпанда әскери министр С.Вязмитиновке жолдаған хабарында «бірге туған ағайынды үшеуміздің әкеміз хан, ал шешеміз хан қызынан тарайды» деп, өз тегінің таза ақсүйектер әулетінен екендігін алға тартады «Нұралы ханның көп әйелінен 30 ұл, 40 қызы болыпты» делінсе, 1771 жылы хан ауылында болған орыс тарихшысы И.Георги өз жазбаларында «оның 4 әйелі, 8 күңінен барлығы 75 перзент бар, солардың 40-ы ұл» деп көрсетеді.

Ал Атырау өңірінің біздің заманымыздың XX ғасырының 60, 70-жылдары өмір сүрген мықты шежірешісі Ыбыраш Қорқытов өз қойын дәптерінде жоғарыдағы аңызда айтылатын отыз ұлдың атын тізіп, жазған екен. Олар – Абылай, Ақсерт, Арыстан, Артықәлі, Бөкей, Бекқали (Сапақ), Бегәлі, Ғазалы, Есім, Есенәлі, Елтай, Жаналы, Жалтыр, Жәнібек, Жәреке, Қаратай, Күсен, Нұреке, Орман, Пірәлі, Сығай, Саяқ, Сереке, Сейдалы, Тұрдалы, Ұзақәлі, Шотқара, Шорман, Шөке (Шоқа).

83CF7A1A-67B1-4C07-87D4-FBAB5ABD024A

 Жердің нулысын, судың тұнығын іздеген

Бөкей алғашқы жылдары Сарайшық төңірегін, қазіргі Атырау облысындағы Исатай ауданы Жалтыр көлінің маңын қонысқа жайлы, малға тыныш деп тауып, 200 үймен көшіп барған. Ол кезде аталған көл ұзыны 22, ені 16 шақырымды алып жатқан шалғыны мол, балығы көп, шұрайлы аймақ екен. Бірақ Жайық өзенінің көктемгі тасуынан ғана кемерленіп, қалған кезде жаңбыр, қар суымен молығатын тұйық көлдің болашағы шамалы екендігіне көзі жеткен Бөкей бұл жерде көп аялдамай,  жайлы қоныс жер іздеп, көшін бастап қоныс ауыстырған екен.

 Бөкей қыстауы мен қорымы

Жалтыр көлінің батыс жағасында әлі күнге Бөкей қыстауының орны бар. Осы жерде отырғанда оның анасы қайтыс болған. «Бөкей шешесі» деп аталатын қорым қазіргі Хамит ауылының (бұрынғы Новобогат ауылының) арқа батысында орналасқан. Белгілі журналист марқұм Күзембай Әмір «1947-1948 жылдары мектепте оқып жүргенімде Бөкей қыстауын да, «Бөкей шешесі» қорымын да көрген болатынмын. Алғашқысы күйдірілген қызыл кірпіштен салынған, бірақ сол кезде орны ғана бар, ал соңғысының басынан түн болса от жанып тұратын. Сондықтан қасына көп жақындамаушы едік» деп еске алатын. Дәл осы арада «Бәйбек қыстауы» деген де жер кездеседі. Бәйбек мырза Астрахан басшылығымен арада тілмаштық қызмет атқарған Бөкейдің оң қолы болғанға ұқсайды.

B158BB5D-76D0-41C0-BD77-175C43799ADA

 Өзек пенен төбе бар, ханның атын иеленген

Қиғаш бойы, теңіз өресі, арқадағы Үлкен және Кіші Өзен төңірегі,басқа да сулы-нулы жерлерге қоныс тепкенді қалап, сұлтан төңірегіне жиналғандар қазіргі Мақаш ауылдық округі аумағы, Жанбайдың терістік беті, кейін Астрахан облысындағы Кішкене арал селосы маңына келген. Мүмкін Бөкей атына байланысты да шығар, сол кезде Кішкене арал «Хан сарайы» деп аталыпты. Іргесінде «Хан өзек» деп аталған жіңішке өзен ағып жатқан. Арқа батыстағы биік төбені «Хан төбе» дейді екен. Кішкене аралда сұлтан қыста қыстап, жазда жайлауға, құмға көшеді екен.

Сырыммен үзеңгілес

Бөкей әйгілі Сырым батырдың замандасы, тым әрі кетсе, төрт-бес жас кішілігі болуы да ықтимал. Жас шағында жігіттікпен екеуі бір сұлуға таласып, бірақ соңыра әлдекімдердей бір-біріне кек сақтамай, тілеулес боп тарқаған екен. Тіпті Сырым батыр әкесіне қарсы шыққан кезінде де «Баяғы шүйке бастың қыжылы кетпеген мігіт екен ғой, соны дық санап жүр» деп айтады деп Бөкей Сырыммен арадағы еш дауға араласпапты. Ал Сырым болса Бөкейдің қос өзен- Еділ мен Жайық арасындағы кең жазыққа қоныстануына жаны қалмай араласып, ақыры патшадан  рұқсат алуға да ықпал еткенге ұқсайды. Жекелеген дереккөздерде келтірілген мәліметтер бойынша алғашқы қазақ қоныс аударушыларының қатарында Кіші жүздің атақты батыры Сырым Датұлы да туыстарымен бірге болды делінеді.

 Тайманмен дос

Бөкей Бабашағыл деген жерде отырғанында батыр Исатайдың әкесі Тайманмен қоңсылас болыпты. Екеуі өле-өлгенше көңілдес, дос болған. Тіпті Жалтыр көлінің жағасында отырғанда шешесінің жылын берген Бөкей жиналғандар алдында басына қайғы үйірілгенде жанынан табылған барша ағайын, әсіресе Тайманға елден ерек рақметін жаудырып, онымен достығы ұрпақтан ұрпаққа кететіндігі, балаларына даритынын айтып, сендіріпті.

Сол үрдісті ұмытпаған Исатай кейін Жасқұстағы Хан Ордасына табан тіреп, қамап тұрғанның өзінде Жәңгір сұраған бір аптаға мұрсат беріп «Әкелеріміз Алла атынан достыққа ант беріп еді, мына шоқыншы сыбан қалмақ оны да ұмытты ғой» деген екен. Данагөй қариялар Исатайдың сол жолғы Хан Ордасын шаппауының басты себебі – батырдың әкелері антын бұзу, әруақ аттаудан қорыққаны деп дәлелдейді. Бұл ғұрыптан Жәңгір де құралақан болмаса керек-ті. Тіпті ол сол бір өлім мен өмір тірескен шақта қос батырды оқ ұшына байлаудан тайсақтап, Орынбордан келген орыс әскеріне басу айтқанды жөн санағанға ұқсайды. Оны полковник Гекенің 1837 жылдың 5 қарашасында губернаторға жолдаған хабарламасындағы: «Хан менен Таймановқа тым қатал талап қойма, бас араздықты ағайындықпен реттерміз деп сұрап отыр. Әрі ханның халықтың тыныштығын ойлап, араша түсуі мені жіпсіз байлауда» деген жолдардан да анық аңғаруға болар еді.

 «...шекер шайнап, бал жұттық»

Патшалық Ресей тарапынан ит жыны бірікпеген «жабайы қырғыздарды тыныштандырып, орыстармен жақындастыра түсу» үшін сан түрлі айла-шарғы, әрекет жасалынды. Соның бірі – Кіші жүз қазақтарының күшін ыдырату, қос өзен аралығына жаңадан қоныс аударғандарды уақыт өте дінінен, ділі, тілінен айырып, аз уақытта орыстандырып жіберу саясаты еді. Әуелгіде отарлау саясатын алыстан болжап, Бөкей сұлтан ұсынысын құшақ жая қарсы алған казак әскерінің командирі, полковник П.Попов қазақтардан түсетін пайда, бұрындары хиуалықтар мен бұқарлықтарға ауып кететін мал енді ресейліктер иелігінде қалып, өздері әбден орыстанады да, осыған дейінгі Астрахан губерниясындағы тұрып жатқан азиялықтар – көшпелі қалмақ, түркімен, татарлар араласып, ұлтсызданады деген ой да болды. Осы жолда Бөкейге көпшік қойып, оның Қаратай, Жантөре, Орман сынды туыстарының Жайықтан Еділ бетке өтуі үшін алдымен Бөкейдің өзінен рұқсат қағаз алуын, сондай-ақ бөкейлік бұқара халықтың да Жайықтың қазақ бетіне өтуі үшін де әлгіндей тәртіптің орындалуын талап етті. Бұл ағайын арасына сына қағу, хан мен халықты жауластыру, сөйтіп бұған дейін қайта-қайта бас қосып, патшалық Ресей саясатына дөңайбат танытып отырған Кіші жүз халқын іштен іріту мақсаты еді. Тіпті Орынбор генерал-губернаторы Г.Волконский 1805 жылдың 21 қарашасында Орал казак әскерінің бастығы, әскери атаман Д.Бородинге «Дайте почувствовать Букею всю гнустность поступка Каратая, и что ему, как уважающему мною султану никаких иметь связей с Каратаем» деп бұйрық берді.

Бірақ империялық басқару әдісін емес, ел басқарудың қазақы қалыптасқан хандық билік жүйесімен бар күшті өз қолына алған Бөкей алғашқы күннен басқа жолды таңдады. Отарлаушылар қанша жерден қолмен от көсеуге итермелесе де ағайыншылығынан, туған халқына деген жүрекжарды жылуынан бас тартқан жоқ. Оны қапысыз байқаған Орынбордың билік орындары Ресей Сыртқы істер министрлігінің Азия департаменті мен Орынбор әскери генерал-губернаторы, Орынбордың Шекаралық комиссиясына және Астрахан генерал-губернаторы, Орал казак, қалмақ кардон басшылары тарапынан Бөкейге деген бақылаудың күн өткен сайын күшейтілуін талап етті.

Әйтсе де Бөкей сұлтан өле-өлгенше өзі басқарған өңірдің адамдарының дәулетті, жері бай, көлемі кең, еншісіне сай еркін жайлап, қоныстануын қалады. Соған сай Орал әскери кеңесіне Орынбор генерал-губернаторына, орыс патшасының өзіне 1803, 1806, 1807, 1808 жылдары Ішкі Орда қазақтарына тұрақты жер бөліп беру жайлы арызданып, хат жазды, мәселе қойды.

Жылдар бойы тусырап жатқан шұрайлы дала қыр қазақтарының бір малын екеу, екеуін төртеу етті. Сауда өсті, дәулет артты. Орыс дінін емес, ислам жолын ұстанған мұсылмандар «Ақмешіт» деп аталатын құдай үйінде маңдайларын сәждеге тигізіп, Ахтуба өзеніне жақын жерден базар салып, отаршыл орыс пен ата жау – қалмақ, бақалшы татар мен ақ жүрек қазақ тиын санап, сауда қыздырды. Жұрт кейіннен бұл жайлы «Хан Бөкейдің тұсында шекер шайнап, бал жұттық» деп жырлады.

 «Ханыңды халқым жерлеңдер,

Қасына Сейіт бабаның»

Бөкей ханның Ресейдегі қазіргі Кішкене арал, бұрынғы Хан сарайы деп аталатын жерде. Кезінде темірден Ресейдің Петерборында тапсырыспен жасатылып, салынған киіз үй пошымында шілтерлі бейіті кешегі отызыншы жылдары құлатылып, майыстырылған екен. 1994 жылдың мамырында қайтадан жөнделіп, бой көтерді. Қасында жұбайы, Жәңгірдің анасы Әтен ханым жерленген. Мұнда 2010-2012 жылдары хан мен оның жұбайының бұрынғы темір тор кесенелері жаңғыртылып, заманауи мазарлар тұрғызылды.

Бөсір ауруына бой алдырған Бөкей хан ағайын-тумасына өзін Сейіт бабаның қасына жерлеуді аманаттаған. Сейіт баба  Құлбайұлы Бөкеймен замандас, жеке дәрігері болған екен. Неміс ғалымдарының пайымдауынша, Сейіт баба жерленген жердің ғарышпен байланысы бар ерекше жер.  Сейіт Мұхамед ноғай халқының отаны болып есептелетін бұл өлкенің төл ұлы.  Қожатай ауылында 1742 жылы дүниеге келген. Әуелгіде ауыл молдаларынан білім алған ол 16 жасында Мысыр жаққа барып, ислам дінінің суфизм ағымында білім алады. Бағдатта, Сирия, Үнді елдерінде өз білігін жетілдіреді. Біраз уақыт Бұхарада, Түркістанда болады. Бірақ туған жерге деген сағыныш оны күн өткен сайын аңсатып, ақыры жер ортасы шағында – кіндік кесіп, кір жуған Қожатайына қайтып оралады. Осы жылдарда ел құрметтеген айтулы абыз дәрежесіне көтеріледі. Ел ішінде мұсылман дінінің дұрыстық жолын уағыздап, тәуіптікпен айналысқан. Қорым басы тұтастай 90-жылдардың басында хан бейітімен бірге жөнделіп, қалпына келтірілді. Қазір бейіт басына су құбыры, электр желісі тартылып, мінәжат етіп, тәуап етушілер үшін демалыс үйі салынған.

Өтепберген Әлімгереевтің «Үстірт пен Үйшік, Азау арасы» кітабы негізінде дайындаған Ұлпан Жакина

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале