2.08.2021, 15:17
Оқылды: 61

Теміржол торабында өткен қырық жыл

Күнделікті тірлігі қарбаласқа толы, жауапкершілікті қатаң талап ететін теміржол торабында әйел адамдардың жұмыс істеуі бұл күнде ешкімге де таңсық емес. Алқызыл киімдерін киіп алған олар вагондарды сумен жабдықтап та, теміржол доңғалақтарын балғамен ұрып тарсылдатып та, қолдарына жалауша ұстап алып пойыздарды күтіп алып, шығарып салып жатады. Шыңғырлау ауданы орталығындағы теміржол бойындағы ұжымда қырық жыл еңбек етіп келе жатқан Ұлдай Елеуфті шыңғырлаулықтар жақсы біледі. Ақтөбе қаласындағы теміржол училищесін аяқтаған Ұлдай Желаев стансасында еңбек жолын бастап, 1983 жылы ауданымызға келіп, осы жерде жұмысын жалғастырады. Станция кезекшісі, мұнан әрмен теміржол кассасында еңбек еткен оны ұжымда сабырлы мінезі, ісіне мұқияттығы, жұмысына берілгендігі үшін ерекше бағалайды.

IMG-20210728-WA0017

Ұлдай өз мамандығын ерекше жақсы көреді. Қандай жағдай болса да әріптестеріне қолұшын созуға, өтініш-тілектерін аяқсыз тастамауға тырысады. Теміржол станциясында жұмыс істеген жылдарында түрлі жағдайларды бастан өткерді. Асығыстық салдарынан құжаттарын, заттарын ұмытып кеткен жолаушылар да кездесетін. Соларға әрдайым көмек беруден жалыққан емес. Қандай тосын жағдай болмасын сабырлы болмысымен тығырықтан шығар жол таба білетін ұстамдылығы қызметтестерін тәнті етіп келеді.

Зейнет жасына аз ғана уақыт қалса да ол өзі еңбек еткен ұжымындағы жылдарды өмірінің ең бақытты шақтарына балайды. Отбасында сенімді жар, ардақты ана, немерелерінің сүйікті әжесі болып келе жатқан оның жастармен бөлісер тәжірибесі де, көрсетер өнегесі де жетерлік. Саналы ғұмырын теміржолмен байланыстырған Ұлдай Елеуфке әріптестері тек денсаулық, отбасы амандығын тілейді.

 

Гүлшат Ботанова,

Шыңғырлау ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале