Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні тарихы тереңде жатқан елдің жаңа заманда өз алдына қайта егеменді ел болған күні екені жалпақ жұртшылыққа аян. Теректі ауданы көлемінде аталған күнге орай әсерлі іс-шара, спорттық сайыс көп өтті.
Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда бейбіт елдің тұрғындарының емен-жарқын сайысқа түсіп, уақыттарын тиімді өткізіп жатқаны қуантты. Бұл белсенділіктен аудан орталығындағы ағайын ғана емес, ауылдық округтердің халқы да қалыс қалмады.
Нақтырақ айтсақ, Теректі ауданының Ақжайық ауылдық округінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне байланысты волейболдан «Жастар кубогі – 2024» сайыс өтті.
Жарысқа ауылдық округтердің мемлекеттік мекеме қызметкерлері және Ақжайыққа көршілес жатқан Абай, Үлкен Еңбек ауылдарындағы спортқа құштар жандар қатысты. Ұйымдастырылған сайыс тұрғындардың да, қатысушылардың да көңілінен шықты деуге әбден болады.
Сайып келгенде, 3-орынға Үлкен Еңбек ауылының командасы лайық болып, 2-орынды Ақжайық мектебінің командасы еншілеп, жүлделі 1-орынды және ауыспалы кубокті Ақжайық жастары жеңіп алды. Жеңімпаз һәм жүлдегер топтарға диплом, медальдардан бөлек ақшалай сыйлықтар табысталды. Сарапқа салынған ауыспалы кубоктің жеңімпаздары алдағы уақытта тағы да волейболдан жарыс өткізуге бел буды. «Жастар кубогі – 2024» әйелдер арасындағы дойбы жарысына ұласты.
Ақтілек Әлібекұлы,
Теректі ауданы