Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылындағы №2 аурухананың былтырғы атқарған жұмыстарын қорытындылаған медициналық кеңес оздырылды.
Кеңес жұмысына облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Қаналиев, Теректі ауданы әкімінің орынбасары Қалаубек Темиров қатысты.
Құрамында аудандық аурухана, 3 дәрігерлік амбулатория, 15 медициналық пункт, 1 амбулаториялық емхана қызмет көрсететін Теректі 2 аудандық ауруханасының директоры Бекзат Кубаев денсаулық сақтау саласындағы жол картасы бойынша атқарылған жұмыстарды салыстырмалы көрсеткіштер арқылы кеңінен баяндады. Бас дәрігердің баяндауы бойынша есепті кезеңде аумақ бойынша ана және бала өлімі тіркелмеген, аурушаңдық белгілері бойынша жүрек-қан тамырлары ауруы, тыныс алу жүйесі ауруы, одан кейін ас қорыту жүйесі және қатерлі ісік аурулары тіркелген. Одан әрі қарай скринингтік тексерулер, пациенттерді қолдау мен ішкі аудит, МӘМС жүйесі бойынша мәселелер сөз болды.

Кейіннен облыстық мониторинг тобының өкілдері сөз алды. Облыстық фтизиопульмонология орталығының дәрігері, облыстық штаттан тыс фтизиатор Гүлнәр Ишимова, облыстық кардиология орталығының кардиологы, липидология координаторы Нұрбек Аубекеров, облыстық онкология орталығы директорының орынбасары Абылай Аманов хабарламалар жасады. Мониторингтік топ мамандары салалары бойынша жұмысты тиімді жүргізу жолдарын айтып, ұсыныстарын ортаға салды. Оның ішінде, туберкулез ауруының қайта асқынуын болдырмау үшін сауықтыру шараларын жүргізу, жүрек-қан тамыры ауруын анықтау үшін елді-мекендерге шығу, қатерлі ісік ауруының алдын-алу үшін қарау кабинеттерінің жұмысын күшейту, патронаждық жұмыс, дәрігер кадрлардың тапшылығы сияқты мәселелер талқыланды.
Медициналық кеңесті қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Қалаубек Баубекұлы дәрігер мамандардың жетіспеушілігін бірлесе отырып шешу жолдарын қарастырып, медициналық жоғары оқу орындары түлектерімен кездесу арқылы ауданға жас мамандарды тарту мәселесін қарауды ұсынды. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында дәрігер мамандармен пікір алмасу болып, ұсыныстар талқыланды.
Алтынбек Рахметоллаұлы,
Теректі ауданы