24.09.2020, 15:21
Оқылды: 96

Теректіде 5,3 миллиард теңге инвестиция салынған

Теректі ауданының әкімі Арман Өтеғұлов бүгін баспасөз мәслихатына қатысып, «Теректі ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы» жөнінде мәлімдеді.

1

«Ақжайық» телеарнасы және Батыс Қазақстан өңірлік коммуникациялық қызметі алаңында тікелей эфирге шыққан аудан басшысы өз баяндамасында аудан бюджетінен бастап, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы, мемлекеттік бағдарламалар, құрылыс және т.б салаларға тоқталды.

Аудан бюджеті - 17,8 млрд. теңге. Оның басым бөлігі - 39,2 %, білім саласына қаралған. Құрылыс салуға 35,4%, яғни, 6 314,3 млн.теңге салынған. 1169,5 млн.теңге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бағытына жұмсалады. 5 пайызы әлеуметтік көмек пен қамтамасыз етуге бөлінген.

Бюджет түсімдері жайына тоқталған Арман Кәрімұлы аудан тұрғындарын жергілікті ауылдық округ пайдасына түсетін жер, мүлік, көлік, дербес кіріс салықтарын уақытылы төлеуге шақырды.

Биыл аудандағы 15 округтің бәрі де бюджеттің 4 деңгейіне көшті, яғни, жоғарыда аталған салықтар округ бюджетін құрайды. Егер салық уақытылы түспесе, округтің бюджеттік кірісі төмен болады. Нәтижесінде, сол аумақта абаттандыру, жеңіл-желпі жөндеу жұмыстары ақсайды. Мысалы, Подстепное ауылдық округі өз бюджеті есебінен құны 5,5 млн.теңге тұратын балалар алаңқайын салды. Ақжайық, Богданов округтары қатты қалдық полигоны аумағын ретке келтіріп алды. Дегенмен, салық кірісі төмен округтер бар. Сондықтан, әр адам тиісті салықты төлеп отырса, ауыл-аймақтың дамуына үлес қосар еді.

Аудан әкімі әрі қарай инвестиция және кәсіпкерлік жайлы баяндады.

2020 жылдың 1 қыркүйегіне негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 5,3 млрд.теңге. Соның ішінде бюджеттік қаражат – 3,4 млрд.теңге, жеке қаражат–1,8 млрд.теңге.

Мысалы, Жаңа Өмір ауылында 100 орындық балабақша салған «Әлішер» кәсіпкерлігі 86 млн.теңге инвестициялаған. Сол ауылда «Ақбазар» кәсіпкерлігі 40 млн.теңге салып, қоғамдық монша мен шаштараз ашты.

Мал бордақылайтын «Сырым-KZ» қожалығы 1 млрд.теңге, сүт тауар фермасын салып жатқан «RINGO-MILK» ЖШС 3,9 млрд.теңге инвестияция салады.

Биыл картоп өсіріп, жартылай дайын өнім өндіру жобасын бастаған «West Agro Food» ЖШС 2022 жылға дейін 1,3 млрд.теңге инвестияциялайды екен.

Аудан тұрғындары үшін жақсы жаңалық – Федоров ауылына кіреберісте үлкен супермаркет салу қарастырылып жатқан көрінеді.

Экономикасы ауыл шаруашылығына негізделген Теректі өңірдегі мал өсіру мен егін салуды қатар ұстайтын бірен-саран ауданның бірі.

Биыл 146 мың га жерге егістік салған дихандар 49 мың тонна дәнді дақыл (орташа өнімділік - 9,1 ц/га), 9,6 мың тонна майлы дақыл (4,9 ц/га), 3,5 мың тонна картоп (131 ц/га), 5,0 мың тонна көкөніс(130 ц/га), 2,2 мың тонна бақша (138 ц/га) өнімдерін жинап алған. Жиын-терім әлі біткен жоқ. Мал қыстатуға 127,15 мың.тонна шөп дайын тұр. Қолда бар 48816 бас ірі қара, 66 000 қой-ешкі, 13 460 жылқыға осы қатты азық жеткілікті.

800 мың га жерге орналасқан ауданның 500 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатына берілген. Игерілмей жатқан және игерілуі мақсатқа сай емес жерлерді кері қайтару мәселесі қатаң бақылауға алынды. Соның нәтижесінде мемлекеттік босалқы жер қорына жалпы көлемі 11 мың га болатын 16 жер учаскесі қайтарылды.

Бұдан әрі әлеуметтік салалар жайына көшкен Арман Кәрімұлы білім беруге тоқталып, осы жердегі басты мәселе - кейбір ауылдық елді мекендерде жоғары жылдамдықты интернеттің болмауын айтты. «Бұл істі шешу үшін облыстық цифрландыру басқармасымен, мобильді операторлармен бірлесіп жұмыстанып келеміз» деген аудан басшысы мектеп оқушыларын қашықтан оқуды қамтамасыз ету үшін 855 компьютер мен роутер берілгенін айтты. 57,6 млн теңгеге 204 компьютер мен 160 ноутбук сатып алынған.

Аудандағы 37 мектептің 11-қашықтықтан (4272 оқушы), ал 26 мектеп (1936 оқушы)дәстүрлі түрде оқып жатыр. Бастауыш сынып оқушыларына арналған 140 кезекші сыныпта 1641 оқушы оқиды.

Ақсуат ауылындағы мектеп ғимараты 267 млн.теңгеге, Долин ауылының мектебі 230,5 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

Бала саны өскен Подстепное ауылында 600 орындық және Пойма ауылында 108 орындық мектеп салуға құжаттама дайындалып, сараптамаға жолданған.

Мәдениет саласындағы ірі құрылыс - Жаңа Өмір ауылында 300 орындық мәдениет үйі. Бұл нысан 2021 жылы іске қосылады деп күтілуде. Абай ауылдық клубы күрделі жөндеуден өтуде.

Подстепное ауылында КПО б.в компаниясы 160 орындық дене шынықтыру және сауықтыру кешенін салып жатыр. Ол жылдың соңына дейін қолданысқа берілуі тиіс.

Құрылыс жүргізудегі ең ауқымды жоба – «Нұрлы жер» бағдарламасымен Тоқпай ауылында салынып жатқан көппәтерлі 40 үй. «Қаз Хол» ЖШС үйлерді салып болған кезде 240 отбасы баспаналы болады. Бұдан басқа Жаңа Өмір, Федоров, Ақжайық, Подсепное ауылдарында 3 қабатты үйлер салуға дайындық жүргізіліп жатыр.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтылған «Кезекте тұрған адамдардың баспана мәселесін тезірек шешу керек» деген тапсырмасын орындау мақсатында жұмыс берушілер өз қызметкерлеріне арнайы 106 жалдамалы баспана салуды жоспарлап отырған көрінеді.

Осындай жақсы көрсеткіштерді тізбелеген аудан басшысы жұмыспен қамту, жастар саясатында жасалған істерді айта келіп, ауылдарды көгілдір отын, таза сумен жабдықтау жағына тоқталды.

Биыл Приречное, Богдановка ауылдарында ауыз су жүйесі іске қосылады. Алдағы уақытта Подстепное, Пойма ауылдарындағы су жеткізу желісін жаңғырту, Үлкен Еңбек, Социализм ауылдарын таза сумен қамту жоспарда бар. Неше жылдан бері көгілдір отын күткен Долин ауылының айы оңынан туды. Қазір газ жеткізу құрылысы басталды. Ал Донецк, Богдановка, Придорожное, Приречное, Алғабас, Сарсеново, Шөптікөл, Долинное, Төңкеріс, Қоныссай ауылдарында әлеуметтік нысандар газға қосылады деген жоспар бар.

Күре жолдың үстінен өтетіні ауданның экономикалық дамуына мол мүмкіндік береді. Қазір «Барбастау-Индер», «Подстепное-Федоров-РФ шекарасы» автомобиль жолдарын жаңғыртуға құжаттар дайындалып жатыр. Осы жолдар жөндеуден өтсе, аудан халқының өмір сүру сапасы артары анық. Ал, әзірге Новопавловка ауылына кіреберіс жол жөнделді. Федоров, Подстепное, Ақжайық ауылдарында ауылішілік жолдары жөндеу көрді. Алдағы уақытта Магистральное, Юбилейное ауылдарына кіреберіс жолдар жөнделеді. Әйтиев, Тоқпай, Покатиловка, Ұзынкөл ауылдарына апарар жолдарды жөндеу – алдағы күндер еншісінде.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале