2.08.2021, 9:25
Оқылды: 101

Теректіде «Қабылтөбе – Федоров» каналы құрылысы жүргізілмек

Бұл жөнінде Теректі ауданына жұмыс сапарымен келген БҚО әкімі Ғали Есқалиев мәлімдеді.

IMG_02082021_091000_(1020_x_680_пиксель)
Жұмыс сапары барысында Теректі ауданы әкімі Арман Өтеғұлов  «Қабылтөбе – Федоров каналы» құрылысын жүргізу арқылы Ұзынкөл су қоймасының жағдайын оңалту мәселесін көтерді.

IMG_02082021_091037_(1020_x_680_пиксель)
Расы керек, аудандағы су қоймаларының ең зоры – Ұзынкөл ауылынан 7 шақырым жердегі су қоймасы. Кішігірім көл десе де болғандай. Атқарар ісі де өзіне сай, зор. Ұзынкөлдің жерімен шығып, арнайы қазылған Барбастау-Шалқар арнасы бойымен әрі қарай Шаған, Ақжайық, Аңқаты, Шалқар, Ақсоғым округтері аумағын аралап барып, бір шеті Қарабас ауылына  жетіп жығылады.
Сол бойда отырған шаруашылықтар үшін су көзі саналатын Ұзынкөл су қоймасы – ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің теңгерімінде тұр. 2015 жылы мердігер «ҚұрылысГаз» ЖШС күрделі жөндеуден өткізген.

IMG_02082021_091100_(1020_x_849_пиксель)
Осыдан бірер жыл бұрын арнаға қарай су жіберетін бұрандалы жаппасы істен шығып,«қасықтап» жинаған су ысырап болған-ды. Қазір жаппа жөнделді, су аузы бекітілді. Жоба қуаттылығы  85 млн. куб/метр су қоймасында қазір шамамен 20 млн. куб/метрдей ғана су жиналған. Арна бойына жіберуге, су аз. Сол себепті, сәл әрі жатқан ақжайықтық шаруашылықтардан бастап «су жоқ» дейді. Алаңдатарлық жағдай. Су келмесе, мал үшін де, мал баққан адам үшін де қиын.
Мәліметтерге сүйенсек, Қабылтөбе ауылынан Социализм ауылына дейін Барбастау өзені бойында барлығы 51 шаруашылық орналасқан. Барбастау өзенінен шаруашылықтар суару маусымында 2 253 450 куб метр су пайдаланады екен. Барбастау өзені бойында бірнеше су тоғаны барын ескерсек, олардың бүгінгі жағдайы көңіл қуантарлық емес. Құрылыс жүзеге асса Барбастауға Жайық өзенінен су жіберу арқылы қосымша 5 414 га жерді суармалы учаскіге айналдыруға мүмкіндік туады. Соның ішінде 560 га картоп, 4 600 га мал азықтық дақылдар, 254 га жеміс-жидек егу теректілік шаруалардың жоспарында бар. Ол үшін аталмыш жоба жүзеге асуы аса қажет.

-Әрине, өте өзекті мәселені қозғадыңыздар. Аталмыш жобаға біраз қаржы кететінін ескеріп, жоспарларымызды нақтылау керек. Шаруалардың да ойын біліп, канал бойына жан біткенде атқарар жұмыспен танысқан абзал.  Ұзынкөл каналын қалпына келтіру арқылы қазір жөндеуі басталған «Жайық –Шалқар» каналына да қолдау болар еді. Сол себепті аталмыш жобаның жүзеге асыруды қолдаймын, - деді өңір басшысы Ғали Есқалиев.

Әділет Орынбасар,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале