6.07.2026, 16:15
Оқылды: 8

Теректіде Ұлттық домбыра күніне арналған салтанатты кеш өтті

Теректі аудандық мәдениет үйінде Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра – баба мұрасы, ұлт қазынасы» атты мерекелік кеш өтті.

WhatsApp Image 2026-07-03 at 12.15.46

Жиынның шымылдығын ашқан аудан әкімінің орынбасары Темірболат Сағынгереев тұрғындарды мерекемен құттықтап, ұлттық өнерді ұлықтау әрбір азаматтың парызы екенін атап өтті.

WhatsApp Image 2026-07-03 at 12.15.471

Саяси-мәдени шараның концерттік бағдарламасы өнерпаздардың орындауындағы мазмұнды қойылымдар мен дәстүрлі әндерге ұласты. Кеште Альбина Мирамбай мен оның шәкірттерінің «Домбырамен сырласу» поэзиялық композициясы, Кәмшат Қадырғалиеваның «Домбыра туралы балладасы» және Наргиза Сүлейменованың орындауындағы Абайдың «Бойы бұлғаң» әні шырқалды. Сондай-ақ дәстүрлі әнші Мұхит Мералыұлының 185 жылдығына орай Дәурен Жұмағалиев «Үлкен айдай» әнін нақышына келтірсе, халықтық «Шежіре» әжелер ансамблі «Әгугай домбыраны» тарту етті. Күй өнерін дәріптеген жас домбырашы Аңсар Бисенғали Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйімен көрерменді тәнті етті.

WhatsApp Image 2026-07-03 at 12.16.10

Бүгінде Теректі ауданында ұлттық өнердің сабақтастығы берік сақталған. Өнер ұстазы Дәурен Жұмағалиевтің айтуынша, соңғы жылдары ата-аналардың балаларын домбыра мен дәстүрлі әнге баулу белсенділігі артып келеді. Ал колледж түлегі, жас күйші Аңсар Бисенғали қазіргі жастардың домбырада тек классикалық күйлерді ғана емес, заманауи шығармаларды да орындауға құштар екенін жеткізді. Мерекелік кеш Айдын Серікқали мен Оразали Тасқалиевтің орындауындағы «Домбыра» әнімен мәресіне жетті.

Әдемі Талғатқызы,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале