28.11.2019, 12:54
Оқылды: 130

Теректіде Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған шаралар басталды

Теректі ауданындағы мәдениет үйінде "Ұрпаққа ұран болған - Ұлы Жеңіс" атты аудандық конференция өтті. Шара барысында теректілік қос ардагер, соғыстың сұрапылын бастан өткізген Александр Этманов пен Лев Дорофеевке, Кеңес Одағының батыры И.Зреловтің қыздары Галина Мулева, Валентина Гульчинаға құрмет көрсетілді.

terekti (3)

Конференцияда аудан әкімі Әділ Жоламанов сөз сөйлеп, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай аудан көлемінде өткізілетін шаралар басталғанын жариялады.

- Ұлы Отан соғысы біздің халқымыздың, аға буын өкілдерінің, біздердің әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын әлемге танытқан соғыс болса, Жеңіс аға ұрпақтың ұлы ерлігін мәңгілікке ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Жеңіс пен жетістік ұғымдары еліміздің даму қарқынымен қашанда қанаттас келеді. Осынау бейбіт өмірге жеткізген ардагерлерімізге, аталарымыз бен әжелерімізге алғыс айтамыз! Ұлы Отан соғысындағы Жеңісіміздің 75 жылдық мерекесіне арналған аудандық шараларымыздың бастауы - бүгінгі конференция екендігін атап өткім келеді, - деді Әділ Тауфиқұлы.

terekti (4)

Конференцияның құрметті қонағы БҚО тарихи-мәдени мұраларын қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының инспекторы, "Үздік өлкетанушы" төсбелгісінің иегері Ахмедияр Батырханов қан майданда қаһармандық танытқан теректіліктерге тоқталды. Сонымен қатар соғыс зұлматтарын суреттеп, батырлардың есімі ескерілетін еңбектердегі қателіктерге шолу жасады.

Баяндама оқығандардың қатарында Теректі ауданының прокуроры, кіші әділет кеңесшісі, тарих ғылымдарының кандитаты, заң доценті Равиль Мажитов болды.

terekti (2)

- Ұлы Отан соғысы жылдары Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының қызметкерлері де өзіндік жауынгерлік үлесін қосты. Облысымыздағы прокуратура мен тергеу органдарының көптеген қызметкерлері соғыс жылдары өз Отанын қорғауға аттанды. Соғыстың бірінші күндерінен бастап прокуратура органдары ерекше жұмыс жағдайына көшті. Бұл алдымен біздегі бірқатар ауданның (Бөкейорда, Жәнібек және Қазталов) фронт жанындағы аумақта болуымен байланысты. Әскер қатарына шақырылған жергілікті жерлерге әйел адамдар да келіп, өз орындарында еңбектенген. Олар өз істеріне шынайы берілген жандар болды, атап өтсем, облыс прокурорының аға көмекшісі, КСРО-ның құрметті қызметкері Зоя Константиновна Боярская, облыс прокурорының аға көмекшісі, Қазақстанның құрметті заңгері Роза Гарифовна Вафеева, облыс прокурорының аға көмекшісі Сима Соломоновна Бейрак және тағы басқалар, - деді Равиль Сидағатұлы.

terekti (1)

Теректі ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, майор Қадырбек Бегманов, Тасқала ауданындағы Мерей мектебінің мұғалімі, М.Мәметова атындағы барлау, зерттеу жасағының жетекшісі Сергей Лапшин, аудандағы Шаған мектебінің мұғалімі, аталмыш жасақтың мүшесі Сергей Сырица, М.Өтемісов атындағы БҚМУ оқытушысы, тарих пәнінің магистрі Айнұр Ихсанова, М.Өтемісов атындағы БҚМУ магистранты Абылай Рамазанов және Ақжайық мектебінің тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі болған өлкетанушы, зейнеткер ұстаз Тілекқабыл Жауынбаев баяндамаларын оқып, конференция жұмысының сәтті өтуіне септігін тигізді.

Әділет Орынбасаров

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале