9.07.2021, 15:13
Оқылды: 102

Теректіде – халық қалаулылары

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нариман Төреғалиев, Ләззат Рысбекова және Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Бибігүл Қонысбаева жұмыс сапарымен Теректі ауданында болды. Халық қалаулылары күні кеше ғана ашылған Подстепный ауылындағы спорт кешеніне бас сұқты.

 ДЕП1

160 орындық спорттық нысан Нұр-Сұлтан қаласы күні мерекесіне орай салтанатты түрде ашылып, халық игілігіне берілген еді.

«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в» компаниясы қаржыландырып, құрылысты «Наурыз» ЖШС жүргізген. Жоба құны – 341 млн теңге.

ДЕП2

Айта кету керек, былтыр Теректі ауданы бойынша екі street workout алаңы, бір балалар алаңы және 8 спорт алаңы пайдалануға берілген-тұғын.

Биыл да аталмыш бағыттағы жұмыстар жалғасып, бес street workout алаңы, үш спорт алаңы және 5 балалар алаңының құрылысы аяқталмақ.

Осы бағыттағы жұмыстар туралы депутаттарға аудан әкімінің орынбасары Армат Байғазиев баяндады.

ДЕП3

Одан кейін Сенат депутаттары Подстепный ауылының тұрғыны Т.Молбасаровтың үйіне барды.

Бүгінгі таңда Талғат Молбасаров «Еңбек» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз қаржыға ие болып, бройлер балапандарын өсіріп отыр.

- Бүгінгі таңда өз-өзін қамтимын, жеке кәсібімді дөңгелетемін деген адамға қолдау бар. Жеңілдетілген пайызбен несие, грант алуға мүмкіндік мол. Тек мақсатыңды айқындап, алға ұмтылу керек. Қазір мен бройлердің балапандарын өсіріп отырмын. Аудандық әкімдіктің көмегі зор. Әрдайым байланыста болып, балапандар өсіп кеткенге дейін жағдайымды біліп тұрады. Одан кейін олардың етін өткізу бағытында да жәрдемдесеміз деп отыр. Бағдарлама арқылы грантқа ие болып, қазір күні-түні еңбектеніп жатырмыз, - дейді Талғат Молбасаров.

ДЕП4

Одан соң халық қалаулылары Теректінің орталығына да ат басын бұрды. Орталықтан  депутаттарды аудан басшысы Арман Өтеғұлов қарсылап, қош келдіңіздер айтты.

Теректіде орналасқан «Қазына» коворкинг орталығына барып, бүгінгі тынысын бағамдады.

Депутаттар орталықтағы 528 жер телімін газдандыру жұмысын да көзбен көрді. Жұмыстарды «StroyGazCompany» ЖШС жүргізуде.

ДЕП6

Аудан басшысы мердігер компания өкілдерімен кездесіп, жұмыстарды мерзімінен бұрын аяқтау мәселесін назарға алуды тапсырды.

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары жұмыс сапарын Достық үйі, өңі кірген Теректідегі орталық стадион мен «Теректі» кешеніне арнайы барып, атқарылған жұмыстарға қанығумен аяқтады.

ДЕП8

Әділет Әлібекұлы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале