11.11.2019, 16:51
Оқылды: 138

Теректілік «Дат» театры жаңа қойылым ұсынды

Құстар да шыңғыртып тұрып шындық айта алады. Дәлірек, құстар бейнесіндегі адамдар. Қоғамның бет-бейнесін әзілмен әрлеп, әуенмен көркемдеп жеткізген Теректі ауданының әртістері жарады. Иә, Теректі аудандық "Дат" халықтық театрын көрермен қатты сағынған-тұғын.

terekti (1)

"Құстар фестивалі" қойылымы теректіліктердің қызығушылығын туғызды. Сол қызығушылық залды лық толтырды. Расымен, теректілік тұрғындар рухани демалды.

Жазушы, драматург Дулат Исабековтің «Құстар фестивалі» фарс-комедиясын қалың жұртшылыққа ұсыну үлкен жүректілік пен еңбекті талап етеді. Ізденіс жағы тағы бар. Спектакль адамзат пен қоғам пайда болғаннан бері кеңінен орын алған теңсіздік, әлділердің әлжуаздарды билеп-төстеуі, соның нәтижесінде туындайтын пендешіліктің адами қасиеттермен тартысы жайлы болды. Театр ұжымы құстардың бейнесі арқылы қоғамдағы жағымпаздықты, сыбайлас жемқорлықты, әділетсіздіктерді дөп басып көрсете білді. Қойылымда адамдардың арасындағы бұлбұл сынды нағыз таланттардың көлеңкеде қалып қоятындығы баяндалған. Дегенмен әділеттілік салтанат құрады түбі.

terekti (2)

 Актерлық құрам сан түрлі. Дені жастар. Жанып тұр. Театрға деген махаббат, ынтызарлық сезіледі. Сол көрерменге берілді. Аудандық мәдени-демалыс орталығы өнерпаздарынан бөлек, сахнада мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қызметкерлері, яғни мүлде сахнаға шығып көрмеген жандар өз-өздерін көрсетуге мүмкіндік алды. Жастардың арасында мектеп оқушылары да бар.

Бүркіт, сауысқан, тоты, қарға, ата қаз, әтеш, бұлбұл, тоқылдақ, қарлығаш және тағы басқа құстардың рөлін шеберлікпен көрерменге ұсына білген әртістер Таңат Жексенбаев, Айбек Дәулетқалиев, Злиха Қалмағамбетова, Нұрсұлтан Қадырғалиев, Қайрат Сағидуллин, Сағидолла Изделеев, Камшат Қадырғалиева, Кеңес Кутиев, Алия Шин, Гүлнар Қабиева, Саягүл Кульмухановалардың еңбегін ерекше атаған жөн. Актерлық құрам тек есімі аталған әртістермен шектелмейді. Басты рөлдерден бөлек көпшілік көріністерде өз таланттарын көрсете білген қызметкерлер де бар. Олардың да еңбегі елеулі. Қойылымға ерекше әсер беріп, бимен көркемдеген «Жұлдыз» үлгілі би ансамблінің (жетекшісі Жанар Тайшыбаева) мың бұралған қыздарын ұмыт қалдыруға болмайды.

terekti (3)

Қойылымды көзбен көрген аудан әкімі Әділ Жоламанов режиссер Жамбыл Заев пен актерларға алғыс білдірді. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ҚР Театр қайраткерлері одағының мүшесі, театр және кино әртісі, режиссер Сердеш Қажымұратов құрметті қонақтар қатарында болып, теректілік әртістердің шеберлігіне оң баға берді.

terekti (4)

Әділет Орынбасар

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале