24.12.2019, 18:38
Оқылды: 52

Теректіліктер де жаңа жәрдемақыны асыға күтуде

Анада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмекті берудің қолданыстағы жүйесін өзгертетін заң жобасын таныстырған-ды. Жаңа заң жобасында көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақыны табысына қарамастан төлеу ұсынылғаны мәлім. Сондықтан көптеген жерлестеріміз келер жылды асыға күтуде.

Біз "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының БҚО бойынша филиалының әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі Теректі аудандық бөлімін бетке алдық. Бөлім басшысы Роман Есеналиев (суретте) ауданымыздағы осы уақытқа дейін арнаулы мемлекеттiк жəрдемақы алған 256 көпбалалы жанұялардың барлығы автоматты түрде жаңа жәрдемақыны алатынын айтты. Ал, мүлдем жәрдемақы алып көрмеген 4 және одан да көп баласы бар 173 отбасы құжаттарын тапсырып, сақадай сай дайын отыр екен.

- 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап республика бойынша 340 мыңнан астам көпбалалы отбасы жаңа мемлекеттік жәрдемақы алады деп жоспарлануда. Бұл жәрдемақы 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған, 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленеді. Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына қарай сараланады. Яғни, 4 баласы бар отбасыларға 42 496 теңге, 5 балаға – 53 127 теңге, 6 балаға – 63 757 теңге, 7 және одан да көп балалыларға 74 388 теңге төленеді. Орта есеппен алғанда, жәрдемақы мөлшері әр балаға 10-11 мың теңгені құрайды. Ауданымыздағы барлық көпбалалы жанұялар құжаттарын толық тапсырып болды. Жаңа жәрдемақы жөнінде мағлұмат алғысы келген тұрғындармен жеке жұмыстанып, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік, - дейді бізбен әңгімесінде бөлім басшысы Роман Амангелдіұлы.

Ал қараша айында ауданымызға жұмыс сапарымен келген облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Дилдаш Искакова жаңа жәрдемақы туралы округ әкімдері мен мекеме-ұйым қызметкерлеріне түсіндірген кезде былай деді: «Мемлекеттің ең басты принципі - көмекке мұқтаж жандарға, балалар мен көпбалалы отбасыларға көмектесу. Мемлекеттік көмекке көпбалалы отбасыларды қолдау, табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, табыссыз отбасылардағы балаларға берілетін кепілдендірілген әлеуметтік пакет кіреді. Табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Ең төмен көнкөріс деңгейінің 70 пайызы тағайындаудың шекті критерийі болып қала береді. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан немесе жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек тек оған ғана емес, барлық отбасы мүшелеріне де тоқтатылады».

Бұл заң жобасы еліміздің барлық тұрғындарын елең еткізіп, көңілдеріне жылу ұялатты. Солардың қатарында "Күміс алқа" иегері Ақтілек Қапиева да (суретте) бар.

- Жаңа жәрдемақы жөнінде естідік. Өте қуаныштымыз. Құжат тапсыру қажет шығар деген оймен халыққа қызмет көрсету орталығына бардым. Қызметкерлер жәрдемақы алуға автоматты түрде өткенімді айтты. Құдайға шүкір, алты балам бар. Үлкен ұлым Әміржан 21 жаста. Өзінің отбасы бар.  Келесі жылдан бастап он сегізге дейінгі балаларым үшін 53127 теңге төленбек. Әр теңгені өз орнымен, алдын ала есептеп отырып жұмсайтын біздің отбасы үшін бұл кәдімгідей көмек. Елімізде көпбалалы жанұялардың жағдайын жақсарту шындап қолға алынған сияқты. Тек мемлекет жәрдем береді, көмексіз қалдырмайды  деп,  масылдыққа салынып кетпесек болғаны. Қазір халыққа көмектің түрі көп. Алдағы уақытта әлеуметтік жағдайымыздың жақсаратынына сенімім мол, - дейді сөз арасында Ақтілек Төлеуқызы ағынан жарылып.

Осындай жәрдемақы алуға іліккен Федоров ауылының тұрғыны Гүлбаршын Шарапиева да (суретте) бұл көпбалалы отбасыларға керемет көмек екендігін, қай ата-ана да балаларын қатарынан кем қалдырғысы келмейтіндігін, бәрінен бұрын осынау қаржы студент ұл-қыздары бар жерлестерімізге айырықша қуаныш сыйлап отырғандығын жеткізді. Ал біз өз отбасымызда жаңа жәрдемақыны балалардың  оқуына жұмсаймыз деп шештік.

Аягөз Айтқалиева

 Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале