27.08.2022, 16:16
Оқылды: 223

Терең білім беру – күн талабы

Кеше Қаратөбе аудандық мәдениет үйінде білім беру саласы қызметкерлерінің «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет»  тақырыбында аудандық тамыз кеңесінің пленарлық мәжілісі өтті.

Тамыз мәслихаты фото

Алдымен аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев және облыстан келген өкілдер аудандық балалар шығармашылығы үйінің үйірмелеріне қатысушы жас өрендердің көрмедегі туындыларымен және білім саласындағы бірқатар жетістіктермен танысты.

Шара барысында ардагерлер мен жас ұстаздарға құрмет көрсетілді.

Білім беру ұйымдарының басшылары, ұстаздар мен сала ардагерлері бас қосқан кеңесте білім саласындағы оң өзгерістерді атап өткен аудан басшысы Қадыржан Сүйеуғалиев аудан ұстаздарын жаңа оқу жылымен құттықтады.

Тамыз мәслихатыфото 1

Пленарлық мәжілісте аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшаұлының  «Білім беруді модернизациялау: негізгі проблемалар және оларды шешу жолдары»,  елімізде 2021 жылы өткен республикалық байқаудың  «Үздік педагог-2021» атағының иегері, облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернатының физика пәнінің мұғалімі Дәметкен Баенованың  «Мұғалімнің беделі мен тұлғасы», педагогикалық шеберлік орталығының аға менеджері, тренер, педагогика ғылымдарының магистрі Лилия Абакиеваның «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» тақырыбындағы баяндамалары тыңдалды.

Мерекелік шарада «Қазақстандық салалық және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Батыс Қазақстан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Даупаев, жас мұғалім Іңкәр Отарғалиева құттықтау сөз сөйледі.

Тәуелсіз еліміздің рухани және әлеуметтік дамуы жолында қол жеткен табыстары және білім саласына қосқан үлесі үшін  Қаратөбе мектеп-гимназиясының химия пәнінің мұғалімі Базаргүл Әмірғалиева ҚР оқу-ағарту  министрлігінің  алғысхатымен марапатталды.

Сонымен қатар  «Облыстық білім жүйесіндегі педадгогикалық шеберлігі, шығармашылық  ізденісі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі табыстары үшін» Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының Құрмет грамотасымен, 2021-2022 оқу жылында облыстық шараларға белсене қатысып, әдістемелік қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін БҚО әкімдігі Білім басқармасының білім беруді дамыту орталығының Құрмет грамотасымен, аудан әкімінің алғыс хаттарымен және тағы бірқатар марапаттаулармен ауданның бір топ мектеп мұғалімдері мен білім беру саласының қызметкерлері марапатталды. Марапаттау рәсімдерін аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы, «Қазақстандық салалық және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Оразалыұлы жүргізді.

 Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале