2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Президент тиісті Жарлыққа қол қойды. Бастама жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттауды көздейді. Осы орайда Тасқала аудандық коммуналдық-шаруашылық мекемесінің қызметкері, көптеген жасқа үлгі боларлық Асылбек Мақсотовпен тілдескен едік.
Асылбек Әділетұлы 1993 жылы Тасқала ауданында дүниеге келген. Ол жастайынан техника «тілін» жетік меңгерген. Әке өнегесін көрген Асылбек еңбекке ерте араласты. Сабақ аяқталған соң жазғы демалыста шөп шабатын «косилкада», астық жинайтын комбайн жүргізіп, еңбек етті. Сөйтіп, механизатор мамандығын үйреніп алды.
– Бала кезімнен ауылдың тыныс-тіршілігіне қанық өстім. Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте білім алдым. Мектепті тәмамдаған соң кәсіби білімімді жалғастыру үшін Орал қаласына оқуға бардым. Білім алу барысында мамандығыма деген қызығушылығым артып, сол бағытта өз жолымды таптым. Бала кезімде көп арманым болды, бірақ менің ерекше арманым техникамен байланысты еді. Жастайымнан түрлі техникаға, машиналарға қызығушылығым оянды. 7-сыныптан бастап әкемнің қасында трактор мен комбайн жүргізуді үйрендім. Техникаға деген қызығушылығым тек жүргізумен шектелмей, оны жөндеп үйренуге деген құлшыныс болды. Сол кезден бастап мен техниканы тереңірек түсініп, оның құрылымын меңгеруге деген қызығушылығым артты. Сондықтан тоғыз жылдық мектепті бітірген соң Орал қаласына барып, дәнекерлеуші мамандығы бойынша оқуға түсіп, осы салада білімімді шыңдадым, – деді Асылбек Әділетұлы.
Асылбек Мақсотов еңбек жолын кірпіш зауытында қарапайым жұмысшы болып бастады. Жұмыс барысында көп нәрсені үйреніп, тәжірибе жинады. Кейінірек осы зауытта оператор болды. Осының бәрі оның жұмысқа деген жауапкершілігін арттырды. Бір кездері Атырауда вахталық әдіспен де жұмыс істеді. Вахталық жұмыстың еңбекақысы жақсы болғанымен, отбасынан алшақ болғысы келмегендіктен, алысқа баруды құп көрмей 2018 жылдың қыркүйек айында бұрынғы жинаған тәжірибесін алға тартып, Тасқала аудандық коммуналдық мекемесіне электр дәнекерлеуші болып қызметке орналасты. Мұнда да өзіне тапсырылған істі үлкен жауапкершілікпен атқарды. Ең бастысы, жалынды жас әріптестері алдында өзінің ұйымдастырушылық қабілеті мен іскер маман екенін танытып үлгерді. Өзі электр дәнекерлеуші болса да, техникаға жақын екенін көрсетті.
– Әлі есімде, жұмысқа кіріспес бұрын кеңседе жиналыс болды. Мені де сол жиналысқа шақырды. Ойымда ештеңе жоқ. Маған ұстаздық етіп жүрген механизатордың бірі Рашид ағамыз жиында «Сен механизатор бол» деп тракторының кілтін табыстады. Міне, содан бері ауыр көлікті жаныма серік ете бастадым. Біз жұмыс істейтін коммуналдық мекеме – ер-азаматтардан құралған ұжым. Әрқайсымыз өз ісімізге жауапкершілікпен қараймыз. Жұмысымыз ортақ болғандықтан, бір-бірімізге көмек көрсету, тәжірибе алмасу,жаңа нәрселерді үйрену – ұжымымыздың басты қағидаты. Әсіресе қызметкерлердің көмегі мен қолдауы үлкен маңызға ие. Ал жаңадан келген әріптестерге өз тарапымыздан қолдау көрсетіп, оларды жұмысқа бейімдеуге тырысамыз. Ұжымдағы әр адам өзінің міндетін орындау арқылы ортақ мақсатқа жетуге тырысады, - деді Асылбек Әділетұлы.
Уақытпен санаспай елге қызмет жасап жүрген мықты азаматтың бірі Асылбектің айтуынша, жастар өзіне жақын және қызығушылық тудыратын мамандықты таңдап, сол салада еңбек етуі қажет.
– Әр мамандықтың өз қиындығы мен ерекшелігі болады. Бірақ егер адам шын жүректен сүйген ісімен айналысса, ол өз нәтижесін береді. Адал еңбектің арқасында кез келген қиындықты жеңуге болады. Сондай-ақ үздіксіз білім алып, жаңа нәрсені үйренуден қашпаңыз. Жастардың өзін дамытып, өз саласында мықты маман болуы болашақ үшін маңызды, – дейді Асылбек.
Мақаламызға арқау болған тракторист Асылбек Мақсотов 2015 жылдың тамыз айында Дания Жанаевамен бас қосып, шаңырақ көтерді. Қазіргі таңда орталарында Аделья, Анелья, Алдияр есімді перзенттері бар бақытты шаңырақ. Асылбекке әкесі Әділет Мақсотұлы жақсы үлгі болды. Ол кісінің мінезі қарапайым, парасатты адам. Өзінің жақсы қасиетін кішкентайынан бастап Асылбекке дарытқан деп топшылайды ауылдағы ағайындары. Әділет ағай – Мерей ауылының тумасы. Аталмыш ауыл көпке дейін агробизнесті дамытумен танылған. Ол кісі біраз шаруа қожалығында жұмыс істеген. Отағасы өмірінің көп жылын, көктем, жаз және күз мезгілдерін егістікте өткізіп келеді. Балалық шағынан бастап әкесіне еліктеп өскен Асылбек қазіргі таңда еш өкінбейтінін айтады. Керісінше, уақытында көп нәрсені үйреніп, өзініңболашағына пайдаланып жүргенін алға тартты. Асылбектей жас маманның трактордың «тілін» меңгеріп, қызметін жалғастыруы – көпке үлгі. Трактор рөліне отыратын адам таппайтын бүгінгі күнде еш арланбай, шаруашылық көлігін тізгіндеген Асылбектей жастардың қатары көбейсе екен деп тілейтін болдық.
Болатбек Сапарғалиев,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz