31.05.2021, 9:11
Оқылды: 127

Тікелей эфирде - теректілік шебер

БҚО білім басқармасының білім беруді дамыту орталығы қосымша білім беруде когнитивтік (білім), техникалық (дағдылар) және этикалық (көзқарастар) аспектілерді тиімді қолдана алатын өсу мен бәсекеге қабілетті оқытушыны дамыту үшін қолайлы орта құру мақсатындағы «I&I» идея және инновация шығармашылық алаңы жобасы аясында жаңа бастаманы қолға алды.

CA0635AC-604A-4FA0-ADEB-E93E5A20DE88

Жоба аясында облыс орталығындағы Оқушылар сарайында өткен «Дидарлы сұхбат» шарасының І шақырылым қонағы Теректі ауданының балалар шығармашылығы үйінің жоғары санатты қосымша білім беру педагогі Манас Аққожин болды. Сұхбатты тағы бір теректілік, балалар шығармашылығы үйінің қосымша білім беру педагогі Үміткер Орынғалиев жүргізді.

Білім беруді дамыту орталығының фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасынан тікелей эфирде таратылған сұхбат барысында Манас Исмағұлұлының туған жері, өскен ортасы жайлы таныстыру сұрақтарынан бастап, шығармашылық, шәкірт тәрбиелеу бағытында әңгіме өрбіді.  

Қаратөбе топырағында дүниеге келген Манас Исмағұлұлы бүгінде Теректіге танымал шебер. Оның қолынан шыққан «Алтын бұғы» мүсіні Теректінің қақпасы – Подстепный ауылына кіреберісте «менмұндалап» тұр. «Мүсіндеу» және «Кеме үлгілеу» үйірмелерін жүргізетін ол ондаған баланың шығармашылық қабілетін ашуға себепкер болы. Оқушылары талай сайыс-жарыстарда жүлделі оралып жүрген ұстаздың оқытуда өзіндік әдісі бар. Ол – өлең, жыр-дастан оқу. Әсіресе Махамбеттің жырларын сүйсіне оқиды. Қазақтың дауылпаз ақын-батырларының өр өлеңдерімен танысқан балалардың қолынан шыққан мүсіндерден қазақы иіс аңқып тұр.

Тізе берсек, ұстаздық жолда шабыты шауып тұрған Манас Аққожинның жетістіктері көп.

Қазақта «темірден түйін түйген» деп мақтанышпен айтатын шеберлердің жолын жалғастырған Манас Исмағұлұлына сұхбат соңына қарай Үміткер Жұмагелдіұлы жеке басы қасиеттеріне байланысты 7 сұрақ қойды. Жүзге тарта адам қатысқан ашық эфирде Манас Исмағұлұлына сұрақ қойып, жақсы тілектер жолдағандар көп болды.

Алтын қолды шебер, ұстаз, ұлттық тәрбиеге үлес қосып жүрген жан атына айтылған жақсы тілектерге біз де қосыламыз.

Камелия Қарекесова,

Теректі ауданы

  zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале