22.04.2022, 12:45
Оқылды: 189

Тіркемеудің таудай пәлесі бар

Тілдесе қалса, «Мал-жаның аман ба?» деп жаннан бұрын малдың амандығын сұрайтын қазағым мал басын тіркетуге келгенде керітартпалыққа салынып жатамыз. Баланың санын айтпайтын қазекем бұл жолы да ырымға сеніп, малының санын айтпай ма, әлде басқалай себебі бар ма? Малды екенін көрсетпейтіндердің көбісі атаулы әлеуметтік көмектен, не басқа да жәрдемақылардан дәмелілер десек артық айтқандық емес. Малды сойып, не сатып, ақшасын бір ай ғана кәдеге жаратса, малын көрсетпей, атаулы көмекке іліксе, ақшасы ойдай пайда.  Бір білеріміз, мал басының нақты санын тіркемегеннен келер залал көп да, қиындық та көп дейді мал мамандары. Ал округ әкімдері  «жерге талас осы мал басын тіркемеуден туындап отыр» дейді. Осы мәселені біз де байыптап көрмек болдық. «Бақсақ, бақа екен» демекші, күрмеуі қиын мәселе екен.

12

Малды тіркемегенің  ̶  жайылымсыз қалғаның

Сөздің басын жердің дауынан бастасақ. Пайданың бәрі малда екенін білетін ауыл қазағы қолда қауқары болса, мал басын құрап, жер телімін алып, қыстақ саны күн санап көбеюде. Мал шаруашылығына дамытуға Үкімет те оң қабақ танытып, жарылқап-ақ тұр. Неге сол мүмкіндікті пайдаланбасқа демекші дейді ғой. Хош, солай-ақ болсын. Мал басын еселеп алған соң ауылдан жырақтан жер алады. Ал сол жердің тұрғындары отар-отар қоймен, не табын сиырымен топ ете түскен жаңа қоңсыласына қуана қоймайды. Әкімдікке шағымданады. Ал әкімдік жаңа шаруа қожалық иесінің тап сол жерге қоныстануын заңды деп түсіндіреді.

̶  Мал басын нақты тіркетпейді. Тіркетсе де қолындағы екі-үш сауын сиырын ғана көрсетеді. Мал саны бірегей ақпараттық базаға жинақталып, бір елді мекеннің аумағындағы мал саны жалпылама бір шығады. Жер аумағы осы көрсетілген мал санымен қарастырылады да, артық жер аумағы жер телімін сұраған азаматтарға ұсынылады. Осы тұрғыдан алғанда жаңа қыстақ иелеріне жерді заңды, дұрыс есептеп беріп отырмыз, ̶  дейді Сайқын ауылдық округінің әкімі Нұргүл Омарова.

Жер аумағы малға қатысты қалай есепке алынады? Бұған аудандық жер қатынастары бөлімінің маманы Тілеужан Таңатов жауап берді. Оның айтуынша, бір қойға 2 га, бір сиырға 10 га, бір жылқыға  12 га, бір түйеге 15 га жайылымдық жер қажет етіледі деп есептеледі екен.

Бұдан шығатын қорытынды малды тіркетпесеңіз, жайылымдық жерлеріңізді шектей береді екенсіз.

Тіркеудің өз тәртібі бар

̶  Малды тіркеудің өз ережесі, тәртібі бар. Тіркелген мал сырғаланып, таңбаланады. Малды тіркеу тәртібі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен бекітілген «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларында» белгіленген. ҚР «Ветеринария туралы» Заңына сай  ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру дегеніміз – малға сырғалау, таңбалау арқылы жеке нөмiр беріп, жануардың және оның иесі туралы мәлiметтердi  электрондық дерекқорға енгiзіп есепке алу рәсiмi. Заң талабы бойынша ауыл шаруашылығы жануарларының барлық төлдері  – туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін он төрт жұмыс күнінен кешіктірілмей бірдейлендіріледі, тек құлындарға таңба басылатын жағдайда  – төрт айлық жасынан бастап бірдейлендіруге жатады.

11

«Ветеринария туралы» Заңының 25-бабының талабына сәйкес мал өсіруші жеке және заңды тұлғалар өз меншігіндегі  ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiрудi қамтамасыз етуге міндетті. Ол үшін жеке тұлғалар жергілікті ветеринариялық пунктке алынған мал төлдері туралы хабарлайды, ал шаруа қожалық басшылары әр жыл басында алдағы төлдеу (бұзаулау, құлындау, т.б.) кестесін ұсынуы тиіс. Жергілікті ветеринариялық мамандар мал иелерінің хабарламасы мен төлдеу кестелерінің  негізінде өздері қызмет көрсететін аумақта мал басын бірдейлендіру жүргізеді. Қағида талабына сай республика аумағындағы барлық ауыл шаруашылығы жануарлары бірдейлендірілуі тиісті. Өз меншігіндегі ауыл шаруашылық жануарларын бірдейлендіріп, тіркеуге қоймағаны үшін мал иелеріне  әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабына сәйкес жануарларды асырау, өсiру және пайдалану кезінде ветеринариялық қағидаларды, талаптарды сақтамаған жеке тұлғаларға – жиырма, шаруа қожалықтары басшыларына  – елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

«Малдың тіркеусіз екені қалай анықталады?» деген сауалдың туындауы заңды. Ауыл әкімдері өз аумағындағы тіркеуден өтпеген малдың барын тиісті мекемелерге хабарлауға міндеттелген. Сонымен ауылдық округтердегі жергілікті ветеринар мамандар да тіркеусіз малды анықтауға мүдделі, ̶  дейді аудандық ветеринариялық станция басшысы Алмабек Құрмашев.

̶  Малды тіркетпеуден тағы да басқа нендей кедергілер бар?  ̶  деп сұрадық мекеме басшысынан.

̶  Малын бұзау кезінде, яғни малы төлдегеннен кейін жеті күннен соң он төрт күн аралығында тіркетуі керек. Тіркелмей қалған малын сойып жесе, ештеңе емес, тапсырып, не сататын болса, қиындыққа тап болады. Біз базада жоқ малға анықтама бере алмаймыз. Өз малын өзінікі екенін дәлелдей алмау осы жерден туындайды, ̶  дейді Алмабек Құрмашев.

Тіркеусіз мал  ̶  екпесіз мал

Иә, тіркеусіз малыңыз вакцинасыз қалады екен.

̶  Бір жыл бұрын мемлекеттік тапсырыс жобасы дайындалады. Вакцинасынан бастап, мақтасы мен шприціне дейін жоспарға салынып, саны анықталады. Саны сол базада тіркелген мал санына тікелей қатысты. Вакциналар малға тегін салынады. Егер сіз малыңызды тіркетпесеңіз, осы үкімет ұсынып отырған тегін мүмкіндіктен құр қаласыз. Ауру мал  ̶  аурудың ошағы, таратушы көзі. Екпе салдырмаған мал ауруды таратушы. Осылайша, ауру малдан тек өзіңіз ғана емес, сіздің малыңызбен бір өрісте жайылып жүретін өзге ауылдастарыңыздың да малы зардап шегеді,  ̶  дейді мекеме басшысы.

Бруцеллез де бір себеп

Екпе демекші, малды тіркетпеуге малдан алынатын сынамаға қарсылық та себеп боп отырғаны рас. Ауылдағы малды ағайынның кейбірі бруцеллезге сынама алғызуға қарсы.

Бисен ауылдық округінде өткен округ әкімінің халықпен есептік кездесуінде ауыл тұрғындары осы мәселені көтеріп, бруцеллезге сынама алдыртпайтынын ашық айтып жатты.

̶   Бруцеллезге сынама алу деген ауыл тұрғындарын малсыздандыру саясаты сияқты. Бруцеллезге сынама алса болды, малымыз бруцеллез бола қояды. Қыстан әрең шыққан малдан сынама алу дұрыс емес. Соттатсаңыз да, малымнан сынама алдырмаймын, ̶  деп ауыл ақсақалдарының бірі қарсылық танытқан еді.

̶  Бруцеллез  ̶  біздің бас ауруымыз. Қанша рет түсіндіріп, түсінік жұмыстарын жүргізсек те, ауыл халқының көзқарасын өзгерту қиын боп тұр. Рас, бұрын қан сынамасын ИФА тәсілімен аппаратқа салып анықтайтын еді. Қазір аппарат емес, адам яғни, тиісті зертханашы маман анықтайды. Бұрын №587 бұйрық бойынша бұзаудан да сынама алынса, қазір бұзаудан он екі айға дейін ешқандай сынама алынбайды.  Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Ауру малдан туған төл де бірге жойылуы керек, бұзаудан да сынама алынуы керек қой. Ауру бұзау, сиыр екеніне қарамайды. Бұзау да бруцеллезге шалдығады, ол да аурудың ошағы боп танылып, ауру таратады. Біле білсек, бруцеллез малдан адамға жұғып, тиісті ем шарасын алмаса, жағдайды асқындырып жібереді. Ордада қойдан да бруцеллез анықталса, күні кеше Жиекқұмда үш иттің бруцеллез ауруына шалдыққаны анықталады. Ауру асқынған кезде мал іш тастайды. Иттер соны қорек қылып, ауру таратушыға айналады. Ауылдағы ағайынның бруцеллезге немқұрайлы қарайтыны рас. Ветеринариялық инспекциядан нұсқама беріледі. Онда ветстанциядан арнайы көлік барғанша ауру малды оқшаулап ұстау, малды әкеткен соң малқораны деинфекциялау жұмыстарын жүргізуі керектігі айтылған. Жол-жөнекей мал тиеп барғанымызда ауру малдың қорада қамаулы емес, өрісте екенін айтады. Оған кісі жіберіп, күткізіп қояды. Амал жоқ, күтеміз. Машинаға тиюлі мал арып-аршып, соғылып қалады. Бір тәуліктеп күткен кезіміз де болады. Малды алып кеткен соң дезинфекция жасау керектігін айтсақ, ауру малды қорада ұстап көрмегендіктерін айтып, қораны дезинфекциялау қажет емес деп сендіреді.

Бұрынғыдай емес, қазір бруцеллез малды сау малмен бірдейге жақын сомада қабылдайды. 2017 жылдар бруцеллезге шалдыққан мал санитариялық қалдық ретінде есептеліп, ірі қараның бір келісі 700 теңгеге, қой етінің келісі 400 теңгеге бағаланса, қазіргі сома қой, сиыр деп ажыратпай-ақ -1650  теңгеден алынуда, ̶  дейді мекеме басшысы Алмабек Құрмашев.

10

«Жасыл дәліз»  ̶  тіркеусіз малды заңдастыру жолы

Жыл сайын ветеринария басқармасымен облыстық жоспар жасақталып, жоспарға сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру шаралары ұйымдастырылып отыр. Өткен 2021  жылы аудан бойынша  38760  бас ірі қара, 44579 бас ұсақ мал, 238 түйе, 9250 жылқы бірдейлендірілді. Бірақ соған қарамастан өткен жыл соңында облыс аудандарында 5770 бас ірі қара төлдері  бірдейлендірілмей, тіркеуге алынбай қалып қойғандығы анықталды. Бұл жағдай қажетті сырға бұйымдарының облысқа уақытылы келмеуінен, өткен жылы бірдейлендіру  дерекқорында төлді тіркеу жасын үш айға дейін шектеу енгізілуіне байланысты орын алды. Сонымен қатар мал өсіруші тұлғалардың меншігіндегі мал төлдерін уақтылы бірдейлендіру міндеттеріне жауапсыз, атүсті  қарауы да мәселенің бір себебі болып табылады.

Аталған мәселеге қатысты,  өткен жыл соңында Батыс Қазақстан облысы әкімдігімен облыс шаруашылықтарында тіркелмей қалып қойған мал  төлдерін толық әрі нақты жасына сай тіркеуге қоюға рұқсат беру туралы  Ауыл шаруашылығы министрлігіне бірнеше қызметтік хаттар жолданған. Соған сәйкес қазіргі уақытта  Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасымен   ағымдағы  жылдың 1 ақпан мен 31 мамыр аралығында ел аумағында  тіркелмей қалған  мал басын тіркеу, заңдастыру  үшін  «Жасыл дәліз – 3» шарасын жүргізу жөнінде шешім қабылданып отыр. Бұл ретте тұрғындардың қаперіне «Жасыл дәліз» шарасының белгіленген мерзімдерден тыс ұзартылмайтындығы ескертіледі. Бұл «Жасыл дәліз» шарасы шеңберінде облыстағы мал өсіруші жеке тұрғындар мен шаруа қожалықтары бұрын тіркеуде жоқ малдарын бірдейлендіріп, дерекқорға тіркеуге қоя алады. Ол үшін мал өсіруші тұлғалар тұрғылықты жері бойынша ветеринариялық ұйымдарға хабарласып, өтініш пен басқа да тиісті құжаттарды ұсынуы  қажет. Себебі «Жасыл дәліз– 3» шарасының шарттары бойынша малды бірдейлендіру дерекқорына тіркеу үшін жергілікті ауыл әкімі аппараттарының шаруашылық кітаптарындағы мал саны негіз болады және малды дерекқорға тіркеу кезінде  мал иесіне қатысты шаруашылық бойынша есепке алу кітабының деректері енгізіліп, сканерленген нұсқасы немесе фотосуреті жалғанады. Яғни шарт бойынша малдәрігерлік ұйымның бірдейлендіру дерекқорына тіркеуге өтініш берілген ауыл шаруашылығы жануарлары ауыл әкімшілігінің шаруашылық кітабында тіркелген болуы міндетті, егер мал иесінің  санаққа берген мал басы жеткіліксіз болса, тіркеуге өтініш берілген малдар алдымен ауыл әкімшілігінің есебіне қойылуы қажет. Ветеринария басқармасымен барлық  аудан әкімдіктеріне «Жасыл дәліз – 3» шарасы туралы қызметтік хаттар жолданып, тұрғындар мен малдәрігер мамандарға шаруашылық есепке алу кітаптарының деректерін беруді ұйымдастыру жөнінде хабарланды.

Аудан аумағында «Жасыл дәліз – 3» шарасын өткізу жұмыстарына тұрақты бақылау жасалып, орын алып отырған мәселелер апта сайын орталық мемлекеттік органдармен өткізілетін селекторлық кеңесте талқыланады. Қазіргі уақытта малды тіркеуге қоюда шаруашылық есепке алу кітаптарының деректерін алуды біріздендіру  мәселесі қарастырылуда. Бүгінгі таңда осы акция мүмкіндігін 135 шаруа қожалығы, 118 жеке тұлға пайдаланып үлгерген. Биылғы ақпаннан бері 4943 бас мал, таратып айтсақ,  3632 ірі қара, 1271 ұсақ мал, 40 жылқы тіркеуге алынған.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале