28.07.2022, 18:35
Оқылды: 39

Тірлігі мен бірлігі жарасқан шағын ауыл

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында әкімдердің халық алдында тоқсан сайын есеп беруі қажеттігін айтқан болатын. 

Аққозы сход (1)

Бүгін Қаратөбе ауданы Аққозы ауылдық округіне қарасты «Бесоба» ауылының мәдениет үйінде ауылдық округ әкімі Қоныс Мұқанов ауыл тұрғындары алдында ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында округте атқарылған жұмыстарды баяндап, алда атқарылатын міндет-мақсаттарға тоқталды.

– 2021 жылды жақсы нәтижемен аяқтадық. Жыл басында биылғы жылдың бюджеті бекітіліп, жоспарға сай біраз жұмыстар жүргізілді. Округ бойынша қыстақ біркелкі жақсы өтті. Қаңтар айындағы есеп беру жиналысында көтерілген көше шамдарына қатысты айтылған мәселе бойынша «Нұрқанат» шаруа қожалығы жұмыстанып, округ орталығында көше шамдарының орнатылғаны баршаңызға белгілі.

Ауыл тұрғындарының көкейінде жүрген тағы бір өзекті мәселе бұралқы иттердің көбеюіне байланысты мамыр айының 26-27 күндері аудандық ветеринариялық станциясының мамандары келіп жұмыстанды.

1 шілдедегі есеп бойынша округте мал басы саны: ірі қара-4534 бас, қой мен ешкі -13610 бас, жылқы - 2014, түйе – 12 бас болып отыр.

Округ бойынша мал азығын дайындау жұмыстары басталды. Оған 33 трактор, 60 орақ шығарылды. Шөп бумасының бір данасы 3000 теңгеден ауыл халқына сатылуда. Бұл аудан бойынша ең төмен баға, - деді округ әкімі Қоныс Ізімұлы.

Аққозы сход (3)

Есеп беру жиынында учаскелік полиция инспекторы Ерболат Қадыр сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын әлеуметтік желілердегі алаяқтардан сақ болу, мал бағымына үлкен көңіл бөлу қажеттігін назарға салды.

Ауыл тұрғындары ауылда ең өзекті болып отырған таза ауыз сумен қамту, көше шамдарын орнату, жарықтың өшпеуі, ұялы байланыс орнату, малға анықтама алу сынды өткір мәселер төңірегінде өзара ой бөлісті.

Жиналысқа қатысқан аудан әкімдігі аппаратының басшысы Азамат Карменов ауыл тұрғындарының сауалдарына жауап берді.

– Ауылда ең өзекті болып отырған ауызсу мәселесі бойынша қазіргі таңда аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімімен Бесоба ауылына таза су тарту мақсатында жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сараптамаға жолданғанын атап өтті.

Аққозы сход (5)

Сонымен қатар ауыл халқының тұрақтауына бірден-бір себеп болып отырған ауыл мектебін сақтап қалу – басты мақсат. Биыл ауылдағы бастауыш мектепте бала саны жеткілікті, жаңа оқу жылында жұмысын жалғастырады деп отырсыздар. Бұл ауыл тұрғындары үшін қуанышты жағдай,- деді Азамат Ғабдрашитұлы.

Ерболат Мырзағұлұлы,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале