7.12.2020, 9:20
Оқылды: 124

Төл басылымға тегістей жазылайық

Тоқтаусыз алға жылжыған уақыт дөңгелегі, қоғам дамуын ерекше жылдамдықпен алға жетелеуде. Ақпарат алу күшейтілген, мәдени қарым-қатынас ауқымы кеңейген, ғаламдық мәселелердің барлығына үйде отырып дауыс қосып, пікір алмасуға жеткізген бүгінгі таңда зиялы қауым ерекше қадірлейтін бір нәрсе бар. Ол – өзіміздің сүйікті газетіміз.

FF3DBFD1-520F-4DFF-96E8-D95CDE4A1FDC

Әр тілшінің өзіне тән тілін ұғып, олардың сөз саптауын түсініп, сөздік қорының қаншалықты дәрежеде екенін ұғындыратын да осы сүйікті басылым бетіндегі мақалалар десек жаңылыспаймыз. Газет бетінен халық мұңын, елдің ойын, ауылдастардың жан толқытар қуаныштарын, олардың бас ауыртар қиындықтарын дер кезінде жеткізе білген газетімізге өте-мөте ризамыз.  Күтіп жүріп, пошташы әкелген газет-журналдардың ішінен ең бірінші «Жаңарған өңірді» қолға алып, жүріп келе жатып бетін парақтай бастайтынымды несіне жасырайын.

Біздің газетіміз әлемдік озық тәжірибелерді негізге ала отыра, ұлттық рух пен рухани мұраларымызды қастерлейтін, бүгінгі таңда кейбіріміздің «қалғып кеткен» намысымызды оятатын мақалаларды жиі басады. Салт-дәстүрімізді жан-тәнімен қабылдаған, елі мен жері үшін маңдай терін төккен асыл  азаматтар туралы, бүгінде ерекше қарқынмен инфрақұрылымдық дамудың тасасында қалған атакәсіптің меңгерілуі жайлы үнемі жариялайды.      

Тарих толқынынан жергілікті жерге қатысты, ғибратты аңыз-әңгімелерді теріп алып, ұлт құндылығының маңызын айқындауда жан жадырататын шығармаларды да көріп қаламыз. Сонымен қатар ұлтжанды, халық әдебиетін, мәдениетін, өнерін, тілін биік талғаммен өте үлкен құндылық ретінде бағалайтын, білімін, таным-түсінігін, ақыл-ойын өз халқына жұмсайтын қазақтың ардақтылары туралы естеліктер де ерекше орын алады. Газетіміздің бетіндегі «Атакәсіп», «Тағзым» «Мәселе», «Зерде», «Еңбек адамы» сияқты айдармен берілетін мақалаларды сүйсіне оқып, отбасымызбен талдап, әңгімелеп қажетімізге жаратып отырамыз.                                                                                            

Кезінде алаш ардақтылары басшылыққа алып жұмыстанған, бес  ұстаным  (Жер, Тіл+дін, жер байлығы, өнеркәсіпті дамыту, демократия)  мәселелері дәл қазіргі таңда да ең өзекті жан сыздатар ауыр тақырып екендігі «көзі ашық, көкірегі ояу» әр қазаққа белгілі жайт. Алаш ардақтылары туралы, олардың өмірдерегінің беймәлім тұстарын анықтай түсіп, ел алдына жария ұсынуда біздің тілшілердің де қосқан үлесі мол. «Сәті түскен сұхбат» айдарынан әр мамандықтың қыр-сырынан толық мағлұмат беретін жерлестерімізбен өткізілетін әңгіменің жариялануы да қызықтырары сөзсіз.

Ұлан-ғайыр қазақ даласының қасиетті мекенінің бірі – Жаңақала жерінің тыныс-тіршілігі туралы, шаруа баққан елдің еңбекқор кісілері туралы, кәсібін жете меңгеріп биік сатыға көтерген асыл адамдары жайлы, бүгінгі таңдағы ұл тәрбиесінің маңызын, сананы сансыз сұрақпен тілгілейтін қыз тәрбиесінің  кем-кетігі жайлы толық жазып, келер ұрпақтың қажетіне жараса  деген бағытта жан сала жұмыстанатын газетімізге жазылу – басты міндетіміз деп білемін.

Ендеше, төл басылымға толықтай қолдау білдіріп, тегістей жазылайық қадірлі жерлестер! Газетті алдырып оқитын оқырмандар легі мол болғай.

Ақмарал Аманқызы,

зейнеткер ұстаз, аудандық «Жаңарған өңір» қоғамдық-саяси газетінің тұрақты оқырманы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале