25.10.2021, 17:32
Оқылды: 154

Төлеген Төреғалиев, Сырым ауданының әкімі: «Еңбекшілерге әр тамшы тері үшін алғыс айтамын!»

Кеше Сырым елінде той өтті. Ауданның диқандары, малшылары, бағбандары, жалпы айтқанда ауылшаруашылығы саласында қызмет етіп жүрген еңбеккерлері жазғы далалық жұмыстарды сәтті аяқтаулары құрметіне ат шаптырып, думан жасады. Төлдер өсіп – жетілгені, қысқы мал азығы жиналғаны, қамба астыққа, қойманың көкөніс – жеміске толғаны халық үшін де қуаныш. Алаштың айбоз ақыны Төлегеннің «Мен әйтеуір бар жиған – тергенімді, Бір тамаша той қылып өткеремін!» - дегеніндей, шаруалар ырысы мен несібесін бөлісіп, ел үшін той қылып жатса несі  айып? Ауданның ауылшаруашылығы саласындағы аяқалысы қалай? Артқа кеттік пе? Алға адымдадық па? Бүгін қандай түйіткілдер, болашаққа қандай жоспарлар бар? Осы сұрақтардың жауабын білмекке, Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевті әңгімеге тарттық.

4

Төлеген Серікқалиұлы! Біздің ауданның негізгі бағыты – мал шаруашылығы ғой. Қалай, шаруа ширап келеді ме?

 -Ширап келеді деп айтуға толық негіз бар. Ауданда 399 шаруашылық мал шаруашылығымен айналысады. Осыдан 10 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырсақ шаруашылықтардың саны 11 пайызға артқанын байқаймыз

Шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтарда төрт түлік мал басы өсіп, атап айтқанда, 2021 жылдың  1-ші тамызына ірі қара – 57 266 басты құрап 2001 жылмен салыстырғанда  48%-ға (2001 жылы – 27535 бас), қой мен ешкі – 117 076  басты құрап  54%-ға (2001 жылы – 54110 бас), жылқы – 27 073 басты құрап  7,6 есеге (2001 жылы – 3550 бас), түйе малы 114 басты құрап,  8,7 есеге  (2001 жылы - 13 бас) өсіп отыр.  Тәуелсіздік жылдары біз осындай табысқа жеттік.

Мал басын тұқымды түрлендіру ісі де ілгерілеген шығар.

-Аудан шаруашылықтары мал басын асылдандыру ісіне бет бұрып, қазіргі уақытта игілігін көруде. 2001 жылдары ауданда асыл тұқымды мал өсірумен айналысқан шаруашылық болған жоқ, елде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың арқасында бүгінгі күні 34 шаруашылық 5976 бас асыл тұқымды ірі қара малын өсіріп отыр. Бұл аудандағы ірі қара малының 10,4 пайызын құрайды. Сонымен қатар, ауданда асыл тұқымды жылқы өсіруші 2 шаруашылық («Иманғали» ШҚ-344 бас және «Жәдік» ШҚ-99 бас) және қой өсірумен 1 шаруашылық («Жақыбалды» ШҚ-615 бас) тіркелген.

Асыл тұқымды малмен айналысатын шаруашылықтар 2012 жылдан бері тұқымдық түрлендірулерге қатысып, 1 млрд. 477 млн. теңге көлемінде қолдау қаржы төленіп отыр.

Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін тек мал басының асылдануымен шектей алмаймын шығармыз?

- Қолдаудың аты қолдау. Мемлекеттік қолдаулардың жүйелі жүргізілуі шаруашылықтардың материалдық-техникалық базасын жаңартуына бірден бір септігін тигізді. Атап айтсақ, тәуелсіздік жылдары ішінде шаруа қожалықтарымен 489 дана ауылшаруашылығы техникалары сатып алынған. Биылғы жылдың 9 айында 41 шаруашылық 40 трактор мен 15 дана агрегаттар сатып алды.   

Жақсы. Мал да, жан да аман болсын. Малдың амандығы үшін қыстақ жайлы болғаны керек...

- Әрине. 2021-2022 жылғы қыстаққа аудан бойынша 75,5 мың шартты мал басы кіреді деп жоспарланып, оларға 169,08 мың тонна мал азығы дайындалды.

Мал бағу үшін малдан бұрын, жер керек. Ауданда бұл мәселе қалай шешілуде? Өздері еңбек етпейтін, біреуге де мүмкіндік бермейтін латифундистер айылын жиды ма?

- Биылғы жылы Президент Жолдауында айтылған өзекті мәселенің бірі – жер мәселесі. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді 438 ауылшаруашылық құрылымдары пайдалануда, қолданыстағы Заңнамалар аясында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 5 шаруашылықтың (с.і.1-уі АШӨК) 5410 га жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Мемлекет қорындағы ауданның босалқы жерінен соңғы 2 жылда 63274 га. жер жеке және заңды тұлғаларға  конкурс арқылы берілді.  Тұрғындардың мал бағылымын бір жүйеге келтіру мақсатында 22 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылған болатын. Қазіргі уақытта жұмыс жасап тұрған 17 кооперативтің 6-уы жер телімімен қамтылып отыр. Өткен жылы 13 кооперативке 32,2 млн. теңге субсидия төленді. Қазіргі уақытта тоқтап тұрған кооперативтердің жұмысын жандандыру бағытында шаралар қабылдануда. Жайылымдық жерлерді суландыру жұмыстары - мал азығы қорын ұлғайтудың бірден бір жолы.

Осы мақсатта Қособа ауылдық округінен Өлеңті көлдетіп суармалау жүйесі мен Шолақаңқаты ауылдық округіндегі Аңқаты өзенінің су жіберу құрылғылары күрделі жөндеуден өткізілді. Мал жайылымдарын суландыруды мақсат тұтқан 39 шаруашылық мемлекеттік бағдарламалар аясында 43 құдық қаздырып пайдаланып отыр.

Байқасақ, кейінгі жылдары егін шаруашылығы екпін алып келеді екен. Жазда бірқатар алқаптарды өзіңізбен бірге жүріп араладық. Жаңа техника мен жаңа технологияны қолданғандардың еңбектері ақталды ма?

-Кеңес кезінде Сырым ауданы 180 000 га егін алқабы бар облыстағы «егінші» аудандардың бірі болды. Егемендіктің алғашқы жылдарында сырымдық диқандардың дені қалаға қарай көшіп, егінді Оралдың іргесіндегі құнарлы жерлерге салғанды жөн көрді. Осылай кенжелеп қалды.

Тәуелсіздік жылдары Сырым ауданында мал бас екі есеге өсті дедік. Сәйкесінше, мал азығына қажеттілік те артты. Азықтық қорды тек табиғи шөппен қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан, сырымдық шаруалар қайтадан соқа тіркеп, жер жыртып, екпе шөп мәдениетін дамытуға кірісті. Қазір ауа – райы өзгерді. Қыс қарсыз, көктем – жаз жаңбырсыз болуда. Өзен – көлдердің арнасы суалды. Бірақ, бұл алқаптар құнарсыз, егінге жарамсыз деген сөз емес. Біздің даланың малдың жем – шөп қорын дайындауға құнары жетеді. Жердің тілін табу керек. Ол дегеніңіз, өзіңіз айтқан жаңа технология.

Аудан бойынша биылғы жылы дәнді дақылдар алқабы 8591 гектар жерге егіліп (күздік – 3830 га, жаздық дәнді дақылдар – 4761 га),  шығымдылығы 8,1 центнерден келсе, майлы дақылдар 4523 га. жерге егіліп, шығымдылығы 6,6 центнерді құрады. Кейінгі жылдары ауа райының қуаңшылығына байланысты шаруашылықтар жаңа технологиямен жабдықталған ауылшаруашылық техникаларын сатып алу арқылы құрғақшылыққа төзімді, сапалы дәнді дақылдар егу ісімен айналысып, жоғары өнімге қол жеткізуде. Атап айтқанда, «Жібек жолы» шаруа қожалығы  жаңа технологиямен еккен арпа дақылының әр гектарынан 10 центнер, құмай өнімін 11 центнерден алып, өзге шаруашылықтардан 2-3 есе артық өнім алып отыр.   Сондай-ақ, жаңа технологияны тәжірибеге енгізген «Ажғалиева А.Х.» шаруа қожалығы күздік бидайдан гектарына 14 центнерден өнім алып, аудан бойынша күздік бидай өнімділігінің көрсеткішін 11,6 центнерге көтерді. Осы саладағы айтарлықтай өзгерістердің бірі цифрландыру жұмыстары болып отыр. Бүгінгі күні 1 шаруашылық мал бағуға дрон құрылғысын, 3 шаруашылық электро-бақташы және бірқатар шаруашылықтар GPS-трекерлер пайдаланса, 179 шаруашылық 203 дана күн панелдерінің игілігін көруде.

1

Сөзіңізге қарасақ, егін шаруашылығы мал шаруашылығының «екінші тынысы» бола алатын сыңайлы...

- Өте дұрыс айтасыз. Егін шаруашылығы мал шаруашылығының «екінші тынысын» аша алады. Себебі, малдың өсімін жүйелеу, оны күтіп – баптап, жас малды уақытында бордақылап, тапсыру немесе қашарларды уақтылы күйекке жіберіп, төл алу – бәрі оның азығына байланысты. Азығы құнарлы әрі жеткілікті малдың еті де, төлі де сапалы болады.

2

Мал өсіру үшін бірінші кезекте оның қорегін ойлауымыз қажет. Қазір көп шаруашылықтар «Шөп шықса...», «Су келсе..» - деп, табиғат құбылыстарына ғана иек артып отыр. Сапасыз шөп түлікті жарылқай ала ма? Технология дамыды. Арман – қиялдан гөрі амал пайдалы. Су келмесе, келтіру керек. Шөп шықпаса, егу керек. Мақсары, судан шөбі сияқты көпжылдық және біржылдық екпешөптер бар. Екеуінен тамаша қорек даярлауға болады. Бұларға суармалы алқаптың да керегі шамалы. Біздің ауданда екпешөп мәдениетін дамытуға барлық мүмкіндік бар.

3

Биыл ауданда мал басын бірдейлендіру ісі біраз сынға ұшырады. Бұл жұмыстар туралы не айтасыз? Жалпы, ветеринария саласында маман тапшылығы бар – ау?

-Аудандағы мал басын бірдейлендіру жұмысы не үшін керек? Біріншіден, әрине есебін білу үшін. Қазіргі таңда мал шаруашылығын қолдауға арналған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар бар. Мал басының бірдейленгені екіншіден осы игіліктерге қатысу үшін қажет.  Малдың сан алуан ауруы бар. Ветеринарлық шараларды жүргізу үшін де мал басынының есебі дұрыс болғаны ләзім емес пе? Міне, бірдейлендірудің маңызы.

Ветеринария саласы мамандарға мұқтаж. Тәжірибелі мамандар зейнет жасына келіп қалды. Олардың орынын білімді жастар алмастырса дейміз. Әрине, ветеринария жетік білімді, асқан жауапкершілікті талап етеді. Бұл сала қазір «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына енгізілді, яғни ветеринар ауылға келіп қызмет жасағаны үшін мемлекеттен көтерме жәрдемақы мен баспана ала алады.

Қазіргі таңда тек округтердегі ветпункттерге емес, әр шаруашылыққа ветмаман қажет. Мәселен, «Жібек жолы» шаруашылығында агроном да, ветдәрігер де бар.

Ветеринар мамандар қажет болса, «Сырым колледжінен» неге «Ветеринария» мамандығы ашылмайды?

-Бұл терең талдауды, зерделеуді қажет ететін сауал. Бірақ, ашу жағын қолдаймын.

«Сырым колледжіне» «Ветеринария» мамандығын ашу үшін барлық заманауи материалдық игілікпен жабдықталған аудиториялар, зертханалар керек. Студенттер шаруашылықтардағы мал төлдету, вакцинациялау науқандарына қатысуы тиіс. Оларға теория ғана емес, тәжірибе үйретілуі керек.

Біздің колледж сол кезде көршілер аудандарды да ветмамандармен қамтыр еді.

Арнаулы орта емес, жоғары білімді ветмамандар да көбірек керек. Ветеринарлық іс – шаралар малға екпе салу, жарасын емдеумен шектелмейді. Уақтылы диагноз қою, өсімі мен дамуы жоспарлау – жоғары білімді ветеринар маманның қолынан келетін шаруа.

 Кәсіпкерлік саласына бұрылайық. Кейінгі кезде ауданда қандай кәсіп түрі қарқынды дамуда? Өндіріс керек деп жүрміз. Сіздің ойыңызда жүрген қандай бизнес – идея бар?

-Тәуелсіздік жылдарында ауданның шағын және орта бизнес саласы қарқынды дамуда. Соңғы 10 жылдың өзінде субъектілер саны 60 пайызға артып, 2011 жылғы 803 субъектіден бүгінгі күні олардың саны 1340-қа жетіп отыр. Шағын және орта бизнес субъектілерінде 2650 адам жұмыс жасауда, бұл аудандағы экономикалық белсенді тұрғындардың 23,7 пайызын құрайды.

Өздеріңіз білетіндей, Сырым ауданының республикалық маңыздағы жол бойында орналасуы жол бойы қызмет көрсету орындарының ашылуына және сервистік қызметті дамытуға оң әсерін тигізді. Оған дәлел осы жылдар ішінде Самара-Шымкент тас жолы бойынан 30-ға жуық кәсіпкерлік нысандар ашылып, олардың ішінде 3 мейрамхана, автокешен, супермаркет, қонақүй, 7 жанар-жағармай құю бекеттері, 4 көлік жөндеу орны, 2 көлік жуу орны, 3 азық-түлік дүкендері мен 8 асхана, кафелер қызмет көрсетуде. Аталмыш қызмет көрсету орындарында 170-тен астам тұрғын тұрақты жұмыс жасап келеді. Биылғы жылы қосымша  мейрамхана мен супермаркет іске қосылады деп күтілуде.

Аудан экономикасын көтеруге әсер ететін факторлардың бірі ол жеке инвестиция, бұл көрсеткіш ағымдағы жылдың 8 айына 1 млрд. 288 млн. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 60 пайызға артты. Биылғы жылы іске қосылған 9 жеке кәсіпкерлік нысандары тұрғындар игілігіне қызмет етуде. Қызмет көрсету орындарына 21 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты.

Сырым ауданы кәсіптің қай түріне болса да қолайлы аудан деп айта аламыз. Осы орайда аудан аумағынан өз кәсіптерін ашқысы келетін азаматтарды әрқашан қолдауға дайынбыз. Ауданда қазіргі уақытта  Шолақаңқаты ауылдық округі аумағынан «KazMeatIndustry» ЖШС-мен  40 000 басқа арналған, яғни романов тұқымды қой етін өндіріп, экспорттауға бағытталған жобасы қолға алынуда. Жалпы құны 8 млрд. теңге болатын жоба аясында жерді суландыру кешені, ғимараттар мен қой өсіру кешенінің құрылысы жоспарлануда.

Ашығын айтайық, ауданда кәсіпкерлік бастамаларының 90% - ы қызмет көрсету нысандарын ашумен шектеліп отыр. Оның ішінде жол бойындағы сервис қарқынды дамуда. Әрине, қай – қайсысының да аудан экономикасын көтеруде өзіндік үлесі бар. Бірақ, бізге өндіріс орындарын ашумен айналысатын кәсіпкерлер керек. Мәселен, құрылыс саласын алайық. Құрылысқа қажетті материалдың бәрін облыс орталығынан тасимыз. Ал бәріміз үй салуға пайдаланып жатқан керамзит тастарды ауданның басынан неге шығармасқа? Аппаратын сатып алса, цемент пен құм қолжетімді ғой. Кірпішті де өндірсе болады. Тұтынушы табылады.

Дүкендерге нан мен сүт өнімдері де Оралдан әкелінеді. Осыларды ауданның өндіруге аса көңіл бөлсек екен, жерлестер! Биыл Бұлан ауылдық округінен «Берекет» шаруа қожалығы 120  бас асыл тұқымды сүтті бағыттағы қашар сатып алды. Шаруашылық болашақта Бұлан ауылынан сүтті өндіріп әрі өңдейтін цех салғысы келеді. Жымпитыда мал сою пунктті салынды. Өндірсек, жартылай фабрикатталған ет өнімдері де саудаға сұранып тұр. Осы жобалар жүзеге асса, халықты жұмыспен қамтуға да, аудан қазынасын молайтуға да үлкен септік болар еді. Алдағы уақыттағы біздің жұмыс осы бағытта өрбуі керек деп есептеймін.

Ауылшаруашылығы – ауылды ғана емес, республиканы алға сүйреп әрі экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп тұрған сала. Алла қаласа, Кешегі тойда ауданның ауылшаруашылық саласындағы жетістіктері жария етілді. «Үздік шопан», «Үздік механизатор», «Үздік агроном» секілді еңбек озаттарын өз қолыңызбен марапаттадыңыз. Басқа да әріптестеріңізге - қарапайым еңбекшілерге қандай тілек айтасыз?

-Тілектен бұрын мына мәселеге назар аудартқым келеді.

Әрбір еңбек ұжымы үшін бірінші мәселе – кадр мәселесі. Ауданда кейбір шаруашылықтарда малшылар, механизаторлар 10 – 20 жылдап еңбек етеді. Ал, кей қожалықтар бақташысы мен тракторшысын 2 ай сайын ауыстырады. Мені осы мәселе көп ойландырады? Егер, шаруашылықтар қызметкерін заң жүзінде, заңды келісімшарт негізінде жұмысқа алса және оған жанұясын асырай алатындай көлемде жарытып жалақы төлесе, материалдық көтермелеумен ынталандырып тұрса, жұмысшы оған еселі еңбекпен жауап береді. Еңбекші өзінің болашағына сенуі керек. Ауызша келісім, кешіккен еңбекақы, желінген қақы бар жерде, жұмысшы міндетін адал атқара алмайды.

Сондықтан, шаруашылық иелері әріптестерінің еңбегін дұрыс бағалай білсе екен деймін. Дархан даланы туған үйіне айналдырып, еңбектің туын көтеріп аттың жалында, трактордың «қомында» жүрген аудан еңбекшілеріне әр тамшы тері үшін алғыс айтамын! Сіздер маңдай терлеріңізбен суарған далада береке мен бақыттың, ырыс пен молшылықтың гүлі жайқалсын!

Рахмет, Төлеген Серікқалиұлы! Сіздің еңбегіңізге де табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан:

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале