21.09.2022, 16:31
Оқылды: 42

Төлеген Төреғалиев: «Сырым елі - қазақ руханиятына олжа салады»

Қыркүйек айының 26-сы мен қазан айының 1-інші жұлдызы аралығында Сырым ауданында облыстық, республикалық деңгейдегі бірқатар шаралар өтеді. Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Батыс Қазақстан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында баспасөз мәслихатын өткізіп, жоспарын таныстырды.

WhatsApp Image 2022-09-21 at 15.32.29

-Қазақтың тарихында ұлттық азаттық үшін болған арпалыстар, теңдікті көксеген көтерілістер көп орын алды. Олардың көш басында – Сырым Датұлы тұр. Қырлай берген сайын гауһар тастың жарқырай беретіндігі сияқты, Сырымның сан қыры оны феноменге айналдырып тұр. Ол – батыр, би ғана емес, ішкі және сыртқы саясатқа жетік дала дипломаты. Сырым құрған «Халық кеңесі» - қазір әлем ауысып жатқан демократияның ірі арнасы. Ал Жаһанша Досмұхамедов – қазақтың маңдайына туған арыс. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқайлар құрайтын тарихтың маржан моншағының асыл тасы – Жаһанша. Қос тұлғаның туған жері ретінде Сырым ауданы тойдың туын көтеруде. Ауданда тұтас бір апта бойы мәдени-көпшілік шаралар өтеді.

Батырдың ерлік дастаны баспадан қайта басылып шығады. Жымпиты топырағында ғалымдар кеңесіп, тарихтың жаңа парақтарын оқиды.

Спортсүйер қауым үшін жақсы жаңалық – Жымпитыда «Алаш барысы - 2» республикалық турнирі өтеді. Басты қонақ – «Қазақстан барысы» атанған Мақсат Исағабылов. Апайтөс алыптардың айқасын Жымпитыға келіп көруге болады.

Әрине, той болғасын жүйріктер жарысады, ақындар айтысады. «Алтын домбыралы» ақындар – Бекарыс Шойбеков, Мұхтар Ниязов, Жансая Мусина бастаған белгілі жыр дүлдүлдері Сырым мен Жаһаншаның елін жырлауға келе жатыр.

Тойдың емес ойдың заманындамыз. Сондықтан Сырым еліндегі әрбір шара – қазақ руханиятына олжа салатын болады. Елімізге құрметті қонақ болуға шақырамын! – деді Төлеген Төреғалиев.

Мәслихатқа қатысқан аудандық мәслихат депутаты, С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры, өлкетанушы Айнагүл Ойшыбаева шаралардың тарихи келбетіне тоқталды.

Тікелей эфир «AQJAYIQ» телеарнасы арқылы таратылды.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Суреттерді БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі ұсынды

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале