9.04.2025, 23:00
Оқылды: 131

Трактор тізгіндеген ана

Біздің қоғамда әйелдің орны отбасы, ошақ қасы бола тұра, ер азаматтармен иық тіресе еңбек етіп жүрген нәзік жандыларымыз қаншама?!  Солардың бірі – аудан көлеміндегі шаруашылықта өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан, алып техниканы еңсеріп, дала төсін дүбірлеткен Мақтым апамыздың еңбегін бірі білсе, бірі білмес.

 Трактор тізгіндеген ана (2)

Еңбек ардагерімен кешегі күнінің естелігімен бөлісіп, әсерлі әңгіме өрбіткіміз келіп, шаңырағына қарай аяңдадық. Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем беретін  тектілік қанымызда бар халықпыз ғой. Сол қасиеттен айнымаған анамыз қақпа алдынан жүзінен нұр төгіліп, күлімдей қарсы алды.

Трактор тізгіндеген ана (6)

Хамзина Мақтым Қажиденқызы 57-ші жылдың қысында шаруа отбасында дүниеге келген.  Әкесі Қажиден мен анасы Сәлиманың құрсағынан тараған 8 баланың ортаншысы.  Сакко мектебінде сегізжылдық білім алғаннан кейін  1974 жылдың ортасында әкесінің жолын қуып, Фурман ауданындағы кәсіптік училищеде механизатор мамандығы бойынша 2 жыл білім алады. Өзге арулар секілді аспазшы, есепші, тігініші болмай, тракторшы болуының өзіндік себебі бар. Дала көлігіне бала кезінен құмартып, әкесінің қасында ере жүріп, тізгіндеуді үйренеді.

Оқуын ойдағыдай аяқтаған бойжеткен Бірлік совхозына келіп, алғашқы еңбек жолын бастайды. Ең әуелі тырма тырмалауға көмектеседі. Кейін ескі трактор айдап, Қосаев Қадим басқарған уақытта  Т-40 маркалы жаңа тракторға ие болады.

WhatsApp Image 2025-04-09 at 18.22.02

- Ол кезде жан алып, жан беріскен жұмыстармен қатар былайғы уақытта да механизаторлар қол қусырып қарап отыра алмайтын. Көктем өзімен бірге таусылып бітпейтін қарбаласын ала келеді.  Сол уақытта Бірлікте монша соғылып, үй салынып бастаған еді. Соған тас тасып, түнгі уақытта даладағы шабандардың үйіне қонып, оларға да қора, үй саламыз. Ол кездері қасымда  Көпеш, Қуанышқали,  Кенжебай деген ағалар болды.   Осылайша еңбекке ерте араласып, қоңырқай күнімізді кешіп жүре бердік.  Ұжымда трактор айдаған жалғыз қыз болдым. Табиғаттың тосын мінезіне төтеп беріп, жылдың төрт мезгілінде де дамылсыз жұмыс жасадық. Тракторым бұзылып қалған кезде әкем келіп көмектесетін. Одан еңбек бригадасына қабылданып, ол жерде де үйреншікті жұмысымды атқардым.  Әкем  техника айдау қыз балаға тән емес дегеннен кейін машина-трактор жөндеу шеберханасында (МТМ) қоймашы болып та жасадым.  1981 жылы мәстексайлық Нұрымғали есімді азаматқа тұрмысқа шығып 4 ұл, 2 қыз сүйдік. Жолдасым да механизатор болды.  Мәстексайда ұзақ тұрмай, Жаңақалаға көшіп келдік. Нұрымғали газ құбыры мекемесінде қызметте болды.  Мен жұмыстың ыңғайы шықпай, біраз уақыт жұмыссыз отырып қалдым. Қыдыралиев Елеукен деген әкемнің құрдасы болатын. Сол кісі ДЭУ-ге (жол мекемесі) жұмысқа шақырып, тәуекелге бел буып, мамандықсыз кассир де болдым, қоймашы боп та жасадым.  Еден де жудым. Қара жұмыстан еш арланбадым. Одан «Тұлпар» автобазасына ауысып, ол жерде де кіші қызметкер болдым.  Сөйтіп жүріп дөңгелек жамап үйрендім. Үлкен қайраққа   дөңгелекті егейтінмін, одан соң аккумулятор зарядтап күнімді көрдім. Өткен күндерді ой елегінен өткізсем, ылғи ер-азаматтарға тән жұмыс жасаған екенмін. Ол кездері арнайы біліміміз болмаса да, "екі қолға бір күрек" деп табылған жұмыстың басын ұстап жүре беретінбіз. 80-90-шы жылдары жұбайым сырқаттанып қалған кезде орнына жұмысқа шығып, трактор айдайтынмын.  2006 жылы  дүниеден озып,  6 баламен азынап артында қала бердім. Оларда өсіріп, адам қылу менің мойнымда болды. "Жығылғанға жұдырық" боп, сол кезде автобаз да тарап кетіп, тағы да жұмыссыз қалдым. Әкелерінің көзі тірісінде білінбейтін,  шиіттей бала-шағаны асырау қиынға соқты. Жұмыссыз ретінде тіркеліп, көшеде қоқыс та жинадым. Ол кезде ауылдық округтің әкімі Мағзом Ишанов болатын, жұмысына өте адал азамат еді. Алтауына әке де, шеше де өзім болып, тістелеп жүріп, аяққа тұрғыздым. Ішер астарын, киер киімдерін адалынан табуға баулыдым, -  дейді үйдің де, даланың да тірлігіне тындырымды ана.

- 1994 жылдан бері марқұм Нұрымғали ағалармен Құдай қосқан көршілерміз Ағай бақилық болған соң Мақтым апа балаларын жетілдіріп, келін түсіріп, қыз ұзатты. «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық» дейді ғой. Қандай сәтте де ақылын айтып, қолындағы барын беруге даяр, кеңпейіл жан. Балалары да адал сүт емген, тәрбиелі. Үй шаруасын да дөңгелетіп, қоғамдық шараларда да бой көрсетіп жүретін көршімнен көше болып үлгі аламыз, - дейді ата қоңсысы Ұлмекен апа.

Трактор тізгіндеген ана (3)

2011 жылы 53 жасымда бала санымен зейнетке шыққан батыр ана "Күміс алқалы" болды. Бүгінде тұңғышы Асхат пен кенжесі Мейрамгүл қолында, үй шаруашылығына көмектеседі. Үш ұлы Абзал, Азат, Дулат отбасымен Ақтөбе қаласында тұрады, үшеуі де бір зауытта  жұмыс жасайды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, Дулаты әке-шеше ізін басқан, ол да механизатор. Жазирасы Теректі ауданында ұстаздық қызметте. 9 немере, 2 жиені бар Мақтым анамыздың сөзі түзу, жүрісі тың, қимылы ширақ.  Қазірдің өзінде көлік айдап, сиыр сауып, май былғап, құрт жасайды. Ауданымыздың спортын дамытуды өзіндік үлесі бар. Шаңғы тебу,  мылтық ату секілді облыстық сайыстарға үздіксіз қатысып, жүлдегерлер қатарынан талай мәрте орын алып жүр. Өмірдің ащысын да, тұщысын да көрген қайсар  ана қиындыққа мойымай, бейнетінің зейнетін көріп отыр.  "Асарымды асадым, жасарымды жасадым" деп қол қусырып бос отыруды жөн көрмейді. Ауылдық аналар кеңесінің мүшесі.  Аудан көлемінде өтетін жиын, шаралардың бел ортасында жүреді.

Трактор тізгіндеген ана (7)

Туған жердің күнін де, түнін де ыстық көретін  ерен еңбек иесі Жаңақала топырағынан ұзап, өзге жаққа қоныс аударуды ойламайды да.  Мақтым Қажиденқызының ендігі арманы қолындағы ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, өрісін одан әрі кеңейту.

Трактор тізгіндеген ана (4)

25 жыл техниканың тілін тауып, шеберлігі мен іскерлігі астасқан кәсіби маман ақырын жүріп, абыройға кенеліп келеді. Бұл әрине адал еңбегінің арқасы. «Еңбек адамы – ел мақтанышы» деген қанатты сөз Мақтым анамыз анамыз сынды майталмандарға қарата айтылғандай.

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале