Білесіздерме? Ауылдағы қарапайым болса да, табандылықты, маңдай терді талап ететін мамандықтың бірі – механизатор. Дала төсін кемедей жарып, жөңкілетін тракторды тізгіндеген жандардың еңбегі қай кезде де құрметке лайық. Ақжайық ауданына қарасты Жаңабұлақ ауылының тұрғыны Ақылбек Сәрсенов жастайынан темір тұлпарды бағындырған, 34 жылын осы қызметке арнаған, әлі де сапта. Туып-өсіп, білім алған ауылынан ешқайда табан аударған жоқ. Он жеті жасынан техникаға машықтанған оның тракторынан алшақта болғаны тек екі-ақ жыл – әскери міндетін өтеуге кеткен кезі.
Президентіміздің Жарлығымен биылғы жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып бекітілгенін ескерсек, ауылда еңбекте ысылып, дала төсінде шарболаттай шыңдалған Ақылбек сынды жұмысшылардың беделін арттыра түсуі орынды. Сонымен А.Сәрсенов жиырма жылдан астам уақыт Жаслан Мұратжанов басқаратын «Дархан» шаруа қожалында еңбек етіп келеді. Баршаға белгілі, мал азығын дайындау науқанында қызу тірлік басталады. Ауылдық округтің әкімі Жамбыл Дыбысқалиевтың айтуынша, Ақылбек ауылда бір техникаға қатысы қандай да бар шаруа табылса, соның басында жүреді екен. Ауылдастарынан көмегін аяған емес. Тек тақымдаған «тұлпары» теріс қылық танытпаса болғаны. Жерлестері де темірдің тілін білетін шебердің ақысын адал төлейді. Ол – үйдегі ұлдарының нәпақасы.
– Мен алғаш 1988 жылы трактордың рөліне қолымды тигіздім. Сол кезде кеңшардың жұмысы десе, алдына жан салмайтын еңбексүйгіш, ақылшы ағаларыммен бірге жұмыс жасадым. Бірер жылдан соң, Отан алдындағы борышымды өтеуге аттанып, қайта ауылға оралдым. Келгесін, қайтадан сол трактор өзіме бұйырды. Жанұялы болдым, жолдасым Алмагүл екеуіміз төрт ұл тәрбиелеп өсірдік . Үлкендеріміз Ринат пен Бекзат, бірі Теміртау қаласында, екіншісі Ақсайда жұмыс жасап жатыр. Одан кейінгі ұлымыз Абат – студент, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде ұстаздық білім алуда. Ал кішіміз Әлихан ауылдағы мектептің 7-сыныбында оқиды. Мұның бәрін неге айтып отыр деп ойлайтын шығарсыз. Әрине, тракторшы болып, елге титтей де болса, пайдам тигеніне өкінген емеспін. Бірақ біз оқымаған білімді балаларым алып, халқына қызмет еткенін қалайтын едім. Шүкір, сол тілегім орындалып жатыр.
Жазда шабындықтың қарбалас тірлігінен қолы босамайтын Ақылдек қыс айларында ауылдағы Мәдениет үйінде жылыту қазандығының операторы болып жұмыс жасайды. Сонда да тракторшылық міндетін бір сәтке де ұмытпайды. Шаруашылыққа техника қажет болып, хабарласып жатса, ауылдастарына көмектесуге әрдайым дайын.
– Жолдасым да – қарапайым жұмысшы, мектепте кіші қызметкер. Екеуіміз де жұмысшы болғанымызбен, ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Балаларды өсірдік, баспанамыз бар. Қызметіміз елге қажет. Соның ішінде тракторшы – ауылға ең қажет мамандық. Менің түсінгенім, «білімім жоқ, мен қандай жұмыс жасай аламын» деп боз-тоз болмай, қолыңнан қандай шаруа келеді, соны күнкөріс көзіне айналдыра білу керек екен. Бастысы – жалқау болмағаның. Себебі жалқаулық ырыс пен берекені алыстатады, – дейді кейіпкеріміз. Міне, ауылдағы тракторшының өмірлік қағидасы осы.
Әсет Бисенғалиев
Ақжайық ауданы