25.03.2022, 15:45
Оқылды: 69

Трекинді толғандырған не мәселе?

Күні кеше Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов барлық округті аралап, ауданда атқарылған жұмыстар туралы есебін беріп өткен еді. Ол кездесулерде тек аудан әкімінің ғана емес, округ басшыларының да есептері мен алға қойған жоспарлары да тыңдалды. Десе де, Трекиндік ағайын ол есептерге қанағаттанбаған секілді. Өйткені олар жиылып, ауылда түк жұмыс жасалмай жатыр деген уәжін айтты. 

трекин (4)

Ел қалауын екі етпейтін аудан әкімдігі арнайы Трекинге ат басын бұрып, халықты толғандырған мәселелерді тыңдады. Толқулы ел алдына аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқанов бастаған бір топ бөлім басшылары да барды.

Трекиндік ағайын ең алдымен былтыр құрылысы басталған ауылға кірер жол құрылысы сапасыз жасалғанын көтерді. Оған аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Данияр Кушубаев жауап берді. Оның сөзінше, ауылға кірер жол 69 миллион теңгеге жөнделген. Бірақ кейбір жерлерде орын алған кемшілік салдарынан әкімдік жолды әлі қабылдамапты. Мердігер барлық кемшілікті түзеген соң мәселе қайта қарастырылады екен.

трекин (3)

Сонымен қатар жергілікті тұрғындар жол жөндеуші мердігер жолға төселер цемент орнына топырақ төсегенін де жеткізді.

- Ол топырақ жол жиегін биіктету үшін төселді. Егер ол факт анықталса, құрылыс ережесін бұзған мердігер лайықты жазасын алады,-деді аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқанов.

Сонымен қатар Мұрат Дүйсенұлы Трекин ауылына кірер жол биыл мамыр айынан қалмай қалыпқа келтірілетінін де атап өтті. Айтуынша, 2025 жылға дейін ауданға қарасты барлық округке кірер жолдар қалыпқа реттеледі екен.

Жаңа жол салынып жатқанына разы екенін білдірген кей азаматтар оған мініп-түсер орындар реттелсе деген уәждерін де айтты. Оған жауап берген мамандар жер аяғы кеңіген шақта ауыл тұрғындарынан құрылған арнайы комиссияның тексерушілермен бірге жүріп, құрылыс жұмыстарын қадағалауға мүмкіндік жасалатынын да айтты.

трекин (1)

Одан бөлек, ауыл ішінде «Жетінші» аталып кеткен шағын аудандағы алты көшеге жарық шамдарын орнату жайы да көтерілді. Округ әкімдігі аталған мәселені өз бақылауына алған. Алдағы күндері шешу жайын қарастырмақшы. Оны ауыл әкімі Мәлік Сейітов айтты.

Осы кезге дейін де болған «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдармасы арқылы тартылған су құбырының жайы да ауылдағы ағайынды алаңдатады. Құбырдың жиі істен шығатыны өз алдына, кейде үйде аққан сары суды ішу де мүмкін емес екен. Бірақ бұл мәселе барлық жерде бар. Алдағы уақытта оны шешудің жолы қарастырылмақ.

Ауылдағы Мұхит көшесінің тұрғындары да жиында өз уәждерін айтты. Сөздерінше, көшеге қойылған трансформатор тоқ күшін көтермей қалады екен. Оның үстіне ескірген.

Аталған мәселе тек Трекинде ғана емес, бүкіл облыста бар екенін айтқан аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқанов электр желілерін жаңғырту жұмыстары біртіндеп басталатынын айтты.

трекин (5)

Елдің жиналып, өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтқаны жақсы. Президентіміз де халық үніне құлақ асатын мемлекет  тұжырымдамасын қабылдады. Оны ескеріп, аудан басшылығына ауыл жайын айтқан трекиндік ағайынның бастамасы жаман емес. Десе де,біздің мәселе – мәселе, басқаныкі маған соқпайды деп ойлау да жөн емес. Олай дейтін себебіміз ауылды басқан қардан тазалау мәселесін көтерген жиынға қатысушылар қар құрсауында қалған алыс елді мекендерде де ел бар екенін ұмытып, тек өздерін ғана ойлайтынын байқатып қалды. Қар аршуға жауапты мекеме басшысының «Техника алдымен алыс ауылға барар жолды аршиды. Ол жақтың халқын қар құрсауында қалдыра алмаймызғой» дегенінде залдағы кей адам «қалса, қалсын» дегенді айтты. Бір елде тұрған соң өзгені де сыйлай білген жөнғой. Сол себепті әр іске түсіністік танытқан да жөн-ақ.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы 

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале