30.05.2020, 2:26
Оқылды: 130

Тренингке текке кеткен теңге

Шыны керек, қазіргі таңда елімізде қыз-келіншектерге арналған психологиялық тренингтер күн санап көбеюде. Мазмұнды нәрсенің көптігі бізге артық етпейді. Алайда кей мағынасыз тренингтердің  кең етек жаюы қынжылтып-ақ қойды. Оған қоса, бұл тренингтердің ақылы түрде ұйымдастырылуы – қыз-келіншектердің қалтасын да қағып болды.

E40DEE6E-409F-4B69-8730-213EB4DF63BF

Жалпы, тренинг – қазақша ақыл-кеңес қой. Ал біздің көпті көрген ақ жаулықты асыл әжелеріміз, ақылды дана әпкелеріміз өмірден көрген-білгендерін қазақи салт-дәстүрімізбен байланыстыра отырып, ақыл-кеңестерін аянбай тегін айтып келеді емес пе?

Ал қазір ше? Оң босағада отырып қалған қыз – әйел болудың қыр-сырын, дүниеге сәби әкелу бақытын түсіндіреді. Егер ол мұндай жағдайларды өз басынан өткізіп һәм сезініп көрмесе, ол жүректен-жүрекке жетеді ме? Жолдасынан ажырасқан әйел шаңырақтың шаттығын, отбасының құпиясын айтып әлек. Ашық-шашық киініп, ұлттық құндылығымызға түкіріп жүрген қыздың анасы салт-дәстүрімізді дәріптеп жүргені қай сасқаны? Мұндай жандардан қандай үлгі-өнеге аламыз?

2471DDD7-1500-45F8-8A10-34406E972ABC

Ата-енемен бірге тұрмау, төсек қатынасы, тағысын тағылар хақында жақ ашпай-ақ қоялық. Мінекей, осы тақылеттес тақырыппен алысқа шаппайтын тренер-сымақтың тренингтеріне қалай барасың? Барып қана  қоймай, қомақты қаржыны желге шашып келмексің бе? Қаржы демекші, ұлына күртеше алып бере алмай жүрген көпбалалы ана біреуден 30 000 теңге сұрап алып, осы секілді онлайн-тренингке қатысқандығын айтып мәз болып жүр. Оны да көрдік. Ұлы қиналып жүргенде, анасы тренингке қатысып қай ұшпаққа ұшпақ? Қатысты делік, бұл тренинг не берді? Оны ойлап, нәтиже шығарып жатқан жан жоқ.

«Сыбыр боп сөзі,

Мәз болып өзі,

Ойланар елдің сиқы жоқ.

Баяғы қулық, бір алдау,

Қысылған жерде жанжал-дау» деп хәкім Абай  дөп айтқан. Құр бос  сөзбен елді алдап жүрген тренинг өткізушілер қыз-келіншектердің басын айналдырып бітті-ау... Бұл менің пікірім. Ал сіз не дейсіз?

***

Марат Есентаев:

– Соңғы жылдары елімізде қыз-келіншектерге арналған тренинг көп ұйымдастырылуда. Олардың басты мақсаты – қазақ қыз-келіншектерінің психологиялық тұрғыда дамуына атсалысу. Қазіргі күні Құралай ханым, Жанар Байсемізова, Айнұр Тұрсынбаева, Мақпал Қаратай сынды танымал психологтар бар. Бұл ханымдар семинарларын Қазақстанның бірнеше қалаларында да өткізуде. Ал танымал айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева да инстаграм желісі арқылы онлайн психологиялық сабақ беріп жүр. Олар «Кез келген адам – психолог. Сен ойыңды өзгерте отырып, өміріңді де өзгерте аласың» дейді. «Көп оқып, көп іздену арқылы адам бақытқа жете алады» екен.

Алайда олар әйелдер қауымының санасын улап, отбасы тағдырымен ойнап жүргенін, қаншама шаңырақтың ойранын түсіріп жүргенін біле бермейді. Менің әйелім осы Құралай ханымның кезекті сабағына қатысып, «Лимонға ине шаншып, тілек тіле» деген кеңесінен кейін өзгеріп сала берді. Бұрынғы өмірге, болашаққа деген ортақ көзқарасымыз, мақсаттарымыз да әдірем қалды. Менің айтқандарымды тыңдамақ түгіл, құлақ та аспайды. Құралай ханымды аузынан тастамайды. Сөйтіп, арманымыз да, ойымыз да алшақтап кетті. Сенбесеңіз, оны  көндіруге, сендіруге 6 ай талпындым. Бой бермеді. Отбасым бір сәтте ойран болды. «Мысыққа ойын, тышқанға өлім» деген сияқты мына заманның жалмауыздары мен тажалдарының арасында осы психологтардың да «үлесі» аз болып тұрған жоқ. «Соқыр тауыққа бəрі жем» демекші, осы арандатушылардың артынан ерген адасқандардың «армиясы» көбеймесе азайып тұрған жоқ. Əйел тұрмақ еркектерге дейін желігіп жүр. Дауа жоқ адамдарға. Бір кезде белгілі кеңес психотерапевті Кашпировскийге де желігіп телевизорға телміруші еді. Артынан ақымақ болғандарын түсініп өздеріне өздері күліп жүр. Олар кейбір əйелдердің санасының əлсіздігін пайдаланып үсті-үстіне улап жатыр.

Сәуле Базарова, 

Подстепный ауылының тұрғыны:

– Бұрын осындай тренингтерге жиі қатысушы едім. Өзім баламен үйде отырған жанмын. Бұған қатысу үшін қаржыны жолдасымнан алып жүрдім. О баста бәрі жақсы болды.  Көп нәрсе үйреніп жүргендей болдым. Кейін... Ақша да түгесілді. Үйде оқтын-оқтын жанжал да шықты. Содан соң қатыспай қалдым. Жолдасым дер кезінде тоқтатып үлгерді. Қазір инстаграм желісінде болып жатқан тренингтерді көрсем, өзімнің қылығыма қысыламын.

Светлана  Шыңғырбаева,

Жайық ауылының тұрғыны:

– Пайдалы нәрсені үйреніп, білген жақсы, әрине! Тек қыз-келіншектерге арналған ақылы психологиялық тренингтер жұртты мезі қылғаны, рас. Қарапайым адам үшін оған қатысуға арналған ақшасы да аспандап тұр. Ал көбі теңгесі жетпей тұрса да, қарызданып соған қатысуға әуес. Егер қаржысы артылып жатса, онда мәселе басқа. Өздері айдан - айға жалақы күтіп жүргендеріне қарамастан, «ананың тренингі, мынаның тренингі» деп  шауып жүргендері құр далбаса. Құдды бір, содан керемет болып кететіндей, шауып жүрген бір адам, әйтеуір.

Зейнеп Ахметова,

«Күретамыр» кітабынан үзінді:

– Аллаға шүкір,  мақтанғаным емес, мен уызыма жарыған жанмын. Анам марқұм өмірден өткенше ұлттық дәстүр-салт, қазақы үлгі-өнегенің қылшығын  қисайтпай берік ұстаған тегеурінді адам еді. Балаларын, әсіресе бір топ ұлдың ішіндегі жалғыз қызы мені дәстүрмен ауыздандырып, тыйым-тектеумен тәрбиелеп өсірді. Одан кейін, ұлттық құндылықтардың шежіредей білгірі қайынатамның тәлімін алдым, сол кісінің көрігінде шыңдалдым. Бұл күнде өзімнен кейінгі буынға, өкшебасарларыма сөз арнайтындай азды-көпті айтарым болса, сол ардақ кісілердің бойыма сіңіргені.

Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале