24.01.2018, 16:03
Оқылды: 59

Туған ауылына жылыжай салды

Бұрынғы Амангелді ауылының тұрғыны Ильяс Хайрушин есімді азамат ауыл халқы «Алматау» атап кеткен ауыл шетінен жылыжай салып, іске қосты. Жаңа құрылыс соңғы үлгідегі материалдар (поликарбонат т.б.) пайдаланып сапалы әрі сәнді жасалған. Сыртына іші сай. Жарқыраған сымдар, әдейі ультракүлгін сәуле шашатындары, жылу бөлетіндері бар. Көгілдір отын өткізген, едені жылытылатын жылыжай іші жып-жылы. 300-ге жуық қияр көшеттері жап-жасыл болып көздің жауын алады. Жылыжайдың жалпы көлемі 245 шаршы метр. Жалпы құрылыс жұмысына бұл азамат өз қаржысына жүргізіп, 25 млн. қаражат жұмсапты.

«Өз ауылымда ісімді ашып көрмек болдым. Қазір әркім өз еліне, жеріне оралуда. Менің атам Кенжеғали осы ауылда көп жылдар бойы еңбек еткен. Астық қабылдау мекемесінде бас бухгалтер болды. Мен атамның тәрбиесінде болдым. Ол кісі біздерді еңбек етуге, адалдыққа үйретті. Еліммен бірге жұмыс жасап, өз ауылымды гүлдендіруге үлес қоспықпын»,-дейді Ильяс. Жүзінен жайдары күлкісі мен жылылық төгіліп тұрған жігітке риза болдық.

Тағы бір айтарымыз, жылыжаймен бірге жаңа тұрғын үй құрылысын қатар жүргізген екен. Екі пәтерлі тұрғын үй де жаңа үлгіде. Газы, суы ішінде, әдемі дизайнмен әрленген.

Ақтөбеде тұрып жатқан інісі Рустам Кенжеғалиев те ағасын қолдап елге келіпті. Оның келіншегі мен кішкентай сәбиі бар екен. Міне, ауылға бетбұрыс деген осы! Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын шаралардың тың көрінісі.

Екі азамат отбасымен елге келді, ісін бастады. Ертең жұмысы жүйеге түссе, қосымша жұмыс орындары ашылады. Нағыз көпке үлгі болатын үрдіс. Қолдау ғана қажет.

Ауылдың округ әкімі бастап келген аудан азаматтары жылыжай құрылысымен танысып, ақыл-кеңес беріп, ой бөлісті. Аудан әкімі А.Есалиев жас кәсіпкерлерге басқа жерлердегі осы іспен айналысушылармен тығыз байланыста болуы жөнінде, топырақтың сапасы, қосымша басқа да жұмыстарды (мал ұстау, қаз өсіру, балық) қатар алып жүру жөнінде ақыл-кеңес берді. Аудан басшысының келіп жұмысына сәттілік тілегеніне Ильяс қатты риза болды. Мамандығы теміржолшы болса да, ізденіс арқылы жылыжай жайын жақсы білетіні көрініп тұр. Ал ауыл шаруашылығының басшысы А.Бисембаев жерін рәсімдеу, құжаттарды дұрыс толтыру барысында көмек беретіндерін айтты.

Адақ Шотпанов

Шыңғырлау ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале