18.05.2022, 18:00
Оқылды: 121

Туған жерге сағыныш

15 мамыр күні Хадиша Бөкееваның бауыры Валима Бөкеева туған жері Казталов ауылына келді. 73 жылдан кейін кіндік қаны тамған жерге табаны тиген сәттен-ақ көңілі толқыған Валима Ешмұқанқызы көзіне жас алып, жерлестерін туған бауырындай құшақтап, әрқайсысымен жеке-жеке амандасты. Тағдырдың жазуымен туған қоныстан өзге өңірге көшіп, кейін көршілес, айырқалпақты ағайынға келін болып, атамекеннен жырақтап қалған. Сахна падишасының бауырын аудан әкімі бастаған мәдениет саласының майталмандары күтіп алып, әннен шашу шашып, қонақтар ұлттық тағамдарымыз бауырсақ пен айраннан ауыз тиді. Валима анамыздың Казталов ауылына келуіне себепкер болған жерлестеріміз Майра және Зарима Барадосовалар. Олар ғаламтор арқылы Валима Ешмұханқызын тауып, байланысқа шығып, туған жерін сағынған перзентінің тілегінің орындалуына себепкер болған. 

IMG-20220518-WA0059

- Ғаламторды ойлап тапқан жанға алғысым шексіз. Себебі мен 3 жасымда туған жерден жырақта болдым. Бойжеткен соң тұрмысқа шығып, кіндік қаным тамған жерге келу арманым болды. Тек Орал, Казталов деген атауларын білетінмін. Зарима мені тауып алып, туған жерге барып қайтуға көндіріп, жасымның ұлғайғандығы мен денсаулығыма қарамастан атбасын Қазақстанға, Казталовкаға бұрдым. Бұл сапарымның алдында Хадиша апам, ата-анам, бауырларым түсіме кірген болатын, - деді Валима Бөкеева.

IMG-20220518-WA0060

Майра Бариқызы Барадосова Казталов ауылында дүниеге келген. Алматы қаласында Шет тілдері институтында оқыған. Еңбек жолында мектепте, университетте, «Талап» радиосында, қызмет еткен. «Хаймат», «Орал неміс мәдени-ағарту қоғамы» ҚБ-нің мүшесі, зейнеткер.

IMG-20220518-WA0057

Зарима Бариқызы Барадосова – Казталов ауылында дүниеге келген. 1978 жылы Казталов орта мектебін бітіріп, Ленинград қаласына оқуға түскен. Қазіргі уақытта Санкт-Петербург қаласында тұрады. Ол медицина, әлеуметтік салада қызмет атқарып, зейнетке шыққан. Әлем елдерінде саяхаттап, театр, мұражайлар тарихымен танысып жүр.

«Хадиша апам жетім болмаған»

16 мамыр күні Валима Ешмұханқызы Казталов ауданы орталығындағы аудандық мұражайға барып, тыныс-тіршілігімен, мұражай қорымен танысып, Хадиша Бөкееваның замандастарымен жүздесті. Ол апасының суреті ілінген бұрышқа ұзақ қарап, отбасылық кішкентай ғана суретке көзі түсіп, «Бұл жалғыз ғана отбасылық сурет еді», - деді. Мұражайдың киіз үй бөлігінде жалғасқан кездесуде Хадиша Бөкеева туралы естеліктер айтылды.

IMG-20220518-WA0055

- Мен туған жерге сапарымның алдында балама өсиет қалдырдым. «Балам, Казталовқа барамын. Егер жүрегім тоқтап қалса, уайымдама, келме! Сүйегім туған жерімде қалсын», - дедім. Немерем де хабарласып, «Апа-ау қашан келесің дегенде», мен «Жапырағым, әжең ұзақ уақыт келмесе, онда Отанында қалды деп біл» дейтінмін. Немерем болса «Апа, келіңіз», - деп сыбырлайтын. Мұны айтып отырған себебім, Отанымда жан тапсырсам арманым жоқ! Оралға келгенімде Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрында болдым. Онда бармас бұрын, «Мен ол жерге баратын кіммін. Хадиша емеспін ғой, тек туысымын», - дедім жолдастарыма. Киелі өнер шаңырағына қадам басқан сәтімде театр ұжымы ыстық ықыласпен қарсы алды, - деп бастады ол сөз басын. Сонан соң Оралға сапары, Хадиша апамыз жөнінде баяндап, естеліктерімен бөлісті.

IMG-20220518-WA0056

- Әуелде тілшілердің, тарихшылардың қателігінен қазіргі энциклопедия және апам туралы ғұмырдеректерде оны балалар үйінде тәрбиеленді деп жазып жүр. Жоқ. Ол жетім болмады, балалар үйінде тәрбиеленбеді. Ол менің әпкем. Кейде тілшілер «Әкеңіз бен апаңыздың жасына қарасақ қалай әпкеңіз болады?» дейтін, «Хадиша әкемнің қарындасы. Оның 8 бауыры болды. Соғыстан кейін бесеуі қалып, Хадишамен алты бала өсіп-өндік.», - деп айтып жүрдім. Хадиша апам хас сұлудың өзі, талант иесі еді. Ол жездемді шексіз сүйді. Мінезі қатал еді. Ол ешқашан жалғыз болған емес. Жездем өмірден өткен соң да, оның жанына мен, оның студенттері барып тұрды. Мен әр уақытта апамның үйін тазалап тұруға баратынмын. Апам өте керемет жан еді, - деп естелігімен бөлісті.

Сұхбатты шағын кездесу барысында Хадиша апамыздың шығармашылығы, өмір жолындағы қызықтар мен қиындықтары жөнінде бірқатар естелік әңгіме айтылды. Кездесу соңында Валима апамыз Хадиша Бөкееваның жеке заттарын мұражай қорына тапсырды.

IMG-20220518-WA0061

- Қазіргі таңда әлемде мұражайларды тарихи, көркем экспонаттармен толықтыру сирек кездеседі. Себебі, ұрпақтар сабақтастығы үзіліп қалып бара жатыр. Мен оның көйлегін, үйге киюге арналған аяқ киімін, өзі оқыған 1952 жылы жарық көрген «Абай Құнанбаев. Таңдамалары шығармалар» кітабын және көзілдірігін арнайы әкелдім. Апам көп оқитын. Әр күні кітап оқитын. Ол мына қолымда тұрған кітаппен де жұмыстанған. Кітапта әкемнің жазбасы да, Хадиша апамның өзі белгілеп қойған бөлімі де бар, - деді ол.

Кездесу барысында Хадиша Бөкееваның өмірі, шығармашылығы, еңбек жолы туралы зерттеу жүргізе отырып, қайта деректер жинау мәселесі де талқыға түсті. Валима Ешмұханқызы мұражайдың «Құрмет» кітапшасына қолтаңбасын қойып, ризашылығын білдірді.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале