22.11.2023, 17:15
Оқылды: 386

«Түйенің пайдасы зор». Танымал хореограф шұбат дайындаудың әдісімен бөлісті

Қазақ халқы үшін мал шаруашылығы – ықылым заманнан келе жатырған атакәсіп. Төрт түлікті төлдетіп, оны баптап, күту жәй шаруа емес. Қазақтың сенімді серігі бола білген, көшіп-қонған кезде жүк артар көлігі, еті - жесең ас, шұбаты - ішсең шипалы сусын, пайдаға асырса - терісі бағалы шекпен болатын төрт түлік малдың ішіндегі ең қастерлісі, төресі – түйе. Сондықтан да халқымыз «Түйесі бардың киесі бар» деп бекерге бағаламаған.

6520f29d-cb89-4522-8369-d86f1cc9ac2b

Қызылобалық Серіковтер жанұясы асау нарды бағындырып, оны сауып, сүтінен мол өнім көріп отыр.

Серіковтер әулетіне 22 жыл келін болған берекелі отбасының отанасы, бес перзентті дүниеге әкелген Венера Сиыққызы 12 жасынан бастап ешкі мен сиыр сауып үйренгендіктен, түйе сауу оған аса қиындық тудырмаған.

Үй мен түздің тірлігін қатар тындырып жүрген келіншек - Қызылоба ауылдық мәдениет үйінің басшысы. Киелі сахнаға үздіксіз 25 жыл қызмет етіп, нәзіктікті талап ететін би өнерінің биігінен көрініп, «Сымбат» би ұжымының негізін қалаған, облысымызға танымал кәсіби хореографтардың бірі.

Өңірімізде түйе түлетіп, осындай мақтанарлықтай игі іспен айналысып жатқан еңбекқор жанұяның қарбаласқа толы бір күнін өз көзімізбен көру үшін күні кеше алпыстың асқарын бағындырған ауылға арнайы ат басын бұрдық.

7e6b024f-96a3-46d1-8984-646716c05195

- «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді дана халқымыз. Ерінбей еңбектену марқұм анамыздан алған тәрбие болар. Шешеміз бізді кішкентай шағымыздан еңбекке баулып, үй шаруасының қыр-сырын үйретіп өсірді. Әке-шешеміздің мал бағып, оның өнімдерін қалай пайдаланатынын көзімізбен көріп өстік. Анам Рысқаным өте еңбекқор адам болды. Ала таңнан тұрып, малын сауып, өргізіп, оның сауған сүтінен түрлі тағамды шебер жасайтын еді. Қой мен ешкіні өзі сауып, жүнін өзі қырқып, жуып, тазалап, қолмен түтіп, ешкі жүндерінен түбіт ажыратып, ұршық иіріп, сол жіптерден түрлі шәлі, кеудеше, шұлық, жакет, малақай, қолғап тоқып, қой жүндерінен жылы төсеніш, жамылғы көрпелер жасап, киіз бастыратын еді. Анамыздың адал атқарған еңбегі әлі күнге дейін көз алдымызда. Бала кезімізден малға жақын боп өскесін бе, келін боп түскенде де сол әдетімнен жаңылмадым. Соңғы 3-4 жыл көлемінде бие мен түйе саууды қолға алдым. «Түйе байлық, жылқы мырзалық» демекші, жолдасым Теміржан бұрыннан жылқы өсірумен айналысады. Кейінгі жылдары маңғаз жануарға қызығушылығы оянып, төлін көбейтудің қамына кірісуде. Нар сауу себебім, ол - таза табиғи өнім болған соң, ұрпақтарымыздың денсаулығына тиімді әсері бар тағам пайдалану керек деп есептеймін. Себебі қазір тамақ түрі өте көп болғанымен, оның құнарлылығы түйе сүтінен жасалған табиғи тағамдар сияқты бола алмайды. Оның үстіне түйе малы шөл мен аштыққа, ыстық пен суыққа қатар төзімді. Сондай-ақ мұны кәсіптің бір түрі, табыс табудың көзі деп айтар едім. Ата-бабаларымыздан мирас болып келе жатқан дүниелер болғандықтан, оны бізге аса жат, алыс деп айта алмаймын. Әсіресе, қазіргі жаһандануға бет бұрған заманда бәрі алыстап кеткендіктен, өмір сүру салты өзгерген соң, бейнеті көп кәсіп деп қарап, таңғалатын да болар. Бірақ қай жағынан да ерінбей еңбектенсең, жемісін көруге болады деп ойлаймын. Жалпы түйенің пайдасы зор. Мәселен, түйенің шудасын тұзға  салып қайнатып, аяқ буындары сырқырағанда, сарысу  жиналған  жерге  таңса, жақсы болады. Сонымен қатар оның сүті өте майлы болады. Негізінде қос өркешті аналықтан гөрі, жалғыз өркешті нар түйелердің сүті мол болады. Түйе сүтінен ірімшік, құрт, шұбат жасайды. Шұбат құрамында адам баласына қажетті дәрумен өте көп. Ол асқазан, өт, қаназдық, ішек ауруларына шипа болып, дәріханадағы дәрілерден әлдеқайда пайдалы, - деп ағынан жарылды.

5606a46d-0c24-4fb9-a8cd-ea325d6b4156

Сондай-ақ ол шұбатты  дайындау   үшін,  сүтті  ашытып,  екі немесе  үш күн қою керектігін, оны ашығасын  күбі  ыдысқа  құйып  шайқап, қазіргі кезде  сырлы  ыдысқа  құйып, шұбаттың  ірмегі  болмау  үшін  әлсін-әлі ағаш ожаумен  сапырса, сол  кезде ғана шұбат бабына келетінін айтып, оны дайындаудың өзіндік әдісімен де бөлісті.

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале