23.12.2019, 17:02
Оқылды: 176

Түлектер туған жер топырағында кездесті

Қаратөбе ауданының Саралжын ауылдық округінде Б.Қаратаев атындағы мектептің бастамасымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» бағыты аясында мектеп түлектерінің форумы өтті.

qaratobe saraljyn (4)

Алғаш рет ұйымдастырылған форум әр түрлі салада қызмет етіп, өздері таңдаған мамандығында белгілі бір жетістіктерге жеткен кешегі мектеп түлектермен тығыз байланыс орнатуды көздеді.

Алдымен Б.Қаратаев атындағы мектеп директоры Бағдат Зайнуллин алтын ұяға жиналған түлектерге алғысын білдірді. Ауылға деген сағынышын ала келген меймандар үшін «Сәлемдесу» тренингі өтті. Ізгі шара одан әрі мектеп жанынан ашылған музейге саяхат жасаумен жалғасты. Түлектер форумы аясында «Кітап – сарқылмас рухани әлем» READХ жобасы да ұйымдастырылды. Аталмыш шарада балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың "Балалық шаққа саяхат" кітабына талдау жасалып, үзінділер оқылды. Сондай-ақ түлектер «Асыл мұра» әкелер мектебінің жұмысымен танысты.

qaratobe (2)

Тағылымды кештің қонақтары арасында тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жаңабек Жақсығалиев, ақын, өлкетанушы, "Ақберен" ақындар мектебінің жетекшісі, БҚИТУ-дың ұстазы Талап Қуаныш, аудандық мәслихат хатшысы Қадыржан Сүйеуғалиев, "Нұр Отан" партиясы Қаратөбе филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Оразов болды.

qaratobe (2)

Жаңабек Жақсығалиев пен Талап Қуаныш мектептің талапты шәкірттерімен кездесіп, өз мамандықтарының қыр-сыры мен оны таңдаудағы ұстанымдарға қатысты салиқалы әңгіме өрбітті.

qaratobe (3)

-Әр адам өмірде өз орнын тауып, көздеген мақсатына жете білуі керек. Қоғам дамып, жаңаша рең өмірімізге енген сайын білім саласы мен ғылым да өзгере түсетіні заңдылық. Қазіргі әлем көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп, дамуда. Сол ілгерілеудің көшінен кейін қалып қоймас үшін болашақ мамандығыңды дұрыс таңдай білуің  керек, - деді Жаңабек Жаңабайұлы.

qaratobe saraljyn (5)

Кездесуде оқушылар көкейіндегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

Маралбек Амантаев

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале