1.03.2021, 10:52
Оқылды: 185

Тұңғыш қазақ мектебіне – 30 жыл

Өткен күндер – бір-бір тарих. Бұрынғы Камен (Тасқала) ауданында орыс ұлтының өкілдері басым болғаны мәлім. Білім ұяларының бәрі тек орыс тілді болатұғын. Бүгінде 566 оқушы мен даярлық сыныптарында 78 тәрбиеленуші білім алып жатқан Қ.Сәтбаев атындағы тұңғыш қазақ орта мектебінде 70 мұғалім еңбек етуде. Оның ішінде жоғары санатты 23 мұғалім бар. Жалпы, ауданда қазақ сыныптарының ашылғанына биыл 30 жыл.

 30 жылдық

– Тәуелсіздікке қол жеткізу – білім беру жүйесі мен педагог қауымдастығы алдынан жаңа мүмкіндіктер мен көкжиектер ашты. Ел тәуелсіздігін алған 1991-1992 жылдары ауданда «Каменская» орыс-қазақ орта мектебі жанынан қазақ сыныптары біртіндеп ашыла бастады. Кейін бұлардың саны артты. Сол уақытта мектеп Асылбек Ахметов, Ақсүйрік Хайруллина, Гүлмира Баисова, Алтынғаным Теміралиева, Жанболат Халенов, Жанар Шамұратова сынды жас мамандармен толықты. Олардың кейбірі бүгінде бір-бір мектепте басшылық етіп отыр. Ол мұғалімдер 60-тан аса бүлдіршінді білім нәрімен сусындатты. Алғашқы қазақ орта мектебінің табалдырығын аттап тұрған 1-сынып оқушыларына жылы пейіл танытқандар да аз болмады. Олардың қатарында болған Кеңес Одағының Батыры Садық Жақсығұлов, «Екпін» газетінің сол кездегі редакторы Мағжан Кенжеғалиев сынды көптеген тіл жанашырларының жалынды, рухты сөздері көптің есінде қалғаны сөзсіз. Жалпы, бір сыныптың кейін екінші сынып боп толығуына осы есімі аталған екі азаматтың себепкер болғанын айтпай кетуге болмас», - дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Айгүл Қасымова.

Орыстанған ортадағы батыл қадам

Иә, орыстанған ортада қазақ сыныбын ашу ол кезде оңайға түспегені анық. Ол кезде өзге ұлт өкілдері басым ауданда тек қана орыс тілді мектептер болғаны аян. 1980 жылдары ғана ауданға қазақтар көптеп қоныстана бастады. Ал 1990 жылдары орыс ұлтының өкілдері өзге жерге көшіп, қаракөздер саны артты. Иә, аз уақыт ішінде бұл мектеп талай білім көрсеткішінде биік деңгейден көрініп, шәкірттері топ жарды. Жүлделі орындарды қанжығаларына байлады. Ұстаздардың да маңдай терлерінің өтеулері шәкірт білімімен жарқырай көрінді.

30жыл

Қазақ ССР-і Білім беру ісінің үздігі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Бақтығұл Жұмажанұлы Тасмағамбетов Қ.Сәтбаев атындағы тұңғыш қазақ орта мектебінің тұңғыш директоры болды. Иә, ана тілдің екпіні бәсең ортада нағыз өз саласының білгір мамандарынан құралған ұстаздардың көш басында Бақтығұл Жұмажанұлы тұрғаны халықтың есінде. 1986 жылы аудандық білім бөлімін басқарып тұрған кезінде Бақтығұл Жұмажанұлының қазақылықтың тамырына қан жүгірту бағытында біраз шаруалар атқарғаны аудан халқына мәлім. Ақиқатында, өзге тілде шүлдірлеп жүрген шәкірттерін «ана тілінде сөйлетсем...» деген ұстаздың үлкен арманы болған. Кейін Б.Тасмағамбетов аудан орталығындағы балабақшаның ІІ тобын қазақша бөлім етіп ашу жайында мәселе көтерді. Бастапқыда ата-аналар балаларын бұл балабақшаға бергісі келмей, қарсылық танытады. Талап қою арқасында түсінік жұмыстары жүргізіліп, ата-аналар қателіктерін түсіне бастайды. Бірте-бірте ойлаған істері оңтайлана түсті.

– 1999 жылдың наурыз айы. Ол кезде мен Кузнецов (Бірлік) ауылында мектеп директоры болып қызмет етемін. Сол жылдары ауданды іскер басшы Рахман Оразұлы Карин басқарып тұрған. Аудан әкімі Рахман Оразұлының үлкен қолдауы болғанын айта кеткен жөн. Бір күні аудандық білім бөлімінің басшысы Бақытжамал Әбенова мені кабинетіне шақырып алды. Сол жерде ауданда қазақ мектебін ашу жайында әңгіме тиегін ағытып, сол білім ұясына директор етіп қойғысы келетінін тұспалдай жеткізді. Екеуміз аудан орталығындағы иесіз қалған екі қабатты балабақшаны барып көрдік. Кейін ол ғимарат жөнделіп, тұңғыш қазақ мектебіне айналды, - деп еске алады Бақтығұл Жұмажанұлы.

«Енді бізге орысша түсіндіріп беріңізші»

Иесіз ғимаратты жөндеу жұмыстарына ұжым ұйымшылдықпен атсалысады. Ғимараттың төбесі, қабырғалары жөнделіп, аз уақыт ішінде білім ұясы сақадай сай болды. Ұстаздардың ішінде кейбірі отбасымен бірге жүріп, мектептің жөндеу, безендіру жұмыстарына атсалысты. Олардың ішінде Майсура Ахметова, Майра Нұрмақова, Роза Ақышева, Қабдеш Досымғали, Бәтима Қайырғалиевалар мен өзге де ұстаздар еңбегін айтпай кетуге болмас. Ал қаракөздердің бойындағы ұлттық рухты оятуда М.Нұрмақова, М.Ахметова, Б.Қайырғалиева мен өзге де есімдері аталмай қалған көптеген ұстаздардың еңбегі ұшан-теңіз. Олар уақытпен санаспай, жанын салып қызмет етті. 1999 жылдың 1-ші қыркүйегі күні мектептің ашылу салтанатына жиналған оқушылар мен мұғалімдердің жүздері қуаныштан бал-бұл жанды. Бұл аудан өмірінде есте қаларлық керемет айтулы оқиға болып, тарих қойнауына енді. Орыс және қазақ тілдерінде оқитын аралас мектептен бөлініп, өз алдына отау тікті. Әрине, оңайлықпен құрылмаған ұлттық болмысты намыс пен қайсар рухты қалыптастырған сындарлы сәт еді. Сол уақытта іскер басшының батыл қадамдары, ұйымдастырушылық, іскерлік қыры жарқырай көрінді.

тұ1

– Орыс мектебінде оқып, орысша тәрбиеленген балаларды қазақылыққа бұру біраз қиындық тудырды. Шәкірттердің 80 пайызы орыс тілінде ғана сөйлеп, орысша ойлайтын. Сабақ үстінде: «Енді бізге орысша түсіндіріп беріңізші!» дейтін. Ал ата-аналар жиналысқа қанша шақырсаң да, мектепке мүлдем бас сұқпайтын. Кейін ұдайы жүргізілген тығыз байланыстың арқасында ата-аналар жиналысында бос орын болмайтын кезге де жеттік. Мамандардың да ең жақсысын таңдадық, - деп еске алады Білім беру ісінің үздігі Б.Тасмағамбетов.

Мықты мұғалімдер таңдалды

Бақтығұл Жұмажанұлы тұңғыш ашылған білім ұясына 17 мектептің директорлары мен аралас мектептің басшылары (завуч) болған өз саласының мықтыларын таңдап алады. Жаңа ашылған білім ұясына осылай білімді де білікті ұстаздар жиналады. Алғашқы оқу ісінің меңгерушісі Райгүл Нұртазина болса, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Майра Нұрмақова болды. Бүлдіршіндерді 1-сыныпқа қабылдап алған Гүлмаржан Сепетовалардың еңбегі өлшеусіз. Қазақ мектебінің тұңғыш түлектерінің сынып жетекшісі Жібек Тастілеуова болғанын айта кеткен жөн.

Сол уақытта Бақтығұл Жұмажанұлы «Шіркін, біздің балалар қашан үзіліс кезінде тек қазақ тілінде сөйлеп тұрар екен?!» деген арманы болғанын жасырмайды. Нағыз ұстазға тән қасиет еді ол. Кейін мектеп басшысының сол ойы жемісін беріп, шәкірттері облыс деңгейінде жүлделілер сапынан көріне бастады. Алдыңғы қатарлы білім ұясына айналды. Осы сатыдан өткенше қаншама маңдай тер төгілді десеңізші?! Директор үзіліс кезінде тек сабақ жайлы әңгіме айтып тұратын оқушыларын көргенде арманының орындалғанына іштей тәубе ететін.

Мектеп академик Қ.Сәтбаев есімін иеленді

Минерология ғылымының докторы, профессор, академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ауданда ашылған тұңғыш қазақ мектебіне сол айтулы тұлғаның есімі беріледі. Бұл 1999 жыл болатын. Ұжым алдыңғы қатарлы білім ұясына айналу үшін бел шешпей еңбектенді. Ұстаздар білім деңгейін көтерумен қатар қолөнерден де өз қолтаңбаларын танытты. Гобелен тоқып, оны жарқыратып іліп қойды. Сол жылы ауданға сапарлап келген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев тұңғыш қазақ мектебіне де атбасын бұрады. Облыс басшысы көздің жауын алатын гобеленді көріп, Сырым Датов пен Жәңгірханның үлкен бейнесін тоқу жайында ұсыныс тастайды. Сол кездегі ұжым облыс басшысының тапсырмасын талай күндер көз шырымын алмастан дәл айтылған уақытында бітіреді. Жұрт шырт ұйқыда жатқан таңғы сағат бестер шамасында: «Ағай, облыс әкімінің тапсырмасын бітірдік», - деп толқып директорға қоңырау шалады. Неткен жауапкершілік! Неткен өз ісіне берілгендік десеңізші?! Осы бір жауапты сәт Бақтығұл ағайдың есінде мықтап орнығып қалды.

– Қазақ мектебі ашылғанда мен тәрбие ісі жөніндегі меңгеруші болдым. Оқушылар орыс және аралас мектептен бізге бөлініп келді. Ол кез күні кешегідей көз алдымда. Балалар бірдеңе айтқысы келсе, алдымен орыс тілінде ойлап алып, оны қазақшаға аударатын. Ана тілін бала санасына сіңіру үшін біраз тер төгуге тура келді. Шәкірттерді ұлттық рухта тәрбиелеу бағытында жұмыстандық. Өзім тіл маманы болған соң, осы тәрбие мәселесін дендеп қолға алдым. Көптеген тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Балалар сабақ үстінде қаламы жерге түсіп кетсе: «Қаламым құлап қалды, алуға бола ма?» дейтін. Сондықтан басты мақсат: патриоттық рухта тәрбиелеу болатын. Тіл жанашыры ретінде үздіксіз қызмет еттік.

Киелі Түркістан қаласының 1500 жылдығы республикалық деңгейде аталып өтіп жатқан уақыт. Соған орай мектепте үлкен шара өтті. Онда поэзия, математика, қолөнер, музыка, өзге де салалар қамтылды. Ақын Ұлықбек Есдәулеттің обсерваториясынан біраз дүниелер көрініс тапты. Талапты шәкірттер Абай, Мұқағали, Қадыр оқуларынан жүлделі орындарға ие болып, мектеп намысын қорғады. 2003 жылы Гүлжан Мұхамбетжанова есімді ауылдың жап-жас мұғалімі облыста «Үздік мұғалім» атанып, бас жүлдеге ие болды. Облыс әкімі жүлдегерге 300 мың теңге қаржылай сыйлық тарту етті. Сол уақытта ол қомақты қаржы.

Қазақ тілі пәнінің мұғалімі М.Ахметова Күлтегіннің көктасын әкеліп қойды. Әрбір ұстаз бұл мектепке үлкен үлес қосты. Роза Ақышева, Бәтима Қайырғалиева, Ғалия Қайырғалиева, Жібек Тастілеуова, Тұрағал Буентаева, Ғайнижамал Балықова, Бақыт Мұштақова, Тамара Кенжешева, Үміт Валиева, Бақытжан Валиев, Қымбат Ақжігітова сынды ұстаздар еңбек етіп, шәкірттерді білім нәрімен сусындатты. Сондай-ақ бастауыш сыныптан сабақ берген Гүлмаржан Сапенова, марқұм Жазима Сисенғалиевалардың еңбегі ұмытылмасы анық. Иә, отыз жыл аз уақыт емес. Бүгінде жоғары және І санатты ұстаздар саны 55 пайызды құрады. 7 «Алтын белгі», 7 «Үздік аттестат» иелері шықты. 16 мұғалім облыстық білім басқармасының, 10 мұғалім ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталары, алғыс хаттарымен марапатталды, - дейді ардагер-ұстаз Майра Нұрмақова.

 

Гүлнар Қадырова,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале