Тұңғыштар мекенінде Бөкей хандығының 225 жылдығы аясындағы Жәңгір хан атындағы орта мектепте "Бөкей ордасы: ағартушылықтан жасанды интеллектіге дейін" атты "өсу векторы" жобасы негізінде облыстық семинар өтті.

Шараға аудан әкімі Н. Даумов, облыстық білім басқармасының басшысы Е. Сафуллин, облыстық және аудандық білім саласы мекемелерінің басшылары мен директорлары, ардагер ұстаздар мен білім саласының қызметкерлері, оқушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Семинардың мақсаты — хан Жәңгір негізін қалаған қазақ даласындағы алғашқы мектептің 185 жыл толуына орай ағартушылық дәстүрді насихаттау, «Цифрландыру және жасанды интеллекті жылы» аясында жасанды интеллекті мүмкіндіктерін білім беру үдерісінде тиімді қолдану тәжірибесін тарату.

Алдымен аудан әкімі Нұрлыбек Даумов сөз алып, барша мейманға "қош келдіңіз" айтып, 2025-2026 оқу жылында ауданның білім беру жүйесіндегі атқарылған жұмыстар мен жетістіктерге тоқталса, облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин білім беру саласындағы оң өзгерістерді айта келе, ауданның бірқатар жетістікке жеткен білім саласының қызметкерлерін марапаттады.

Кейін аудан педагогтарының жетістіктер панорамасы негізінде спикерлер сөз сөйлеп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылармен кері байланыс негізінде сұрақ-жауап айдары ұйымдастырылып, елге келген меймандар Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығында болып, өлке тарихымен танысты.

Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы