7.12.2023, 10:14
Оқылды: 19

Түтіні түзу, тірлігі тындырымды Бөрлі ауылы

Бөрлі ауданына қарасты Ақсай қаласы және үлкен-кіші жалпы саны 14 ауылдық округ бар. Соңғы жылдары мемлекет ауылдық округтерге көп көңіл бөліп, тұрмысын жақсарту, тынысын кеңейту мақсатында бірқатар жұмыс атқарып жатыр. Соның ішінде Бөрлі ауылдық округінде атқарылған іс қатары аз емес.

WhatsApp Image 2023-11-27 at 16.37.03 (2)

Аудан орталығының солтүстік бағытында 30 шақырым қашықтықта орналасқан Бөрлі ауылы маңынан Бурла және Шыңғырлау өзендерінің сағасы ағып өтеді. Ауылдық округтің бүгінде 4088 тұрғын бар. Міне, осы тұрғындардың тұрмысына оң үлес қосу мақсатында бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, ауылдық округке қарасты Масайтөбе елді мекенін газ өткізуге аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне ұсыным жасалынып, жобалық сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Алдағы бірер жылда масайтөбеліктер табиғи газдың игілігін көріп, отын бұтап, көмір жағудан арылмақ.

WhatsApp Image 2023-11-27 at 16.37.04

Бөрлі ауылын жасыл желекке көмкеру мақсатында биыл «Түлектер» саябағында 300-ден аса тал-терек отырғызылған және оларды суғару үшін арнайы екі құдық қазылған. Ал ауылдағы тазалықты реттеу үшін әкімдік тарапынан қоқыс контейнерлерін орнату туралы ұсыныс жасалған. Арнайы өткен жиында тұрғындар қарсылық танытып, әр үй өз қоқысын өзі шығару туралы шешімге келген. Тұрғындардың тілегі тыңдалды, енді тек әр тұрғын тазалыққа тастай болса, қоқыста шашпай отырса игі.

WhatsApp Image 2023-11-27 at 16.37.06

Ауылдағы ауылшаруашылығы турасындағы түйткілді мәселелерді шешу жолдары да қарастырылуда. Соның ішінде игерілмей жатқан ауыл шаруашылығына тиесілі жерлерді мемлекетке қайтару мақсатында шаруа қожалығы басшылары мен ауыл тұрғындарына ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Ал қаңғыбас мал мәселесін шешу үшін ауылдың учаскелік полицейімен бірлесе түсіндірме жұмыстары жасалып, тұрғындарға ескертілген. Себебі бұған дейін ауылда 12 адам үй малына еге болмағаны үшін айыппұл арқалаған. Бірлігі бекем ауылда бір-біріне айыппұл арқалатып, ара-қатынасты бұзғысы келмейтін әкімдік түсіндірме жүргізуден шаршаған емес.

Ауылдағы құқық қорғау қызметкері заңсыз такси болып, теңге табушыларға да ескерту жасады. Жай ескерту жасап қойған жоқ. Әкімдіктегі жауапты мамандар жолаушылар тасымалын заң аясында қалай жасауға болатынын түсіндіріп, құжаттарды рәсімдеуге көмек қолын созатынын да жеткізді.

Бөрлі ауылдық округіндегі Достық көшесінде орналасқан мектепке қарсы автотұрақ салу – көптің тілегі. Бұл тілекті тірлікке айналдыру үшін әкімдік жоба-сметалық құжаттарын жасақтап қойған. Алдағы уақытта оң шешімін тапса тұрақ салынып, көлік иелеріне жағдай жасалмақ. Жалпы округтегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Достық, Чапаев, Садовая көшелерінде барлығы сегіз бейнебақылау камерасы орнатылған.

WhatsApp Image 2023-11-27 at 16.37.03 (1)

Сонымен қатар Садовая көшесінде жалпы аумағы 20*41 болатын шағын футбол алаңы, Спортивная көшесінде стадион салынып аяқталған. Одан бөлек балалар ойын алаңы, Street Workout пен жүгіру алаңдары тұрғындар игілігіне берілген. Айта кетерлік жайт, тұрғындардың тілегі аяқ асты қалмай, биыл ауыл ауруханасы да күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Ал ауылда 900 орындық заманауи мектеп салынатыны көптің қуантқаны анық.

Ауылдық округтегі еріген су ағатын арықтар толығымен тазарып, көктемгі тас-түйін дайындалған. Ал Масайтөбедегі өзен мен бұлақты тазартуға техника болмағандықтан қоқыстан тазарту жүргізу ғана мүмкін болған.

WhatsApp Image 2023-11-27 at 16.37.02

Бөрлі ауылдық округінде мемлекет тарапынан берілетін көмектерді жұртқа жеткізіп, тірлігін түтетуге көмектесу үшін түсіндірме үздіксіз жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде қайтарымсыз грант, жеңілдетілген несие, «Ауыл аманаты» секілді бағдарламаның игілігін көрушілер қатары көбеюде. Биылдың өзінде ауылдың бес тұрғыны қайтарымсыз грант иеленген. Соның ішінде Мөлдір Сыдықова, Тойдық Қожахметова киім-кешек тігуді қолға алған. Ал Алтын Тасболатова екі бас ірі қара мал алса, Ағила Жүсіпова 11 бас ұсақ мал алып бағуда. Сонымен қатар ауыл тұрғыны Азамат Бектасов мемлекеттен көмек алып, құс шаруашылығын дамытпақ ниетте.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауылдың алты азаматы жекелей мал шаруашылығымен айналысса, Гүлай Темешова ұлттық нақыштағы көрпе-жастық өндірісін жүзеге асырып жатыр. Сондай-ақ Светлана Гапотченко жылыжайда қияр өсіруді бастап кеткен. Ал Светлана Федорова киім-кешек дүкенін, Томирис Капанова ауылда гүл сататын дүкенді ашты. Негізінен мал шаруашылығына ден қойған ауылда Нариман Ыдырысов ветеринарлық дәріхана ашып, қызмет етіп жүр.

Аслан Нұразғалиев,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале