26.01.2023, 11:30
Оқылды: 76

Тың жоба тірек мектептерді дамытпақ

Биылғы оқу жылы қарсаңында Ақсай қаласындағы №5 мектепте «Қазақстан халқына» қоры мен Білім беруді тұрақты дамыту қорының «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» атты кезекті әлеуметтік жобасы іске қосылған еді. Жуырда аталған  білім ошағында сәтімен жүзеге асып жатқан жобаның таныстырылымы өтті. «Ашық есік күні» үлгісінде өткен іс-шараға аудан тұрғындары, жергілікті атқарушы құрылымдардың және бұқаралықақпарат құралдарының өкілдері, сонымен қатар жобаның серіктестері мен демеушілері жиналды.  

WhatsApp Image 2023-01-23 at 11.25.26 (2)

- Тірек мектеппен танысу инновациялық кітапхананың тұсаукесерінен басталды. Қазіргі кезде кітапхана оқушылар мен мұғалімдер және ата-аналар үшін ресурстық және қосымша алаң болып табылады, – деді Білім беруді тұрақты дамыту қорының жетекшісі Данияр Тоқтарбаев.

«Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін арттыру» – Білім беруді тұрақты дамыту қоры мен Назарбаев Зияткерлік мектептерінің арасындағы серіктестік бағдарлама. Жобаның демеушілері – AITAS холдингі, «Қазақстан халқына» қоры және «Beeline Қазақстан» компаниясы. Жоба Қазақстанның 17 аймағындағы қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын жоюға бағытталған. Негізгі стратегиялық мақсат – мұғалімдер мен оқушыларға арналған «жайлы мектеп» құру, ең бастысы, білім сапасын көтеру, үздік педагогикалық технологияларды енгізу, заманауи материалдық-техникалық базаны жасақтауға үлес қосу.

– Мемлекеттік бағдарлама ықпалымен біздің мекемеміз, шын мәнінде, «жайлы мектепке» айналды. Өйткені «Ауылдағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы бізге сапалы білім беруге, оқушыларды тәрбиелеуге, педагогикалық ұжымның әлеуетін арттыруға, мектептің қауіпсіз, жайлы, қолайлы орта ретінде нығая түсуіне көмектесуде. Бұл жоба мұғалімдердің кәсіби біліктілігін дамытуға және мектептің тәжірибесін жетілдіруге тамаша мүмкіндік сыйлады, – деді мектеп директоры Гүлмира Сембиева. Директордың айтуынша, білім ошағында 70 педагог қызмет атқаруда және  817  оқушы  білім  алуда.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының мәліметіне сәйкес, Ақсай мектебіндегі 27 оқу кабинетімен қатар, STEM-зертханасы, робототехника, АRТ-студия, телестудия, зияткерлік холл, оқу шеберханалары, мектеп кітапханасы заманауи деңгейде жабдықталған. Осы мақсатта «Қазақстан халқына» қорынан 249,8 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді. STEM-зертханалары математика, инженерия, сандық технология және жаратылыстану ғылымдарына оқушылардың қызығушылығының артуына сеп болады. ART-студия мен робототехника кабинеті балалардың шығармашылық қабілетін арттыруға, өзіндік идеяларын жүзеге асыруға серпіліс беретіні анық. Қазіргі кезде Ақсай мектебіндегі телестудия педагог ұжымға өздерінің және мектептің тәжірибесін басқа білім ошақтарына таратуға, цифрлық технологиялар саласы бойынша біліктіліктерін шыңдауға мүмкіндік береді.

WhatsApp Image 2023-01-23 at 11.25.27 (1)

Жобаның бас серіктесі – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ бүгінде мектептегі білім беру жайы мен оқыту сапасына талдау жүргізіп, қызмет барысында мұғалімдер тап болатын кедергілер мен қажеттіліктерді анықтады. Зияткерлік мекте-бінің алаңында Ақсай мектебінің мұғалімдері барлық пән бойынша тағылымдамадан өтті. НЗМ тірек мектеп ретінде даму, білім сапасын арттыру, оқытудың заманауи технологияларын енгізуге қатысты ұсынбалар әзірлеп, біліктілікті арттыру курстарын бірге өткізуді жоспарлады. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның басқарушы директоры Айгүл Өмірқызы аталған ұйымның жобалық тобы тірек мектеп мұғалімдерін ғылыми-әдістемелік және сараптамалық тұрғыдан қолдайтынын, бұл жоба өңірде жетекші тірек мектептерінің желісін қалыптастыруға бағытталған тың бастама  екенін  айтты.

– Жобаның міндет-миссиясы ауқымды. Ауыл мектептеріндегі оқыту технологияларын жетілдіру, тірек ауыл мектептерін материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықтау – басты назарда. Тірек мектептердің тәжірибесін дәріптеу әрі  тарату бойынша басқа білім ошақтарын, оның ішінде шағын жинақты мектептерді қамту көзделді. Мектепті ауылдың комьюнити-орталығы ретінде дамыту да жобаның өзіндік ерекшелігі болып есептелінеді. Түпкі мақсат – қоғамда жаңа мінез-құлық үлгісі мен дұрыс құндылықтар жүйесін қалыптастыратын, өзгерістерге бейжай қарамайтын қауымдастық қалыптастыру, – деп атап өтті «Қазақстан халқына» қорының өкілі Ләззат Алтынбекқызы.

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале