5.08.2026, 17:30
Оқылды: 6

Тынық су – жасырын қатер

Жаз – демалыс пен саяхаттың, балалардың шат күлкісі мен табиғат аясындағы тынығудың мезгілі. Аптап ыстық басталысымен өзен-көл жағасына барып, салқын суға шомылғысы келетіндердің қатары артады. Алайда жаздың қызығы қауіпсіздік ережелері сақталмаған жағдайда орны толмас өкінішке ұласуы мүмкін. Жыл сайын еліміздің әр өңірінде суға кету фактілері тіркеліп, талай отбасы қара жамылып жатады. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар біздің де ауданды айналып өткен жоқ. Суға кету – табиғи апат емес, көп жағдайда адамның өз қауіпсіздігіне салғырт қарауынан болатын қайғылы жағдай. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары қанша ескертіп, рейд ұйымдастырғанымен, қауіпсіздік талаптарын сақтамаудың салдары кейде адам өмірімен аяқталып жатады. Сондықтан әр азаматтың жауапкершілігі – өз өмірін ғана емес, жанындағы адамдардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

image-05-08-26-04-28-1

Бізде жағажай барма? 

Бөрлі ауданында суға түсуге ресми түрде рұқсат етілген екі ғана демалыс орны бар. Олар – Бумакөл жағажайы мен Аралтал ауылындағы жағажай. Бұл орындарда қауіпсіздік талаптары сақталып, тұрғындардың емін-еркін демалуына мүмкіндік жасалған. Құтқару құралдары қарастырылып, жағажайлардың жағдайы бақылауда ұсталады. Дегенмен кейбір азаматтар белгіленбеген жерлерде суға түсуді жөн көреді. Су түбінің жағдайы зерттелмеген, тереңдігі белгісіз, ағысы қатты немесе шұңқырлы жерлер адам өміріне үлкен қауіп төндіреді. Әсіресе балалардың ересектердің қарауынсыз суға түсуі қайғылы жағдайлардың негізгі себептерінің бірі болып отыр. Осыған байланысты аудандық төтенше жағдайлар бөлімі жазғы маусым басталғалы профилактикалық жұмыстарды күшейтті. Мамандар су айдындарын тұрақты аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

image-05-08-26-04-28

93 рейд жүргізілді

Бүгінгі күнге дейін аудан бойынша 93 рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Рейд барысында рұқсат етілмеген орындарда демалып жүрген азаматтарға ескерту жасалып, қауіпсіздік қағидалары түсіндірілді. Сонымен қатар ақпараттық жадынамалар таратылып, ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау жөнінде кеңестер берілді. Бөрлі ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің аға анықтаушысы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Рулан Өтеповтің айтуынша, судағы қауіпсіздікке қатысты түсіндіру жұмыстары күн сайын жүргізіліп келеді.

– Жаз басталғалы аудан көлемінде 93 рейд өткіздік. Тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп, рұқсат етілмеген жерлерде суға түспеу қажеттігін үнемі айтып келеміз. Айтудың да, рейд жасаудың да кемі жоқ. Бірақ ең бастысы – әр адамның өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы. Өкінішке қарай, қарапайым ережелердің сақталмауы орны толмас қайғыға әкеліп жатады, – дейді Рулан Әзірханұлы.

Бала суға кетті!

Статистика да бұл мәселенің өзектілігін айқын көрсетіп отыр. Биыл Батыс Қазақстан облысында 18 жасқа дейінгі бес баланың суға кету дерегі тіркелген. Өкінішке қарай, олардың біреуі біздің ауданның, Бөрлі ауылында болды. Ал өткен, 2025 жылы аудан бойынша жеті адам суға кетіп, көз жұмған. Оның ішінде біреуі бала. Бұл – жай ғана сандар емес. Әр санның артында қайғыға батқан отбасы, үзілген тағдыр, орындалмаған арман жатыр. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандарының айтуынша, суға кету оқиғаларының басым бөлігі қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан болады. Атап айтқанда, азаматтар белгіленбеген жерде шомылады, өз мүмкіндігін дұрыс бағаламайды, балаларды қараусыз қалдырады немесе алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін суға түседі. Мұндай әрекеттердің соңы қайғылы жағдайға ұласуы әбден мүмкін. Әсіресе ата-аналардың жауапкершілігі ерекше. Баланы жағалауда жалғыз қалдыруға болмайды. «Суға аз ғана түсіп келеді» деген оймен үлкендердің назарынан тыс қалған бала санаулы секунд ішінде қауіпке тап болуы мүмкін. Сондықтан балаларды су жағасында бір сәтке де қараусыз қалдырмаған жөн. Мамандар тұрғындарға бірнеше қарапайым, бірақ маңызды ережені ұстануға кеңес береді. Ең алдымен, тек рұқсат етілген жағажайларда ғана шомылу қажет. Су тереңдігін білмей секіруге болмайды. Алкогольдік ішімдік ішкен күйде суға түсуге қатаң тыйым салынады. Сонымен қатар жалғыз шомылмаған дұрыс және ауа райы қолайсыз кезде суға түспеген жөн. Жазғы демалыстың қызығы қайғылы оқиғамен аяқталмауы әр адамның өз қолында.

Сақ болыңыз!

Құтқарушылар күн сайын рейд жүргізіп, түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып келеді. Бірақ ең тиімді сақтық – әр азаматтың өз өміріне жауапкершілікпен қарауы. Су – тіршіліктің көзі. Алайда қауіпсіздік талаптары сақталмаған жағдайда ол тілсіз жауға айналады. Сондықтан демалысқа шыққанда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, балаларымызды бақылаудан шығармайық. Бір сәттік салғырттық бүтін бір отбасының тағдырын өзгертуі мүмкін. Адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Сондықтан жазғы демалыс әр отбасы үшін қуанышқа, жақсы естеліктерге толы кезең болып қалуы үшін қауіпсіздік талаптарын әрдайым есте сақтаған жөн. Тілсіз жаумен күресте төтенше жағдайлар қызметінің ғана емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі қажет. Сонда ғана қайғылы статистиканы азайтып, адам өмірін сақтап қала аламыз.

Өкінішке қарай, қайғылы жағдайлардың басым бөлігі балалардың үлкендердің қарауынсыз су айдындарына баруынан орын алады. Көп жағдайда бала ата-анасына «далаға ойнауға кеттім» деп айтып, достарымен өзен-көлге қарай бет алады. Ал ата-анасы оның қайда жүргенін аңғармай қалады. Балалықтың буымен қауіптің қандай екенін бағамдай бермейтін бүлдіршіндер мен жасөспірімдер бір-біріне еліктеп суға түсіп, соңы орны толмас өкінішке ұласып жатады. Баланы бір сәт бақылаусыз қалдырудың өзі ауыр салдарға әкелуі мүмкін.

Бала – отбасының ғана емес, елдің болашағы. Оның қауіпсіздігіне ең алдымен ата-ана жауапты. Сондықтан «ойнап жүр» дегенге немқұрайлы қарамай, баланың қайда екенін үнемі бақылауда ұстау – әрбір ата-ананың басты міндеті.

 

Сәнім Меңдібай

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале