Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов Жымпиты ауылдық округінің әкімі Мейрам Қайырғалиевпен бірге Өлеңті ауылының тұрғындарымен кездесті.
Жиынға дербес бөлім мен мекеме басшылары, учаскелік полиция инспекторы, ауыл тұрғындарымен мемлекеттік қызметкерлер қатысты.
Аталған отырыста тұрғындарды алаңдатқан сауалдардың басым көпшілігі су тасқынынан зардап шеккен халыққа берілген жаңа үйлердің сапасы жөнінде болды. Жаңа баспаналарына қол жеткізген халықтың қуанышында шек жоқ әрине. Десек те, есік терезелердің іргесінен жел кіру, сантехникалық құбырлардан шыққан жағымсыз иіс секілді сұрақтарымен келген ағайын көңіл жұбатарлық жауап алғандай. Биылғы жылдың бұлт тіреген жаңалығы болған жаңа үйлердің екі жылдық кепілдік мерзімі бар.
-Қыс айлары аяқталып, жер аяғы кеңіген уақытта мемлекет тарапынан салынған үйлерге комиссия мүшелері мен құрылыс саласының қызметкерлері аяқтай барып, тексеріс жүргізетін болады. - деді аудан әкімі Ж. Батырниязов.
Тұрғындар алдағы келе жатырған көктемгі табиғи су апатына дайындық жөнінде де сұрақтар қойды. Жымпиты ауылдық округінің әкімі Мейрам Қайырғалиев бұл сауалға жауап берді.
Ауыл әкімінің айтуынша, 2025 жылғы көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары бойынша округтен өтетін Өлеңті өзені жағалауын көтеру жұмыстары аяқталды. Жоба құны 453,7 млн теңге. Жалпы ұзындығы 8,2 шақырым, ені 6 метр, биіктігі су деңгейінен 7,6 метр құрайды. Қазіргі таңда 60 мың м.куб топырақ төселіп, су жүретін құбырлар салынды. Тапсырыс беруші-Батыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, мердігер “АрланСтройГрупп” ЖШС.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен бірлесе отырып, Жымпиты ауылы Майлин, Оспанов, Өребаев көшелері бойындағы қардың суы өтетін және үлкен зират маңындағы сайлардың және Жымпиты ауылы ішінен өтетін каналдар арнасын кеңейту, тереңдету жұмыстары атқарылды. Өлеңті өзені бойындағы (қапақ нүктесі) өсіп кеткен талдарды шабу, өзен және сайлардың арнасын кеңейту, тереңдету жұмыстары жүргізілді.
Қоңдыкер Елеуов,
Сырым ауданы