10.12.2019, 13:25
Оқылды: 128

Үкіметтік емес ұйымдар үмітті ақтап жүр ме?

Теректі ауданы әкімдігінде аудан әкімі Әділ Жоламановтың төрағалығымен үкіметтік емес ұйымдар және діни бірлестіктермен ынтымақтастық, өзара іс-қимыл жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

terekti

Комиссия отырысында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметов:

 –Үкіметтік емес ұйымдардың өсуі – демократияның тұрақтылығы мен дамуының бірден-бір дәлелі. Аудан бойынша бүгінде 11 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Соның ішінде белсенді жұмыс істеп жүргендері – 4. Олар: «Бірлік», «Әйел. Қоғам. Болашақ», «Іс үшін – За дело», «Сябры» қоғамдық бірлестіктері. Бұл үкіметтік емес ұйымдар этносаралық, ұлтаралық келісімді нығайтуға, әлеуметтік мәселелерді шешу, жастар мен көпбалалы аналарға көмек беру, гендерлік саясатты жүзеге асыру, мүгедектерді қолдау және деструктивті діни ағымдардан жастарды қорғау мақсатында түрлі жобаларға қатысуда. Биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа 11815,0 мың теңге бөлінді. 2020 жылға 15200,0 мың теңге жоспарланып отыр, – деп үкіметтік емес ұйымдардың жыл басынан бастап атқарған жұмыстарына шолу жасады.

 «Іс үшін – За дело» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Жасұланов Жастар жылы аясында өткізген шараларын баяндады. Нұрлан Жеңісұлының мәлімдеуінше, бірлестік ауданда мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға 3 900 000 теңге, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған шараларды өткізуге 500 000 теңге конкурс арқылы жеңіп алған. Аталған қаражаттың бүгінде 3 745 715 теңгесі игерілген. Сәуір, қараша айлары аралғында 18 шара ұйымдастырылып, 2000-ға жуық жас қамтылған.

Баяндамашыларды мұқият тыңдаған Әділ Тауфикұлы қоғамдық бірлестіктердің халық пен билік арасындағы көпір екенін, мемлекеттік саясатты тұрғындарға толық жеткізуде жұмыстың әлі де ақсап тұрғанын айтты. Жастар жылында аудан бойынша жастардың мәселелері шешілетіндей көңілге қонымды жоба болмағанын да жасырмады.

Комиссия мүшелері баяндамашыларға сұрақтарын қойып, пікірлерімен бөлісті. Ұсыныстардың ішінен туризмді дамытуды көздейтін үкіметтік емес ұйымның ашылуын барлығы бірауыздан қолдады.

Аягөз Айтқалиева

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале