15.12.2022, 12:15
Оқылды: 74

Үлкендер жолы – ұлылық, ұрпақтар жүрер ұғынып!

Өткен оқу жылында Амангелді мектеп-бөбекжай балабақша кешенінің жанынан ардагер ұстаздардың басын біріктіретін педагогикалық кеңес құрылған болатын. Оның құрамында ұзақ жылдар бойы жас ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеуде жемісті еңбек еткен С.Ахмедиярова, Т.Маширов, Р.Тілепбергенова, С.Маширова, В.Қойшығалиева, А.Уразалиева, А.Акжигитова сынды ардагер ұстаздар бар. 

Үдкендер жолы ұлылық

Жуырда кеңес төрайымы С.Ахмедиярова мен мүшесі  В.Қойшығалиеваның жетекшілігімен жас мамандар арасында «Мұғалім-мәртебелі мамандық» атты дөңгелек үстел өтті. Аталмыш шара кеңестің жұмыс жоспарына сай мектепішілік «Шабыт» жобасының аясында ұйымдастырылды. Мұндағы мақсат: жас педагогтердің кәсіби өсуіне және шығармашылық дамуына қолдау көрсету. Педагогикалық шеберлігін шыңдау, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыра отырып, ардагер ұстаздардың іс-тәжірибелерімен бөлісу, оларға бағыт-бағдар беру болатын. Шара сәлемдесу тренингімен басталды. Одан әрі кеңес төрайымы Сағира Қуанқызы сөз алып, заманауи мұғалім әрқашанда кәсіби деңгейі жоғары, жаңа технологияларды жақсы меңгерген және оларды өз сабақтарында тиімді пайдалана алатын, сондай-ақ үнемі білімін толықтырып, ізденіс үстінде жүретін, шығармашылықпен жұмыс жасайтын ұстаздардың әркезде де бәсекеге қабілетті маман болып шығатынын тілге тиек етті. Содан соң жас мамандар «қалпақтар» әдісімен екі топқа бөлініп, Венера Қайырқызы берген «оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынасты  нығайту» тақырыбындағы тапсырмаларды орындап постер қорғады. Шара барысында Венера Қойшығалиева жас мамандарға педагогикалық этика, әдеп, сөйлеу мәдениеті, өзін-өзі ұстау жөніндегі қағидаларға тоқталды. Әр маманға ситуациялық жағдаяттар беру арқылы ардагер ұстаздар тарапынан мәселелерді шешудің тиімді жолдары туралы баяндады.

Шара барысында мұғалімнің құндылықтар мәртебесі мен міндеттері айқындалды. Бір сөзбен айтқанда кері байланыс орнатылды. Жиын соңында жас мамандарға жадынамалар таратылды. Бұл жас маман тәрбиелеудегі ұстаздар қауымы үшін берері мол кездесу болды.

Ботагөз Дарменова,

Амангелді мектеп-бөбекжай-балабақша кешені директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале