10.12.2021, 20:43
Оқылды: 73

«Ұлт мүддесі үшін алаңға шықтық»

Бүкіл Кеңес Одағын «аяғынан тік тұрғызып», азаттықтың алғашқы лебін төрткүл дүниеге жеткізген Желтоқсан оқиғасы қай уақытта болсын халықтың жадынан өшпейтіндігі анық. Өйткені сол кездегі өрімдей жастарымыз батыр бабаларымызға тән қайсарлық пен өрлікті, ерлікті әлемге паш етті. Осы жолда жанын пида еткен азаматтар да бар. Жалпы, Желтоқсан оқиғасына қатысқан қазақ жастарының қай-қайсысы болсын зор құрметке лайық.

46ADC549-AC78-4490-B5F6-D78172293F97

Оқиға кезінде ер азаматтарша ерліктің, өрліктің ерен үлгісін көрсете білген қазақ қыздарының да қайсарлығын атап өткен жөн. Олардың іс-әрекеті бүгінгі жастарға үлгі болатыны анық.

Алаңға шыққан нәзік жанды, қайсар мінезді қарлығаштарымыздың пікірі құнды, әрі құрметті деп білемін. Сол Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың бірі аққозылық – Змарзат Мұхитқызы.

Змарзат апамыз 1985 жылы Аққозы орта мектебін бітіріп, сол жылы арман қуып Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік университетінің Филология факультетіне оқуға түседі. Алаңсыз оқуын оқып жүрген Змарзат Мұхитқызы Желтоқсан оқиғасына қалай қатысқанын, сол күндерді есіне алып, әңгімелеп берді.

C59344A3-B59B-4BD4-8627-B00015C8E569

Мен алаңға оқиғаның алғашқы күні жастармен бардым. Қазақ жастарын алаңға жиналуға шақырған үнпарақтарды көріп қыздар жиналып орталық алаңға беттедік. Біз таңертең барғанның өзінде жастар көп жиналған екен. Милициялардың, омондардың тұрғанына қарамастан алға ұмтылып өттік. Сол барғаннан түн болғанша жүрдік. Қазақ жастары қақаған қыста көлікпен су шашса да кетпеді. Жастарды дубинкамен ұрып таратпақ болғанда айналадағы ғимараттардың тасасына қашып тығылып, қайта жиналамыз. Ызаланған жастар милиция көлігін төңкеріп тастап, өртеп те жіберді. Ең сорақысы, алаңнан кетпеген жастарды ұрып-соғып, көлікке тиеп әкетіп жатты. Біз жатақханамызға түнде бардық. Барған соң сыртқа шығармай сыртымыздан құлыптап тастады. Бірақ, Желтоқсан оқиғасынан соң қудалау немесе оқудан шығару дегендер өз басымда болған жоқ. Жастардың жаппай бас көтеруі арайлы Тәуелсіздігіміздің бастауы боларын сол кезде білмедік. Біз тек ұлт мүддесі үшін алаңға шықтық», - деп Змарзат апамыз сонау ауыр күндерді есіне алды.

Змарзат Мұхитқызы 1989 жылы тұрмыс құрғаннан кейін, Аққозы мектеп-бөбекжай-балабақшасы кешеніне жұмысқа орналасады. Сол уақыттан бері 32 жыл бойы бастауыш сыныптың мұғалімі қызметін атқарып келеді.

Өміріне шүкіршілікпен қарайтын Змарзат апамыз жолдасы, марқұм Сағынбек екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиеледі. Қазіргі таңда немерелері мен жиендерінің ақылшы әжесі болып отыр.

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале