3.07.2023, 10:45
Оқылды: 27

Ұлттық Домбыра күні аталып өтілді

Бәйтерек ауданы орталығында Ұлттық Домбыра күні мерекесіне орай «Домбыра –ұлы даланың жаны, рухы, тарихы» атаумены салтанатты шара ұйымдастырылды. Переметный ауылындағы «Домбыра» мүсіні жанында өткен концертті тамашалауға ауыл тұрғындары көп жиналды.

IMG_20230703_095212_359

- Домбыра - адамның аузы бармайтын шындықтың жеткізушісі. Ол сонысымен де құнды. Ұлтымыздың киелі аспабына деген құрмет, насихат осы бір күндік мерекемен ғана шектеліп қалмауы керек. «Қазақ деген ұлтты екі жағдайда ешкім тоқтата алмайды. Бірі рухты күй ойнағанда, екіншісі дүбірлі додада ат шапқанда» деген сөз бар. Ұлы аспабымыздың сыңғырлы сұлу ән-әуені құлағымыздан кетпесін, халқымыздың қасиетті ұлттық аспабы – домбыра төрімізден түспесін, - деді шараны ашып, мерекемен құттықтаған аудандық мәдениет, тілдер және дене шынықтыру мен спорт бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр.

IMG_20230703_095205_334

Ашық аспан астында ұйымдастырылған концертте белгілі домбырашы, мәдениет майталманы Аслан Ғизатов жетекшілік ететін халықтық «Шежіре» ұлттық аспаптар ансамблі мен аудан өнерпаздары өнер көрсетіп, көпшілікке тамаша көңіл күй сыйлады. Әсіресе, ансамбль мүшелері Айнұр Өтеулиева, Тоғжан Әсетова орындаған Динаның «Науай» күйі, Кенесары Болғамбаев, Әлфия Исламова, Жеңіс Қасымов пен Артур Сисенов, Мирас Мелс, Полина Ищенко, балалар саз мектебінің оқушылары Құрманғазының күйін шертіп, патриоттық әндер шырқап, жиналған жұрттың қошеметіне ие болды.

 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале